Жамбыл жаңалықтар
2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту керек- Тоқаев
- авторjambylinfo.kz
- 2 қараша, 2023
- 179
2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту керек- Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында автомобиль жолдарының құрылысына, оның ішінде жергілікті жерлердің сапасына айрықша мән берілді. Президент Жолдауында: «Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім» деп атап көрсеткен. Мемлекет басшысы айрықша мән беріп отырған жол жайы күрделі тақырыпқа айналғалы қашан. Жұртшылық тарапынан жиі айтылатын шағымдар да осы жолға байланысты туындап жатады. Бұған мемлекет тарапынан да қыруар қаржы бөлінуде.
Тараз қаласын дамытудың үш жылдық жоспарында да жол мәселесіне ерекше екпін түсірілген. Бүгінде шаһарда жол құрылысы қарқын алуда. Оның сапасы қала әкімі Бақытжан Орынбековтің жіті бақылауында.
Осыған орай шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков қаладағы бірқатар нысандарды аралады. Қала әкімі әуелі Жібек жолы көшесіне ат басын бұрып, жол жөндеу жұмыстарымен танысты.
Биыл мұнда Жібек жолы көшесінен Аққозиев көшесіне дейін және Балуан Шолақ көшесінің бөліктерінде жол жөндеу жұмыстары жүруі керек еді. Алайда мердігер тиісті талаптарды орындамауына байланысты келісімшарт бұзылған. Қазіргі таңда екінші жеңімпаз «B grass» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, жұмыстар жүруде. Ұзындығы 1 шақырым 49 метрді құрайтын жол құрылысымен жіті танысқан қала әкімі ең әуелі сапаға көңіл бөлу керектігін қадап айтты.
Келесі кезекте шаһар басшысы «Солнечный» алқабындағы жол құрылысы жұмыстарының барысын көрді. Қазіргі таңда алқапта құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бұдан кейін қала әкімі «Тектұрмас» этнотарихи кешеніне аялдап, ондағы абаттандыру жұмыстарымен танысты. Бүгінде аталған кешеннің аумағына 3 554 ағаш көшеті отырғызылуда.
– «Тектұрмас» кешені қаланың сан жылдық тарихынан сыр шертетін шаһардың символына айналды. Мұнда қала тұрғындарынан бөлек, өзге өңірлерден де келетін қонақтың қарасы мол. Сол себепті кешенді жасыл желекке бөлеу – өте құптарлық шешім. Алайда оны уақытылы күтіп-баптауды да ұмытпауымыз керек. Әсіресе тал көшеттерін дер кезінде суарып тұруға баса мән берген жөн. Оның үстіне кешен биікте орналасқандықтан, жел жиі соғады әрі екпіні қатты. Сондықтан көшеттердің желге шыдас бермей сынып кетуі қаупі де жоқ емес. Осы жағын да мұқият ескеру керек, – деген қала әкімі тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
«Кирпичный» алқабының Байқоразов көшесіндегі жол құрылысы да қала әкімінің назарынан тыс қалмады. Аталған көшеде жол жөндеу жұмыстары таяуда ғана аяқталған. Алайда сапасы мүлде сын көтермейді. Осыған баса мән берген шаһар басшысы құрылыс мердігерін заң аясында жауапқа тарту керектігін қатаң ескертті.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз