жексенбі, 8 маусым, 2025 10:36

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Агросалада өсім бар: Жамбылда өнім көлемі 53 млрд теңгеге жақындады

Агросалада өсім бар: Жамбылда өнім көлемі 53 млрд теңгеге жақындады
Pixabay.com
Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы төрт айында өңірдің ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму көрсеткішін көрсетті. Аталған кезеңде ауыл шаруашылығы саласын қолдауға жалпы 48,2 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде 32,2 миллиард теңге субсидияларға, 11 миллиард теңге Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін таратуға, сондай-ақ 5 миллиард теңге «Ауыл аманаты» бағдарламасына бағытталған.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде облыста 52,9 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі (НКИ) 100,7 пайызды құрады. Атап айтқанда, егін шаруашылығында 145,1 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100 пайыз деңгейінде сақталды. Ал мал шаруашылығында 52,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,7 пайызды көрсетті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Салаға инвестиция тарту көрсеткіштері де өсім көрсетті. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 3,9 миллиард теңге инвестиция тартылса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 1,1 миллиард теңге инвестиция тартылды.

Мал шаруашылығы саласында 33,0 мың тонна ет өндіріліп, 2,8 пайызға, ал сүт өндірісі 56,9 мың тоннаға жетіп, 1,5 пайызға артқан. Облыстағы жалпы мал басы 4,1 миллион басты құрап, 7,8 пайызға өсті. Оның ішінде мүйізді ірі қара саны 474,3 мың бас болып, 5,5 пайызға, қой саны 3,4 миллион басқа жетіп, 6,4 пайызға, жылқы саны 186,7 мың басты құрап, 7,9 пайызға, ал құс саны 2,1 миллион бас болып, 6,7 пайызға артты.

2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 659,9 мың гектар жерге орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 33,2 мың гектарға артты. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 372 мың гектарды, майлы дақылдар 40,2 мың гектарды, қант қызылшасы 6,0 мың гектарды, картоп 9,0 мың гектарды, көкөніс дақылдары 34,9 мың гектарды, бақша дақылдары 14,1 мың гектарды, ал мал азығы дақылдары 183,8 мың гектарды құрайды.

Егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында майлы дақылдар 7,3 мың гектарға, көкөніс дақылдары 8,6 мың гектарға, бақша дақылдары 8,7 мың гектарға, мал азығы дақылдары 6,1 мың гектарға ұлғайтылды. Қазіргі таңда көктемгі дала жұмыстары аяқталуға жақын. Жаздық дақылдар себуге 352,1 мың гектар жер дайындалса, ауыл шаруашылығы дақылдары 351,0 мың гектарға, яғни 96,4 пайызға себілді.

Инвестициялық жобалар

Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сәйкес, «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» жөніндегі жол картасы аясында 2025–2027 жылдары жалпы құны 67,4 миллиард теңгені құрайтын 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішінде 2025 жылы құны 37,3 миллиард теңгені құрайтын 18 жобаны іске асыру жоспарланған.

Атап айтқанда:

  • 7 сүт тауарлы фермасы – 15,2 млрд теңге,
  • 2 құс фабрикасы – 16,4 млрд теңге,
  • 3 көкөніс сақтау қоймасы – 2,6 млрд теңге,
  • 6 қайта өңдеу жобасы – 27,7 млрд теңге,
  • 2 су үнемдеу қондырғысы – 2,96 млрд теңге,
  • 1 бордақылау алаңы – 2,3 млрд теңге,
  • 1 балық шаруашылығы жобасы – 240 млн теңге.

2024 жылы «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 13 жоба, жергілікті бюджеттен 2 жоба, барлығы 15 жоба қаржыландырылып, 8,5 миллиард теңге бөлінді.

Мысалы, 2025 жылы іске асырылатын сүт тауарлы фермалар қатарында:

  • «Момбек» ШҚ – 612 басқа арналған ферма (2,0 млрд тг),
  • «Азнур Агро» ШҚ – 400 басқа арналған ферма (1,3 млрд тг),
  • «Нұрлыжай» ШҚ – 400 басқа арналған ферма (700 млн тг),
  • «Қайсар» ШҚ – 450 басқа арналған ферма (339 млн тг) бар.

Сондай-ақ көкөніс сақтау қоймалары бойынша 6 жоба жүзеге асады:

  • «Кәусар» ШҚ (100 млн тг, 2024),
  • «TRZ Agro» ЖШС (995,2 млн тг, 2025),
  • «ALIZA» ЖШС (500 млн тг, 2025),
  • «Тараз-ЦементСтрой» ЖШС (500 млн тг, 2025),
  • «Аймкуль» ЖК (250 млн тг, 2024),
  • «Даму Сұрат» ЖШС (100 млн тг, 2025).

Қайта өңдеу саласы бойынша:

  • «Rich Gold» ЖШС – алма шырынын өндіру (222 млн тг),
  • «Кемер Агро» ЖШС – тыңайтқыш өндірісі (193 млн тг),
  • «Нұрлы жай» ЖШС – сүт өңдеу (400 млн тг) жобалары бар.

Сонымен бірге, балыққа арналған жем өндірісін ұйымдастыру мақсатында «NOMAD AQUA INVEST» ЖШС 150 миллион теңгелік жобаны іске асыруда. Су үнемдеу технологиясы бойынша «Жетібай» ШҚ 700 миллион теңгеге қондырғы орнатуда.

2025 жылға арналған 11 миллиард теңге қаражат аясында 21 инвестициялық жобаны несиелендіру жоспарланған. Атап айтқанда:

  • Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу – 9 жоба / 4,3 млрд теңге,
  • Көкөніс сақтау қоймалары – 6 жоба / 2,8 млрд теңге,
  • Сүт тауарлы фермалар – 2 жоба / 2,4 млрд теңге,
  • Қой шаруашылығы – 1 жоба / 1,6 млрд теңге,
  • Балық шаруашылығы – 3 жоба / 1,2 млрд теңге.

Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы төрт айында ауыл шаруашылығы саласында тұрақты өсім мен нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Мемлекеттік қолдаулар мен жоспарланған инвестициялық жобалар өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға үлкен септігін тигізіп отыр.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар