Ақтоғайда ауыл әлеуетін арттыратын жаңа демалыс орны ашылды
- авторБақытжан Бекболат
- 24 шілде, 2025
- 497
Ақтоғай ауылында ел еңсесін көтерер жағымды жаңалық — «Қонақ үйі» атты заманауи демалыс орны пайдалануға берілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл — туған ауылына деген перзенттік борышын терең сезінген Жүзбосын Жұмабековтің жеке бастамасымен жүзеге асқан жоба. Ел ішіндегі «Туған жерге туыңды тік» деген тағылымды сөздің жарқын үлгісін көрсеткен кәсіпкер туған топырағына тағзым ретінде ауылдастарына игілік сыйлады.
2025 жылдың наурыз айында құрылысы басталған демалыс орны шілде айында толық аяқталып, 30 миллион теңге көлеміндегі жеке инвестиция есебінен салынды. Аумағы 50 сотық жерді алып жатқан бұл демалыс нысаны — ауылдың тыныс-тіршілігіне серпін беретін жаңа мекен.
Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек арнайы келіп, шараға қатысып, жылы лебізін білдірді. Аудан әкімі Сәкен Мамытов жаңа нысанның ауыл экономикасы мен туризмін дамытудағы рөліне тоқталып, кәсіпкерге сәттілік тіледі.
Шарада аудан ақсақалы Тоқтасын қария, қалалық алқабилер кеңесінің төрағасы Сағынбек Бегеев және ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орымбаев сөз алып, ауыл игілігі жолындағы осындай жобалардың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара барысында кәсіпкер Жүзбосын Жұмабеков ауылдың қадірлі қарияларына шапан жауып, ерекше құрмет көрсетті. Демалыс орнының лентасын қиып, Құран бағыштау рәсімін Қалмырза Жандарбек, Жұмәлі Орымбаев және Нұржан Қойшыбаев жүзеге асырды.
Мерекелік көңіл-күйді аудандық мәдениет үйінің әншілері жандандырып, әсем әндермен шара шырайын кіргізді.
Жаңа демалыс орны — ауыл тұрғындары мен қонақтары үшін демалуға, тынығуға және түрлі мәдени шаралар өткізуге арналған тамаша орын. Бұл жоба — елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершіліктің нақты іс жүзіндегі көрінісі.
Ұқсас жаңалықтар
Президент Жолдауы: Облыс әкімдігінде жиын өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 4 желтоқсан, 2025






