сенбі, 7 маусым, 2025 2:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Аудит қорытындысы: Шуда бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалған

Аудит қорытындысы: Шуда бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалған
Фото - Jambylinfo.kz
Сонымен қатар жобаларға бөлінген қаражат бойынша біршама бұзушылықтар анықталған

Тексеру комиссиясының кезекті отырысында Шу ауданында жасалған аудит  қорытындысы айтылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Жиында баяндама жасаған комиссия мүшесі Асылхан Шаймерденов ауданда орын алған қаржылық бұзушылықтар жөнінде бірқатар дерек келтірді. Оның сөзінше, аудит жұмыстары 18 мемлекеттік мекеме мен 2 кәсіпорында жүргізілген. Осылайша 140 бюджеттік бағдарлама бойынша 2022-2024 жылдар аралығында бөлінген 24, 2 млрд қаражат қамтылып, 10 млрд 24, 9 млн теңгені құрайтын бұзушылықтар анықталған. Мұны баяндамашы «аталған жағдай бюджет жүйесінің негізділік қағидаттарының бұзылуынан орын алды», дейді.

-  Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар сомасы 7,8 млрд теңгені құраса, өтелуге жататыны 381,6 млн, ал қалпына келтіруге жататыны 7,4 млрд теңгені құрайды. Аудитпен анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктердің негізгі себебі - бюджет қаражатын пайдалануды реттейтін нормативтік-құқықтық актілерде көзделген нормалар мен ережелердің сақталмауына, Қазақстан Республикасының бюджет жүйесінің негізділік, тиімділік қағидаттарының бұзылуына жол берген. Мекемелер тарапынан есепті кезеңдерге жауапты тұлғалары тарапынан бухгалтерлік есеп жүргізу мен қаржылық есептілік жасауды жүзеге асыру барысында салалық заңнама талаптарын басшылыққа алмау салдарынан негізгі құралдар балансқа уақтылы алынбаған. Амортизация есептелмеген. Сонымен қатар дебиторлық берешектерге жол берілген. Негізгі құралдарды негізсіз есептен шығарған. Бухгалтерлік шоттарға дұрыс алынбағандығынан бұрмаланған қаржылық есеп тапсыруға жол берілген, - деді Асылхан Шаймерденов.

Сондай-ақ Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысына әкімшілік құқық бұзушылық туралы 3 хаттама толтырылыпты. Бұдан бөлек, мемлекеттік аудит объектілерінің 6 қызметкері бұзушылықтарға жол бергені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Комиссия мүшесі процестік шешім қабылдау үшін 74 материалдар тиісті аудиторлық дәлелдемелерімен бірге рәсімделіп, ішкі мемлекеттік аудит департаментіне 47 материал,  мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына 24 материал жолданғанын айтты. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков аталған мәселелерге қатысты түсініктеме берді. Шенеунік құжаттама мен рәсімдеу жұмысынан кемшіліктер кеткенін мойындайтынын айтып, алдағы уақытта жол бермеу бойынша жұмыстар жасалып жатқанын жеткізді.

- Аудиторлық шаралар нәтижесінде біз бюджеттік - әкімшілік бағдарламашылар мен ауыл әкімдерімен жеке іс-шараларымызды әзірлеп, талдау жұмыстарын жүргіздік. Бұл жердегі анықталып отырған бұзушылықтардың 85 пайызы құжаттарға көңіл бөлмеу, рәсімдеу жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбеуден болып отыр. Енді кеткен кемшіліктерді ескеріп, алдағы уақытта жол бермеу үшін жұмыс жасаймыз. Есептік жұмыстар мен құжаттаманың айналымына қабылданған немесе құрылысы жүргізіліп жатқан нысандар жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі мен бюджет заңнамасындағы талаптарды қатаң сақтау бойынша нақты іс-шаралар қолданып жатырмыз, - деді Бақытжан Жәнібеков.

Отырыс қорытындысы бойынша аудиттер арасында бұзушылықтарды жою және ауданның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін ұсынымдар берілді.

Бөлісу:
Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар