жұма, 5 желтоқсан, 2025 13:51

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Абай Құнанбайұлының мерейтойына арналған ауқымды конференция өтті

Абай Құнанбайұлының мерейтойына арналған ауқымды конференция өтті
Фото - Jambylinfo.kz
Жиынға түрлі ЖОО өкілдері қатысты

Бүгін Тараз Мемлекеттік университетінде қазақтың ұлы ақыны, ағартушы философ Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл мерейтойы  аясында «салауатты сана мен мәдениет: «ұлттық дәстүрлер мен психологияның ұрпақ тәрбиесіне ықпалы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 
Аталған ауқымды жиынға шетелдік және республикадағы бірнеше жоғары оқу орнының ғалымдары, түрлі ұйым өкілдері, құқық қорғау саласының мамандары да қатысты. 
Конференция басталмас бұрын “Дулати жастары” студенттік театры ақынның қара сөздерін оқып, шығармашылығын насихаттады. 

Пленарлық отырыстың кіріспе сөзінде «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, ҚР мәдениет қайраткері, профессор Айгүл Қабиева Абайдың феномендік тұлғасына тоқталып, Абайдың қазақ жұртына ғана емес, әлемдік рухани өркениеттік тұлғаға айналғанын атап өтті. 

- Біз биылғы оқу жылын Ұлы Абайдың мерейтойына арналған тағылымды шарадан бастап отырмыз. Мұның өзінде үлкен мән бар. Біз оқу орнында студенттерді мамандыққа дайындау, кәсіптік бағдар берумен қатар, тәрбие жағын да қолға алуымыз керек. Ойшыл Әл Фараби айтқандай: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сол үшін бүгін ақынның қара сөздерін негізге ала отырып, жастарға өнеге болатындай осындай шара өткізіп отырмыз. Еске салсақ, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ХІХ ғасырда өмір сүрген данышпанның құнды ойлары ХХІ ғасырда да өзектілігін жоғалтпағанын, ол ой-тұжырымдар мен ақыл-кеңес бүгінгі қоғамға да рухани азық болып қалатынын айтты. Ақын сөзінің қай-қайсысы да мәнді де мағыналы өсиет. Абай сол заманның өзінде білім мен ғылым ілгерілемей, елдің дамуы болмайтынын анық айтқан. Білім мен ғылымды дамыту арқылы ғана өркениетті дамыған елдердің көшіне ілесетініміз анық. Біз ұлы Абайдың шығармаларындағы адамзаттық құндылық пен ізгілікті сіңіріп, «толық адам» тұжырымын кейінгі ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек, - деді профессор. 

Жиында бірқатар тұлға баяндама жасап, мәңгілік адамзаттық мәселелердің өзегін қозғаған ұлы ақынның шығармашылығы түркі халықтары үшін де маңызды мұра екенін айтты.
Сонымен қатар ақынның шығармашылығының шетел тілдеріне аударылуы, оның ішінде түркі тіліне аударылудың маңыздылығына тоқталды.
Халықаралық конференцияда Абай шығармаларын білім беру жүйесінде енгізудің жаңа әдістері де ортаға салынды.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар