дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 16:26

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ақынның әруағы мені соттан құтқарып қалды

Ақынның әруағы мені соттан құтқарып қалды
ашық дереккөзі
Ақынның әруағы мені соттан құтқарып қалды
Жастықтың желігі болар, оқуды тастап, 1974 жылы Алматы қаласынан азаматтық борышымды өтеуге кеттім. Алғаш Мәскеу қаласына түсіп, бес ай әскери әуе механиктері мектебінде оқып, бір ай Горький, Правдинск, Балахна қалаларында іс-тәжірибеден өттім. Мәскеуге қайта келіп, «жақсы» аяқтады деген бір жапырақ қағаз алдым. Артынша, жан-жаққа, яғни полк-полкке бөліп жіберді. Мен Калуга облысының орман ішіндегі Шайковск деген бекетке жақын эскадрильяға түстім. 82 солдаттың ішінде екі қазақ жігіт бар екен. Адасқан бауырымызды тапқандай құшақтасып, қуанып қалдық. Бірі –  Жаңатас қаласынан Нағашыбек Орынбаев, екіншісі – Шымкент қаласынан Алпыс Андақұлов екен. Алты айдан кейін Луговой ауданының (қазіргі Т.Рысқұлов) Қызыл шаруа ауылынан Әлнұр Шіркебаев командирге жүргізуші болып келді. Ол кезде орыс тілінің үстемдігі жүріп тұрған кез. Орыс жігіттер өздерін жоғары ұстап, азиялық жігіттерді небір сөздермен мұқатып, намысына тиеді. Әсіресе жанға бататыны, олардың екі сөздің бірінде орысшалап шешеден қайыра салатыны. Жасымнан жалғызілікті анамның қамқорлығында өскен мен үшін өмірдегі ең қорлық сөз – анаға айтылған анайы сөз. Мектептің соңғы сыныптарында, кейін біраз бокс қолғабын кигенім бар. Спорттың бұл түрі намысымды қорғауға көп септігін тигізді. Есесіне бірнеше рет гауптвахтаға жатуға тура келді. Әуелі Құдай, сонан соң елде тілеуімді тілеп қалған анамның сағыныш көз жасы болар, талай «бәледен» аман қалдым. 1976 жылы көктемнің алғашқы айының басында КОКП-ның  кезекті съезі болып, оның құрметіне «Мәскеу» арнасынан әр республиканың танымал өнер жұлдыздары концерт беріп жатты. Кезек Қазақстан өнерпаздарына келгенде теледидарға аз ғана қазақтар телміре түстік. Сахнаға Бибігүл Төлегенова шығып, әнін орындап жатқанда, желке тұсымнан орысшалап: «Жабайы халықта да сұлу әйел болады екен ғой» деп қарқылдап тұрып күлді бір «ұлы» халықтың өкілі. Сөз соңын тыңдауға шыдамым жетпеді. Орнымнан атып тұрып, әлгі орыстың сол аузының айналасынан қасқайтып тұрып бір-ақ пердім. Соққым қата тиді ме, анау жалп етіп құлады. Қарасам, солдат емес кезекші офицер екен. Болар іс болды. Казарма біраз дүрлігіп, мені апарып гауптвахтаға қамады. Ертесіне айдауылмен айдап, командирге алып барды. Командиріміз Вадим Алексеевич Попов деген ұзын бойлы, бойында артық еті жоқ, сұсты адам еді. Старшинадан мән-жайды білген соң, ашуға булығып, айқайға басты. «Солдат, немене сержантты ұрсаң бір сәрі. Кеңес әскерінің капитанына жұдырық жұмсаған саған тек ғана сот» деді. Мен үнсіз тұрмын. Кенет Попов «Қай жерліксің?»   деп сұрады. –  Жамбыл облысынанмын, –  дедім мен. –  Не дейсің, ақын Жамбыл Жабаевтың кім екенін сен білесің бе? «Ленинградтық өрендерім» өлеңін оқып, я естіп пе едің? – дегені. –  Оқығанмын. Жамбылды жатқа білемін, –  дедім. –  Ақымақсың, сен қазақ. – ??? –  Білсең, мен ленинградтықпын. Соғыс кезінде 15-16 жастағы бала едім. Сол өлең қарапайым халыққа, кеңес жауынгерлеріне қандай күш-қуат беріп, ынта-жігерін жанып, Отанға деген сүйіспеншілігі мен өмірге деген құштарлығын оятты. Жеңіске жетуімізге демеу болған сол өлең, сен соны білемісің? –  деп үстелді қойып-қойып жіберіп, үнсіз қалды. Сөйтті де: – Жамбылдың жерлесімін де? Сол ардақты Жамбыл ақынның жерлесі болғаның үшін ғана жазаңды едәуір жеңілдетіп, 15 күн абақтыға жіберемін. Енді тыныш жүр! – деп еді Попов. Қазір ойлап тұрсам, Жамбыл атамның сол өлеңі себеп болмаса, қалай болар еді? Кім біледі, мүмкін, сол күйі сотталып кетсем, кәдімгі бұзақы болып кетер ме едім?... Әйтеуір бір білерім, әруағыңнан айналайын, жыр алыбы Жамбыл Жабаев атындағы облыстың тумасы болғанымның бір пайдасы тиіп, сөйтіп әскерден еліме аман-есен келгенмін. Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толып отырғаны белгілі. Ақын 1846 жылы 28 ақпанда Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келгені белгілі. Халықтың арасынан шығып, сол қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жырлап, халықты қанаған небір бай-манаптарды, би-бағландарды аяусыз сынауымен Жамбыл ақын өлең-жырдың тарихында, халқымыздың жадында мәңгілікке қалды. Ақынның отты жырларын әлі де ұрпақтардың талай буыны оқып, жаттайтынына, оның мұрасы халық мұрасына айналарына күмән жоқ. Солай болды да. Ақынның соғыс жылдары Отан қорғау тақырыбына арнап жазған өлеңдері үш мың жолды құрайды делінеді. Әсіресе, «Ленинградтық өренім», «Москваға», «Майданға хат» сынды өлеңдері арқылы Жамбыл ақын өмір мен өлім арпалысына түскен Кеңес жауынгерлеріне отты жырлары арқылы жігер беруге тырысты. Жамбылдың жалынды жырлары бейбіт өмірде де жанымызды жылытып, жүрегімізге жігер құятыны анық. «Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сыйынбай» деп ақынның өзі жырлағандай, Жамбыл Жабаевтың есімін әрбіріміз қастерлеп, ақынның жерлестері екенін әрбір жамбылдық азамат мақтанышпен айтуға тиіс. Жамбыл – біздің піріміз. Дана Абайдан кейінгі рухани құбыламыз.
 
Рәтбек ҚАСЫМБЕКТЕГІ, зейнеткер ұстаз.
Жуалы ауданы
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар