сенбі, 28 желтоқсан, 2024 16:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Асарлатып салынған тағы бір тұрғын үй пайдалануға берілді

Асарлатып салынған тағы бір тұрғын үй пайдалануға берілді
ашық дереккөзі
Асарлатып салынған тағы бір тұрғын үй пайдалануға берілді

Игі істің ел ішінде қайта жанданып, мұқтаж кісілерге, жетімдер мен жесірлерге, аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасыларға шарапаты тие бастағаны елдігіміздің сипаты болғаны анық. Байзақ ауданы Кеңес ауылында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында кезекті үшінші тұрғын үй пайдалануға берілді.

Ауданға жұмыс сапары барысында шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек: «Мұндай шараға қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Облыс бойынша үш жүзден астам тұрғын үй салу жоспарланса, биыл өңірде 103 үйдің құрылысы басталып, ретімен тапсырылып жатыр.

Бұл іс-шараның терең маңызы бар. Ағайын-туыстар біріге отырып, ауызбіршіліктің арқасында дәстүрді жаңғыртуға бет бұруда. Өнегелі іске ұйытқы болған мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектерге облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атынан үлкен алғыс айтамын. Бизақ аға, қоныс тойыңыз құтты болсын. Осындай игі істер көп болса, өңіріміз өркендеп – дами береді деген ойдамын» - деді.

«Бүгін біздің Кеңес ауылында үлкен қуаныш, той. Бұл істің бастамасы осы 1983 жылы туылған жігіттер. Ұмыт бола бастаған дәстүрді жаңғырту арқылы қайырымды іске мұрындық болды. Барша ауыл тұрғындары қал-қадірінше қол ұшын созды. Бұл ауданда Мәдімар мен Шахан ауылынан кейін пайдалануға беріліп отырған үшінші үй. Сондықтан Бизақ інім қуанышың ұзағынан болсын. Мынау қуанышты сәтті бөлісуге келген облыс, аудан басшылығына, мекеме, бөлімдер мен ауыл әкімдеріне шексіз ризамыз», - деді өз сөзінде ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Бекжасар Ермағанбетов.

Бұдан соң шашу шашылып, келген меймандар жалпы аумағы 75 шаршы метрді құрайтын төрт бөлмелі тұрғын үймен танысты. Онда ауыл тұрғындарының демеушілігі есебінен қажетті екі дана төсек пен үй жиһаздары сатып алынған.

«Мынау енді осындай күнге жеткізіп, тұрғын үймен қамтамасыз етуге үлес қосқан балаларға, ауылдастарға үлкен алғысымды айтамын.  Осының бәрі көпшіліктің арқасы. Аудан, ауыл әкіміне, баршаңызға алғысымыз шексіз», - дейді қуаныш иесі Бизақ Қосаев ағынан жарыла.

1983 жылғы түлектер атынан сөз алған Әділ Бестерекбаев: «Біздер, құрдастар мектеп бітіргенімізге 20 жыл толуына орай, ақылдаса келіп, елді мекендегі тұрмыс жағдайы төмен отбасыға қолғабыс көрсетейік деп шештік. Бәріміздің ойымыз бір жерден шығып, осы үйдің иесі Бизақ ағаға жаңадан баспана соғып беруді ұйғардық. Нәтижесінде, Аллаға шүкір, бүкіл ауыл-ағайын бар, ақсақалдар мен әкімшілік қызметкерлері, жастар қауымы атсалысып, бүгін тұрғын үйді салтанатты түрде табыс еттік. Осы игілікті істі басқа да белсенді ауыл жастары жалғастырады деген сенімдеміз. Ертең жұма күніне орай, құрдастар жиналып бір мал сойып, құран оқытып, құдайы таратсақ деп отырмыз», - дейді.

Үй иесінің інісі Тайұзақ аға өзінің жүрекжарды лебізін жеткізіп, айтулы шараға ұйытқы болған 1983 жылғы мектеп түлектері мен ауылдастарға деген алғысын білдірді.

Салтанатты шара соңында тұрғын үй құрылысын салуға белсене атсалысқаны үшін 1983 жылғы түлектер Нұрболсын Танаев, Жансерік Аубакиров, Әділ Бестерекбаев, Сапарғали Остенов, Талап Абиев, Таубек Тыныбаев, Ержан Момынов, Расылхан Райымқұлов, Ардақ Тілепбергенов, Ербол Мамековке аудан әкімінің Грамотасы мен аудандық мәслихаттың Алғыс хатын аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов пен аудандық мәслихат хатшысы Нұржан Тлепов табыс етті. №3 орта мектеп ұжымы, ауыл қариялары мен белсенді азаматтар Көптерек ауылы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Кеңес ауылы жастарының игі істері өзге де елді мекендерге үлгі болады деген сенімдеміз.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,

Байзақ ауданы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар