Жамбыл жаңалықтар
Қауіпті дертті дендетпеудің жолдары пысықталды
- авторjambylinfo.kz
- 1 қараша, 2020
- 222
Қауіпті дертті дендетпеудің жолдары пысықталды
Облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен өңірдегі эпидемиологиялық жағдай және коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындық шараларына байланысты жиын өтті. Бұл туралы аймақ басшысының орынбасары өзінің Facebook-тегі парақшасындажариялады.
«Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша бүгінгі басқосуымызда да осы мәселені жан-жақты талқыладық. Бұл жиында аудандар мен Тараз қаласындағы арнайы мобилді топтардың жұмысы, ана мен бала өлімін азайтуға байланысты қабылданып жатқан шаралар, 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтірудің кешенді жоспарының орындалуы туралы да пысықтап, тиісті сала мамандарына бірқатар тапсырмалар жүктелді. Осының ішінде ең маңыздысы – коронавирустың алдын алу, осы бағытта атқарылған шаруалардың жай-күйін нақтылау. Мәселен, көршілес Ресей мен Қырғыз елдерінде қауіпті дерт күн санап қайта өршуде. Науқастардың көбейгендігі сонша, ауруханаларда орын тапшы болып, күрделі жағдай туындауда. Біз қазірден санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаңдатып, осындай жағдайдың алдын алуымыз керек. Облысымыз шекаралық аймаққа жататындықтан, сақтық шараларын күшейте береміз. Соңғы апта ішінде COVID-19 жұқтырған 20 адам тіркелді. Шу ауданында – 10, Тараз қаласында – 6, Байзақ ауданында – 3, Қордай ауданында – 1 жағдай тіркелді. Эпидемиологиялық жағдай қайталанған жағдайда 3 сценарий әзірлегенбіз. Жасыл деңгей бола қалса, жұмылдырылатын төсек қоры 750-ге, оның ішінен реанимациялық төсектер 75-ке дейін ұлғайтылады. Екінші – Сары деңгейде төсек қоры 1 360-қа дейін, оның ішінде реанимациялық төсектердің саны 136-ны құрайды. Үшінші – Қызыл деңгей бола қалса, Covid-19–бен ауыратын науқастарды емдеу үшін инфекциялық стационарлардағы төсек қоры 2530-ға жеткізіледі. реанимациялық төсектердің саны – 253. Алайда, біз коронавирусты болдырмаудың барлық жолын жасауымыз керек. Аудандар мен Тараз қаласында тәртіпке бағынбай екінші рет ескерту алған кәсіпкерлер жұмысын тоқтатады. Өйткені талап – баршаға ортақ. Жауапты мамандар – мониторингтік топтың мүшелері осыны басты назарда ұстауы тиіс. Карантиндік шектеулерді орындау үшін ескерту аз болса, айппұл салып, заң аясында жауапкершілікке шақыру керек. Аудандар мен Тараз қаласында мониторингтік топтардың жұмысы әлі де ширатуды қажет етеді. Әлеуметтік нысандардағы санитарлық талаптардың орындалуы да үнемі қадағалауда. Кеңес отырысында осы мәселелер барынша зерделеніп, алдағы уақытта атқарылуы керек жұмыстар пысықталды» — деді Ержан Жұматұлы өз жазбасында.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз