бейсенбі, 8 қаңтар, 2026 2:27

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Азамат Жолманов Мемлекеттік басқару академиясының түлектерімен кездесті

Азамат Жолманов Мемлекеттік басқару академиясының түлектерімен кездесті
Фото - Jambylinfo.kz
Жиынға облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев модераторлық етті.

Жамбыл облысына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Азамат Жолманов жұмыс сапарымен келіп, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектерімен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Кездесуді кіріспе сөзбен ашып, басқосудың мән-маңызын айтқан Лесбек Құралбайұлы мемлекеттік қызмет саласы бойынша өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

– Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы 2006 жылдан бастап облыстың кадрлық әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Содан бері облысымыз бойынша академияда жалпы 61 түлек білім алды. Бүгінгі таңда олардың 30-ы облыс аумағында мемлекеттік қызметте, оның ішінде әртүрлі деңгейдегі лауазымдарда қызмет атқарып жүр. Сонымен қатар түлектердің ішінде 3 азамат саяси қызметші ретінде жауапты лауазымдарды атқаруда. Қазіргі уақытта 12 түлек басшылық лауазымдарға тағайындалып, мемлекеттік басқару жүйесінде шешім қабылдау деңгейінде қызмет етуде. Өңір түлектерінің шамамен 20 пайызы министрліктерде, орталық атқарушы органдарда, сондай-ақ жеке секторда және басқа да жауапты құрылымдарда кәсіби қызметтерін табысты жалғастырып келеді. Академия түлектерінің кәсіби дамуы мемлекет тарапынан қолдау табуда. Мемлекеттік қызметшілер «Болашақ» бағдарламасы арқылы ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алуда. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 15-бабының 5-тармағына сәйкес академия түлектерін конкурстық рәсімдерден өткізбей мемлекеттік қызметке тағайындау тетігі өңірде тиімді жүзеге асырылып келеді. Сол секілді 2025 жылғы желтоқсан айында облысымыздағы 3 түлекке академия дипломдары табысталды. Сонымен қатар, 2025 жылы облысымыздан академияның магистратура және докторантура бағдарламаларына жалпы 10 мемлекеттік қызметші оқуға қабылданды, – дейді Л.Ілебаев.

Мұнан соң Азамат Жолманов сөз алып, мемлекеттік қызмет саласындағы оң өзгерістерді атап өтті.

– Қазіргі уақытта «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның жаңа редакциясы әзірленіп, мемлекеттік органдармен келісіліп, Парламентке енгізілді. Онда негізгі өзгерістердің бірі – горизонталды еңбекақы төлеу жүйесі. Яғни қызметтік өсуге байланып қалмай, қызметкердің кәсіби деңгейі мен нәтижесіне қарай еңбекақыны арттыру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәртебесіне қатысты да бірқатар жаңа нормалар бар. Заң жобасы ашық порталға орналастырылған, ұсыныс беруге мүмкіндік бар. Академияға келсек, 2025 жылғы түлектерді қарсы алу мақсатында ғимаратта жөндеу жұмыстары басталды. Аудиториялар жаңартылып, жаңа жабдықтар орнатылуда, оқытушыларға жағдай жасалуда. Филиалдардың жұмысы да назарда, биыл Тараз филиалының қызметін күшейтуге басымдық беріліп отыр. Өткен жылы тыңдаушылармен, биыл түлектермен кездесіп, ұсыныстарын тыңдаудамыз. Биыл академияның жаңа стратегиясы қабылданып, оқу үдерісімен қатар инфрақұрылым, соның ішінде жатақхананы жаңарту мәселелері қамтылды. Ең бастысы – академияның негізгі аудиториясы сіздерсіздер. Сіздердің пікірлеріңіз біз үшін маңызды.  Сонымен қатар қабылдау талаптары да күшейтіліп отыр. Мемлекеттік басқару академиясына кемінде төрт-бес жыл тәжірибесі бар, өз саласын терең меңгерген мемлекеттік қызметшілердің келуі маңызды. Сонда ғана тәжірибе мен теорияны тиімді ұштастырып, нақты нәтиже беретін кадрлар даярланады, – деді Азамат Сағатұлы.

Өз кезегінде академия түлектері ұсыныстарымен бөлісіп, орамды ойларын ортаға салды.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар