Жамбыл облысына 85 жыл: Жамбыл ауданының мәдениет күндері өтті
- авторjambylinfo.kz
- 1 қазан, 2024
- 669
Жамбыл ауданында облыстың 85 жылдық мерейлі тойына орай «Мәдениет – асыл қазынам!» атты ауқымды шара ұйымдастырылды, деп жазады Jambylinfo.kz
Мәдениет – халықтың ең үлкен рухани азығы. Мәдениеттің өзі қоғамның рухани деңгейі арқылы дамиды. Ұлттың болмысы негізінде жалғасып, атадан қалған асыл мұра ретінде бағаланады. Халқымыздың ежелден келе жатқан мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі бүгінгі күнмен астасып, қазақ халқының күнделікті өмірінде өткен күннің белгісі ретінде сақталады.
Ғасырлар бойы қалыптасып, бүгінгі күнге мирас болып жеткен, көзіміздің қарашығындай сақталған төл мәдениетімізді ұлықтау және өскелең ұрпаққа аманаттау – бүгінгінің міндеті. Төл мәдениет, салт-дәстүр, қазақтың ұлттық құндылықтары ауданымызда өткізілетін әрбір шарада көрініс табады. Жыр алыбы Жамбыл атамыздың есімімен аталған ауданда мәдени құндылықтарға зер салынып, ата дәстүрін жалғауға ерекше мән беріледі.
Жуырда өркені өскен өлке – Жамбыл ауданында облыстың 85 жылдық мерейлі тойына орай «Мәдениет – асыл қазынам!» атты ауқымды шара ұйымдастырылды. Ауданның мәдениет күндерін Жамбыл жұртшылығы бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай атсалысып, жоғары деңгейде өткізді. Облыстың думанды тойын барлық округтің тұрғындары, әр сала қызметкерлері жұмыла мерекелеп, аудан халқының ауызбіршілігін көрсетті.
Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында ұйымдастырылған дәстүрді дәріптеп, өркендеген өңіріміздің мәдениеті мен өнерін асқақтатуға арналған «Мәдениет – асыл қазынам!» атты Жамбыл ауданының мәдениет күндері мерекесінде көне базар композициясы ұйымдастырылып, саудагерлер ежелгі заманнан келген кейіпкерлердей кейіпке енген. Көне базардағылардың бірі жүн түтсе, бірі алаша құрап, ұршық иіріп отырды. Бірі темірден қылыш соқса, енді бірі диірмен тартуда. Бұл көріністің барлығы – көрген көзге қуаныш сыйлап, бұрынғы заманға саяхат жасатады. Ежелгі базар композициясы, қолөнер шеберлері мен кәсіпорын көрмелері, этноауыл көпшіліктің көңілінен шықты. Қолөнер шеберлерінің көрмесі көздің жауын алса, ауыл шаруашылық жәрмеңкесінде тұрғындар ет, сүт, бақша өнімдерін арзан бағада сатып алып жатты.
Орталық алаңда ұйымдастырылған спорттық және ұлттық ойындар – асық ату, кір тасын көтеру, қол күрес, дойбы, қазақша күрес, арқан тарту, тоғызқұмалақ, футболдан жарыс ұйымдастырылып, жастардың басым бөлігі осында білек күштері мен ептіліктерін өзара сынасты. М.Төлебаев атындағы өнер мектебінің ұжымы күмбірлеген күймен шара шырайын ашып, қылқалам мен саз балшықтан жасалған әсем дүниелердің көрмесін көпшілік назарына ұсынды. Домбырашылардан құралған ансамбль әуені Асаның аспанын әсем әнге бөледі. Аудандық білім бөлімі мен техникалық шығармашылық орталығынцың түрлі технологияны пайдаланып құрастырған макет, ұшақтары мен роботтары көпті таңырқатпай қоймады. Ал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің тапқырлығына халық сүйсінді. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өнерлерін ортаға салып, ән мен жырдан шашу шашты. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақанда жастар жағы тербелген, салт пен дәстүрден көрініс көрсеткен жамбылдықтар ауданда мәдениет пен өнердің жоғары бағаланатынын және бір қолдан жең, бір жағадан бас шығаратын татулықтарын паш етті. Өркені өскен өлкенің өнерлі де өрелі тұрғындары екендіктерін әдемі көрініс пен думанды шара арқылы тағы да бір дәлелдеді деуге болады.
Қазақтың байтақ даласында ел, халық болып мақтан етер дүниенің бәрі ұлттық мәдениеттің құндылықтарынан бастау алады. Өйткені мәдениет – тіршіліктің тірегі, ортақ игіліктерді ұлықтап, ұлтты ұлы істерге ұйыстырудың бірегей тетігі. Сондықтан, төл тарихымызды таразылап, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу үшін бұл шараның орны ерекше екендігі баршамызға белгілі.
Шараны өткізудегі мақсат – ел тәуелсіздігі мен болашағын нығайтудағы халқымыздың береке-бірлігін, ауыл мәдениетінің дамуы мен жетістіктерін таныстыру. Жаңа есімдерді анықтап, оларды таныту, мәдени мұраларымызды қастерлей отырып, жастарды өңірдегі қоғамдық-мәдени шараларға белсене қатысу.
Аса жері – Айша бибідей арудың ізі қалған қасиетті өлке. Қарахан мен Айшаның махаббатына мәңгілік куә кейпінде тарихта қалған қастерлі өңірді бүгінде білмейтін жан жоқ. Табиғатының өзі иіп берген демі жұмсақ, сулы да нулы Жамбыл жерінің топырағы киелі. Халқы Талас және Аса өзендерін жағалай қонған құт мекеннің сол киелі топырағы ұлылық тудырмай қоймайды. Бұл Аса өзені – өткен тарихымыздың данышпан хабаршысы. Құт дарып, қасиет қонған, талай-талай тау тұлғалар мен мүйізі қарағайдай марғасқалардың алтын бесігіне айналған құтты мекен екені анық. Осындай құтты мекеннің мәдениет күніне орай халықты қуанышқа бөленген ерекше көріністің бірі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ашылуы және аудандық мәдениет үйінің күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілуі болды. Екі бірдей ауқымды істің тиянақталуы мереке көрігін қыздырып, аудан халқына қуанышын еселей түсті.
Жамбыл жері – талай ақын-жазушы, елі үшін туған қайраткер мен батырлар дүниеге келген қасиетті мекен. Бүгінде өңір дамудың даңғыл жолында. Қазіргі таңда Жамбыл ауданындағы 50 мәдениет мекемесінің 27-сі жеке ғимаратта орналасқан. Ауданда 7 мәдениет үйі, 13 ауылдық клуб, 29 ауылдық кітапхана, аудандық тарихи-өлкетану музейі халыққа қызмет көрсетуде. Мәдениет мекемелеріндегі 95 үйірмеге 991 адам тартылған. Бүгінде аудандағы кітап қоры 231500 дананы құрап отыр. Кітапханалар жанынан ашылған 21 цифрландырылған ақпараттық орталықтар тұрғындарға қызмет көрсетеді. Ақпараттық орталықтарда ауыл тұрғындарына «egov.kz» порталы арқылы 20-дан астам қызмет түрі қолжетімді. Барлық кітапхана толығымен интернетке қосылған.
Кейінгі жылдары өңіріміздің мәдени-рухани өмірінде маңызы зор нысандар пайдалануға берілуде. Қызылқайнар ауылдық мәдениет үйі, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, аудандық мемлекеттік архив, балалар мен жасөспірімдер сарайы ғимараттарының құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса, Ерназар және Өрнек ауылдық кітапханалары ағымды жөндеуден өтті. Тастөбе ауылдық клубына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген.
Ащыбұлақ, Шайдана, Өрнек, Ерназар ауылдық кітапханалары, Ерназар және Шайдана ауылдық клубтары газдандырылды.
Аудан аумағында 223 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Соның ішінде Ақыртас сарай кешені ЮНЕСКО-ның тізіміне енген. Республикалық дәрежедегі мемлекеттік тізімде Айша бибі, Бабаджа Хатун кесенелері, Жікіл қалашығы бар. Қалған ескерткіштер жергілікті дәрежедегі мемлекеттік тізімге енгізілген.
2023-2024 жылдары Қаракемер ауылы маңындағы ортағасырлық Қаракемер-1, Қаракемер-2 қалажұрттарына жататын қалашықтарда Марғұлан атындағы археология институты ғылыми қазба жұмыстарын жүргізді. Археологиялық артефактілер аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы.
Сонымен қатар Қарасай шатқалындағы жақпар тастарға салынған суреттер, Қамыстыбұлақ шатқалындағы және Ботамойнақ үңгіріндегі тасқа қашап түсірілген таңбалы жазулар – көне тарихымыз. Ежелгі Жікіл, Барысхан, Атлах, Бектөбе, Тастөбе, Живукат, Адахкент, Нуджикес қалалары, құрылысы аяқталмай қалған Ақыртас қалашығының орны – көнеден қалған ескерткіштер.
Мәдениет – ұлттың қуаты, асыл қазынасы. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Өңіріміз тарихымен де, табиғатымен де, танымал адамдарымен де мақтана алады.
Осы өңірде ел қорғаған, ел басқарған ер тұлғалар өмірге келген. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қол бастаған Қойгелді батыр, Ақша батыр, Қоқан хандығымен аянбай соғысқан Шымырбай батыр, ел басқарған Қалабайұлы Дербісәлі, Бұралқыұлы Керімбай болыстар, Шымырбай датқа тарих деректерінде, ел аузында қалған.
Көпшілік шараның негізгі бөлігі «Мәдениет – асыл қазынам!» атты мерекелік кешке жиналды. Меркенің шымылдығын аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы ашып, құттықтау сөз сөйледі.
– 1928 жылы құрылып, 1938 жылы жыр алыбы Жамбылдың атын алған ауданымызды әр жылдары Баймұхамбетов, Ақбозов, Қалдыбеков, Күләш Әскеева, Нұртаза Ыбыраев, Әнуарбек Сандыбаев, Сейфулла Қожаханов, Тұрсынхан Мүсірәлиев есімді атпал азаматтар басқарып, өңіріміздің өркендеп-өсуіне үлес қосты.
Еліміздің өркендеуіне үлес қосқан азаматтар қатарында ауданымыздан Өмірбек Байгелді, Қаратай Тұрысов, Көпжасар Нәрібаев, Шәкен Ниязбеков, Бекжасар Нәрібаев, Рақыш Әміров, Қалқабай Сартбаев, Қапаш Тасболатов, Лесхан Байсерке, Серікхан Байтілен, Рашид Бакиров және басқа қайраткерлер шыққан.
Ақын-жазушылар мен өнер майталмандары арасынан Әкім Тарази, Тұңғышбай Жаманқұлов, Кәрім Баялиев, Бақытяр Әбілдаев, Мейірхан Қуанышбаев, Сұлтан Қалиев, Мұса Рахманбердиев, Совет Әлімқұлов, Базар Қилыбаев, Әшір Молдағайынов, Құрмаш Маханов, Мөлдір Әуелбекова, Маралбек Бабақұлов, Ғани Мәтебаев, Серік Қалиев, Айтмұханбет Исақов, Ахметжан Өзбеков және басқаларының есімдері құрметпен аталады.
Бүгінгідей рухани-мәдени байлығымыз ұлықталған жиынға ауданымыздың ақылман ақсақалдары, Құрметті азаматтары, қадірменді қонақтары келіп қатысты. Тілекке тілек қосылды дегеніміз осы болар.
Қадірлі қауым! Бүгінгідей мерейлі сәтте баршаңызға амандық пен саулық, бақыт пен береке тілеймін. Ұлтымыздың мәдениет мәйегі үзілмесін. Азаттықтың алтын діңгегі, ұлттық өрлеудің ұлы күні – тәуелсіздігіміз тұғырынан таймасын! Ауданның мәдениет күндері құтты болсын! – деген өңір басшысы ауданның даму көрсеткіштеріне де тоқталды.
Одан соң аудан тұрғындарының назарына концерттік бағдарлама ұсынылды. Көңілді кеште «Аса сазы» ансамблі, «NOMAD», «Салбұрын», «Жігер» топтары, Мөлдір Әуелбекова, Ғани Мәтебаев пен Маралбек Бабақұлов және мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты. Кеш соңы «Жайна, Жамбылым!» әнімен қорытындыланды.
Бұл күні барлық ұйымдастырушы мен қатысушылар ауданымыздың асыл көмбесін аршып, жиналған қауымға жарқыратып ашып көрсетуге бейіл берді. Жұртшылықтың барлық саладағы жетістіктерді, оның ішінде киелі сахнадан тамашаланған мәдениет мәйегін ыстық ықыласпен қабылдауларына зор күш салынды. Мәдениет пен өнерге деген көңіл адалдығын танытқан барша қауым шарадан шаттана тарасты.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Таразда «Өрелі сөзді өрнектеген» атты дөңгелек үстел өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 19 желтоқсан, 2024