Бұрын ауа райының қас-қабағын бағып өткен үлкендер «Жаз ыстық болып, қоңыр күз тез өте шықса, қыс қаһарлы болады», деп болжам жасап отыратын. Қоңыр күздің тез өте шыққаны сол шығар, биыл жауған алғашқы қар тұрғындарды әжептәуір бүрсең қақтырды. Егер қыс қысып берсе, қалаға да, далаға да оңай соқпайтыны анық. Қыс қаһарына төтеп беру үшін, қапысыз дайындық керек. Ал өңірдің, жауапты мекемелердің маусымға дайындығы қандай? Қыста қысылмас үшін қандай шаруалар атқарылды?
Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы қала тазалығымен айналысатын «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қысқа сақадай-сай дайын екенін айтады. Бөлім басшысының айтуынша, қыста Тараз қаласындағы жалпы ұзындығы 1831,3 шақырымды құрайтын 805 көше, 3 даңғыл, 440 бұрылыс, 40 тұйық, 42 өткел қардан күреледі. Негізі қала аумағындағы автомобиль жолдарын қыс мезгілінде күтіп-ұстау үшін жергілікті бюджеттен 59 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Жолдарды күтіп-ұстауға 50 миллион теңге бөлінсе, құм, тұз секілді инертті материалдарды сатып алуға 9 миллион теңге кеткен.
– Қазір қорда 2000 текше метр құм, 800 тонна тұз бар. Бұл қор жыл аяғына дейін емін-еркін жетеді. Алдағы жылы тағы да 1000 тонна тұз, 3000 текше метр құм сатып алу көзделіп отыр. Ол үшін бюджеттік өтінім берілді. 76 көшеге қардан күреу және тұз аралас құм шашу жұмыстарын жүргізу үшін жауаптымыз. Қазіргі кезде көлік қозғалысына кедергі келмес үшін басқа да көшелерді тазарту үшін қосымша зерделеу жұмыстары жүргізілуде, – деді «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Талғат Заурбеков. Аталған серіктестікте қар тазалау жұмыстарына жұмылдырылатын 51 техника дайын тұр. Техникаларды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін «Мади» және «Эврика» жанар-жағармай құю стансасымен келісімшарт жасалған. – Бүгінгі таңда «Айя-Сервис», «Тараз көлік жолы», «Арайстроймаркет-2003», «Энерджи-Тараз», «МК-Кудрет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі секілді басқа да жекеменшік құрылыс мекемелерімен автогрейдер техникасын жалға алу үшін келісімшарт жобасы әзірленді. Алда қыстың қандай болатыны белгісіз. Сондықтан «Сақтықта қорлық жоқ» деген ұстаныммен осы және басқа да техникаларды қар тазалауға жұмылдыру жоспары бар. Бұл техникалар алда-жалда боран үдеп, ауа райы күрт құбылуы салдарынан қосымша техника күші қажеттілігі туса ғана қар тазалауға тартылады, – дейді «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігінің бас инженері Талғат Торғаев. Сонымен қатар қыста қала көшелерінде тазалық жұмыстарын жүргізуге 271 қоғамдық жұмысшы тарту көзделіпті. Қоғамдық жұмысшылар қала аумағында орналасқан аялдама және басқа да қоғамдық орындардағы тазалау жұмыстарына жауапты. Қоғамдық жұмысшылар үшін қар тазалау жұмыстарына қажетті құрал-саймандар толығымен дайын. Мекемеде тәулік бойы қызмет атқаратын диспетчерлік қызмет те бар. Тәуліктің кез келген уақытында жұмысшылар ауысыммен тоқтаусыз қызмет атқару үшін «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігінің базасында олардың демалуына, ыстық тамақпен қамтамасыз етілуіне жағдай жасалыпты. Мекеменің материалдық базасы мен техникалық жөндеу орталықтары да талапқа сай. Қазір қар тазалау бригадалары тәулік бойы ауысымды кестемен Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бекіткен кесте бойынша жұмыс істеуде. Жалпы Тараз қаласы қысқа сақадай сай дайын тұр. Десе де біз облыстағы бірқатар аудандарға қоңырау шалып, алдағы қысқа дайындығын бағамдап көрдік. Табиғаты ерекше мінез танытатын өңір – Жуалы ауданы. Аталған ауданда жалпы автомобиль жолдарының қашықтығы 561,2 шақырымды құрайды. «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамына тиесілі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қашықтығы 58,1 шақырым болса облыстық маңызы бар жолдардың қашықтығы 132, аудандық маңызы бар 108,12, ауылішілік 263 шақырым. Республикалық мәндегі жолдарды күтіп-ұстау, қардан тазалау жұмыстарын жүргізетін мекемеде бір жылыту пункті және өндірістік базасы бар. Бұл мекеменің дайындаған техникаларының жалпы саны – 9. Дизель отынының қоры 10 тонна. Жоспарланған 2000 текше метр құм, 220 тонна тұз дайын. Облыстық мәндегі 132 шақырым автомобиль жолдарын қысқы күтіп-баптау жұмыстары үшін 7 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Бүгінгі күнге Б.Момышұлы-Көлтоған-Қошқарата-Қызтоған бағыты бойынша 76,58 шақырым жолдың қарын тазалауға «Жасыл Жуалы» кәсіпорнының 7 техникасы дайын тұр. Ал Ақтөбе- Алатау ауылдары бағытындағы жолдарға «КомпессорТараз» серіктестігі жауапты. Олар 15 тонна жанармай, қажетті инерттік материалдарын дайындаған. Сонымен қатар аудандық мәндегі автомобиль жолдарының тау және қыр асулары, жолдардың қиын бұрылыстары мен өткелдерінің қысқы күтіп-баптау жұмыстарын қамтамасыз етуге тиісті қаржы бөлініп, қажетті техникамен тайғаққа қарсы инерттік материал әзірленген. Мұндағы әрбір ауылдық округтер де назарда. Ол үшін де арнайы жоспарлар құрылып, қыста жолды қардан аршу үшін әр ауылға бір-бір серіктестіктер мен шаруа қожалықтар бекітіліпті. Өзге аудандар да ағымдағы жылы қыстан қысылмай шығудың барлық қам-қарекеті жасалғанына көз жеткіздік. Әрине арқаны кеңге салатын уақыт емес. Жұмыс әлі де жалғасуда. Ал атқарылған жұмысқа алдағы қыс сыншы.
Н.Болатұлы
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз