сенбі, 21 желтоқсан, 2024 18:49

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

"Ауыл аманаты" жобасы жемісін беруде

"Ауыл аманаты" жобасы жемісін беруде
ашық дереккөзі
"Ауыл аманаты" жобасы жемісін беруде
Ауылшаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек Жамбыл ауданына іссапармен келіп, аудандағы ауылшаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті. Вице-министр алдымен Гродеково ауылдық округіндегі «Асланбек 08» ЖШС-на, «АТБ» шаруа қожалығына, Қаратөбе ауылдық округіндегі «Kaz Fruits Line» ЖШС, Көлқайнар ауылдық округіндегі «Қызылдихан» өндірістік кооперативіне барды. Мұнан соң Аса ауылында фермерлермен кездесу өткізді. Кездесуде министрліктің құрғақшылық салдарын жою және жемшөп дайындау бойынша қабылдап жатқан шаралары талқыланды. Әбілхайыр Ғалымұлы шаруаларға ең алғаш пилоттық жоба ретінде біздің өңірде басталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы жайында сөз қозғады. Бүгінгі күнде жоба аясында қаржыландыру жоспарына сәйкес, облысқа 11,6 миллиард теңге қаражат аударылыпты. Бизнес-жобаларды кредиттеуге 21 миллиард теңгеге 3,4 мың өтінім қабылданған. Оның ішінде 15,4 миллиард теңгеге 2,7 мың өтінім мақұлданып, шамамен 10,4 миллиард теңге сомадағы 1,8 мың микрокредит берілген екен. Вице-министр ауылшаруашылығы өкілдері үшін ең күрделі болып тұрған жайылым мәселесіне де тоқталып өтті. Ә.Тамабек бұл мәселені қатты ушықтыруға болмайтынын ескертті. Себебі екі тараптың да өзінің мүддесі бар. Үлкен шаруа қожалықтар малын көбейтсем дейді, халық малды үйінен шығара салып жайсам дейді. Ал елді мекеннің айналасындағылардың маңайындағы жер телімдері біздікі болса екен деген қалауы бар көрінеді. Вице-министрдің сөзінше, жайылым мәселесі бойынша 2018 жылы қабылданған заң тиімділігін көрсете алмаған. Сол себепті ол заңға қазіргі таңда өзгерістер енгізіліпті. Жаңа жоба бойынша дұрыс пайдаланылмайтын жайылымдық жерлерді мемлекетке қайтару тәртібі қайта қаралады. Сондай-ақ ҚР «Жайылымдар туралы» Заңға «қоғамдық жайылым» туралы жаңа ұғым енгізіледі. Оған сай, қоғамдық жайылымдарға жергілікті халықтың мал жаятын жерлері және осы мақсат үшін арнайы резервке алынған жерлер жатады. Қоғамдық жайылымдарды басқа мақсатта пайдалануға немесе оларды алуға заңды түрде тыйым салынады. Сонымен қатар қоғамдық жайылым көлемін ұлғайту мақсатында, ауылдық елді мекен шекарасынан тыс орналасқан жайылымдарды ауыл әкімдерінің құзыретіне беру туралы норма ұсынылып отыр. Қазіргі кезде аталған жер учаскелері аудандық атқарушы органның құзыретінде. Бұл норманың басты мақсаты – жеке мал жаю үшін жайылыммен қамтамасыз етуге қатысты ауыл әкімдерінің құзыреттерін кеңейту және жайылымдарды пайдалану туралы жоспардың кешенділігін қамтамасыз ету. Жайылым жерлерді пайдалану туралы жоспар мерзімі де өзгеріп, енді 5 жылға арналып жасалады. Қазіргі кезде, жайылым жоспарлары ұзақмерзімді (2-жылға дейін) және қысқамерзімді (1-жылға дейін) тәртіпте құрылады. Заң жобасында сондай-ақ жайылымдарды қорғау, оларды қалпына келтіру туралы жаңа баптар енгізіліп отыр. Мұнымен қатар Әбілхайыр Ғалымұлы елді мекендердің маңындағы тозған жайылымдарды қалпына келтіру мақсатында өңірде арнайы пилоттық жоба іске қосылғанынан құлағдар етті. Аталмыш жоба мал жаюға арналған жер тапшылығы мәселесін шешуге, көпжылдық шөптерді егіп, шөпті уақытылы жинауға үлкен септігін тигізбек. Қазіргі таңда көпжылдық шөптерді отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Мамандар шөптің жерсініп, көтерілуі үшін біршама уақыттық қажет екенін айтады. Шөп көтерілгеннен кейін малды жаңартылған жайылымға жібермек. Жиында шаруалар үшін үлкен мәселеге айналған қызылша өткізу жайы да сөз болды. – Қазіргі таңда субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі іске қосылған. Ол жерде сіздер былтырғы жылдың бірінші қаңтарына дейін егістік жерлеріңіздің электрондық картасын енгізулеріңіз керек еді. Алайда оны енгізбедіңіздер. Содан кейін бұл норманы кейінге шегердік. Ол норма неге керек? Мысалы, өздерінде егістік жері жоқ небір пысықайлар бар. Бірақ жайылым жерге егін екпесе де субсидия алады немесе біреудің жерін пайдаланып, ол жерге несие алады. Сол себепті осы электрондық картаны енгізген болатынбыз. Бірақ облыс шаруалары дайын болмағандықтан кейінге шегердік. Бұл мәселе әкімдіктің жіберген қателігінен туындап отыр. Неге десеңіздер егістік жерлердің электрондық картасын енгізу керектігін шаруаларға жеткізбеген. Түсіндірсе де оны назарға алып, жұмысты аяғына дейін дұрыс жүргізбеген. Сол себепті қазір шаруалар тығырыққа тіреліп, қант қызылшасын қазып алса да зауыттарға өткізбей, субсидияларын ала алмай отыр. Десе де бұл мәселе осы қалпында қалмайды. Фермерлердің талап-тілегін ескеріп, нормаларға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Туындаған қолайсыздық екі аптаның шамасында ретімен шешіледі. Тағы бір мәселе – субсидиялар жетіспеушілігі. Жылына Ауылшаруашылығы министрлігіне субсидияға бөлінетін бюджет қаражаты 400-450 миллиард теңге шамасында. Бізде ең үлкен бюджет үлесі әлеуметтік салаға триллион теңгеге жуық сомада бөлінеді. Оны біз жырып ала алмаймыз. Ауылшаруашылығына бөлінетін осы 450 миллиард теңгені республикаға шамалап жеткіземіз. Жылдан-жылға субсидиялар бойынша қарыз жиналып, ол берешектер төленбей жатады. Биыл Премьер-Министр Әлихан Асқанұлының тапсырмасымен өткен жылдан бері жинақталған бүкіл қарыздарды есептеп едік, ол 155 миллиард теңгені құрады. Биылғы жылдың шаруалар үшін қиын болғанына байланысты бүкіл субсидиялардағы қарыздарды, қосымша қажеттіліктерді жабу туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда алғашқы транш 30 миллиард теңге көлемінде бөлініп жатыр. Оның ішінде Жамбыл облысының үлесі – 1 171 000 000 теңге. Бұл тек егіншілік саласына бөлініп жатқан қаржы. Биыл тағы да жыл соңына дейін 155 миллиардты бірнеше бөлікке бөліп төлейтін боламыз. Келесі 30 миллиард теңге инвестициялық субсидияны жабуға кетеді. Мұнан соң бөлінетін 30 миллиард теңге малшаруашылығына беріледі. Сондықтан биыл тек егіншілік саласына қолдау көрсетілді, ал мал мен инвестицияны субсидиялауға қаржы бөлінбеді деген реніш орынсыз. Себебі барлық салаға да қолдау бар, – деді Әбілхайыр Ғалымұлы. Еркін форматта өткен басқосуда су тапшылығы да назардан тыс қалмады. Вице-министр бұл бағытта су үнемдеу технологиясына 50 пайыз мемлекет тарапынан қолдау бар екенін сөз етті. Субсидия жаңбырлатып та, тамшылатып та суару тәсілдері үшін беріле береді екен. Сондай-ақ шаруаларға қазған құдығының кеткен шығынына 80 пайызға дейін субсидиялау мәселесі енгізіліп отыр. – Бұл бір жылдың мәселесі емес, ары қарай да су тапшылығы мәселесі бола беретіні ақиқат. Оны ғалымдар да дәлелдеп отыр. Сондықтан осы су үнемдеу технологиясына көшуіміз керек, – деген Ә.Тамабек шаруалар үшін ең тиімдісі жылыжай ашу екенін жеткізді. Тіпті көрші өңірлердегі шаруалардың тындырымды ісін мысалға келтірді. Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сарайшық ауылындағы мидай жазық даладан жылыжай ашып, жеміс-жидек өсіріп, кәсібін дөңгелетіп отырған шаруаның ісін үлгі етті. Сөз болған кәсіпкер жылыжайының қасынан шырын шығаратын зауытын қоса ашыпты. Таулы аймақ, табиғаты да қолайлы біздің өңірде мұндай кәсіпкерлік ашамын деушілер үшін мүмкіндік көп екенін баса айтты. Мұнымен қатар ол, фермерлерге үлкен кәсіпкерлік ашпай шағын шаруашылықтарды дамыту мүмкін еместігін айтты. Мұнан соң Жамбыл ауданының шаруалары вице-министрге өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Фермерлер тарапынан қойылған сұрақтардың басым бөлігі техниканың жоқтығы, су тапшылығы, өндірген өнімді өткізе алмау төңірегінде болды. Сондай-ақ дизель отыны бағасының қымбат екені айтылды. Малды кез келген орында сою Сібір жарасы секілді ауруды тудыруы мүмкін екендігі де айтылып, мал союды тексеретін инспектор жұмыс істеу керек деген ұсыныс айтылды. Сонымен қатар ортаға біздің өңірге де өзбек ағайындардың тәжірибесін пайдалану керек деген ой тасталды. «Өзбек ағайындар «бір ауыл – бір өнім» принципі бойынша жұмыс істейді екен. Сол секілді бізде де бір ауыл қияр өсірумен айналысса, бір ауыл шие өсірсе тиімді болар еді» дейді шаруалар. Сондай-ақ арықтарға орнатылған лотоктардың сапасыздығы сөз болды. Тұрғындардың өтінішіне құлақ асқан Әбілхайыр Ғалымұлы аудан басшылығына айтылған өтініштерді жеделдетіп шешуге тапсырма берді. Орынды пікірлерді де ескерусіз қалдыруға болмайтынын жеткізді.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар