сенбі, 23 қараша, 2024 14:11

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ауылға таза ауыз су келді

Ауылға таза ауыз су келді
ашық дереккөзі
Ауылға таза ауыз су келді

Су – тіршілік көзі. Қоғамдағы барлық тіршілік салалары үшін су ресурстарының маңыздылығын айтып жатудың өзі артық болар. Сондықтан, мемлекет тарапынан аудан аумағында ауыз су мәселесі жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді. Күрмеуі қиын мәселе мемлекеттік бағдарламалар аясында сәтті жүзеге асырылуда.

Еліміздегі айтулы мереке қарсаңында Қостөбе ауылдық округіне қарасты Талас елді мекенінде су қабылдау имараттары мен су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, жергілікті халықтың игілігіне ұсынылды.

Өткен жылдың сәуір айында аудан әкімдігі сәулет, қалақұрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырысы негізінде жүзеге асқан құрылысқа «СК-АВС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер атанған болатын. Жалпы сомасы 638,4 млн. теңгені құраған құрылыс барысын «ЗеинГрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі техникалық, ал, «Табыс Жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі авторлық тұрғыдан қадағалаған.

Шараның салтанатты ашылуына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил жергілікті жұртты құттықтап, билік өкілдерінің тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтуға ерекше көңіл бөліп отырғандығын және ел игілігі үшін мұндай шаралардың әлі де жалғаса беретіндігін жеткізді.

«Су – тіршілік көзі, жердің нәрі», - деген дана халқымыз. Бүгінде, аудан бойынша 43 елді мекеннің 20-сы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл, бар болғаны 46,5 пайызды ғана құрайды. Міне, Талас ауылы 21-інші ауыл болып, таза ауыз суға қол жеткізіп отырса, жыл соңына дейін Қостөбе ауылы да таза ауызға қосылады. Сосын Сеңкібай, Жаңатұрмыс, Бурыл ауылдарында қайта жаңғырту жұмыстарынан соң таза ауыз су жүйелері қайта іске қосылатын болады. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, қол жеткізіп отырған қуаныштарыңыз құтты болсын, - деді Қайрат Әбілханұлы.

Өз кезегінде ауыл тұрғындары атынан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мамед Сулейманов сөз алып, биылғы жылда ауылдық округтегі оң өзгерістерді атап шықты. Ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамту ісіне мұрындық болған облыс, аудан, ауылдық округ әкімдеріне шынайы алғысын білдірді. Дәстүрге сай, ауыз су ғимаратының лентасы қиылып, су қондырғылары іске қосылды. Келген қонақтар сүзгіден өтіп, екі жүз метр тереңдіктен тартылып алынған таза ауыз судың дәмін татты.

Жалпы, Талас ауылы бойынша су құбыры желісінің ұзындығы 19 шақырымды құраса, оған 591 ауладағы тұрғындар таза ауыз сумен қамтылатын болады. Жергілікті тұрғындар арасынан «Байзақ Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны арқылы 3 машинист және 1 бақылаушы тұрақты жұмысқа қабылданып, су сору бекетіне 50 түп қарағаш егілген.

Әрине, су – бар берекенің бастауы. Табиғи таза ауыз судың адам денсаулығына пайдасын айтпасақ та белгілі. Бұл таластық тұрғындар үшін жағымды жаңалық болғаны анық.

 

Мұхтар МАНЕКЕЕВ

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар