жексенбі, 24 қараша, 2024 17:30

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Б.Сапарбаев қазіргі сұранысқа ие мамандықтарға талдау жүргізуді тапсырды

Б.Сапарбаев қазіргі сұранысқа ие мамандықтарға талдау жүргізуді тапсырды
ашық дереккөзі
Б.Сапарбаев қазіргі сұранысқа ие мамандықтарға талдау жүргізуді тапсырды
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында білім саласында кадр даярлау, дуальды оқыту, мектептер құрылысы мен жөндеу жұмыстары секілді бірқатар мәселелер қаралды. Білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзовтың айтуынша, биыл облыста білім саласын дамытуға 200,8 миллиард теңге бөлінген десек, ол өткен жылмен салыстырғанда 1,1 пайызға артық. Облыс бойынша 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамту 91,5 пайызды (2020 ж. – 91,4 пайыз), 3-6 жас аралығындағы балалар бойынша бұл көрсеткіш – 100 пайызды құрайды. Дәстүрлі форматта оқу жүріп жатқан 443 мектепте санитарлық талаптар қатаң сақталған. Сабақтар «Бір сынып – бір кабинет» жүйесінде өтуде. Биылғы жылы 23 білім беру нысанының (19 мектеп, 4 мектеп қосымшасы) құрылысына 11,1 миллиард теңге бөлінген. Жаңа оқу жылында 5 мектеп пайдалануға берілді. Барлық мектептер мен балабақшалар бейнебақылау камераларымен қамтылған. Облыстағы 68 мектептің камералары полиция департаментінің жедел басқару орталығымен біріктірілген. 131 мектепте дабыл түймелері орнатылған, олар да полиция департаментінің аталған орталығымен қосылған. 61 мектепте турникеттер орнатылған. Бердібек Сапарбаев саладағы мәселелер бойынша нақты талдаудың жоқтығын, жауапты тұлғалар тек фактілерді анықтаумен шектелетінін жеткізді.
– Кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Тиісті басқармаға жоғары оқу орындарымен, әлеуетті жұмыс берушілермен ынтымақтастық орнатып, қазіргі сұранысқа ие мамандықтар мен кәсіптерге жан-жақты талдау жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырған болатынмын. Мектеп түлектерімен кәсіптік бағдар беру жұмысын жандандыру қажет. Педагогикалық мамандықтар бойынша оқуға түскен студенттер өндірістік тәжірибені өзі оқыған мектебінде өтуі керек. Нақты тапсырмалар берілді, бірақ нәтиже болмады. Құрғақ уәдемен жұмыс бітпейді. Кадр мәселесі толық шешілген жоқ, 36 мектеп директорының орны бос тұр. Мұндай жағдайда білімнің сапасы туралы не айтуға болады? – деді облыс әкімі.
Бердібек Сапарбаев білім басқармасының өзекті мәселелерді шешу бойынша кешенді шаралармен қамтылған нақты жоспары болуы керектігін айтты.
– Кабинеттен шығып, ең болмаса облыс орталығындағы барлық мектептерді өзіңіз аралап, балалардың қандай жағдайда оқитынын, қауіпсіздік шаралары барлық талаптарға сай ма, жоқ па, соны тексеріңіз, – деді аймақ басшысы.
«Жас Маман» бағдарламасы бойынша оқу орындары қымбат құрал-жабдықтарды сатып алғанымен, оларды тиімді  пайдаланбайды.
– Біздің колледждерде облыс орталығындағы қымбат мейрамханаларда жоқ аспаздық өнімдерге арналған жабдықтар бар. Бірақ бұл мәселені ешкім зерделеп, қолда бар мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану бойынша жұмыс жүнгізбейді. Мәселен, малшылардың бірінші республикалық слетінде құландық студенттер өз өнімдерін ұсынды. Сол өнімдерді әлеуметтік дүкендерге жеткізіп, неге сатпасқа, - деді Бердібек Сапарбаев.
Жиында көтерілген тағы бір маңызды мәселе – мектеп директорларын ротациялау.
- Әлеуметтік желілерде маған тұрғындар ротация туралы айтылғанмен, іс жүзінде нақты жүзеге орындалмай отырғанын жазуда. Бұл бойынша шаралар қабылдау қажет, - деп талап етті облыс әкімі.
Аймақ басшысы «Жомарт түлек» жобасы бойынша жұмыстардың әлсіз жүргізіліп жатқанына назар аударды. Сондай-ақ, мектептерді жылы санитарлық тораптармен қамтамасыз ету мәселесін тағы бір рет зерделеуді, құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысын жеделдетуді тапсырды.
- Біздің басты мақсатымыз — балаларға лайықты тәрбие мен сапалы білім беру, - деп түйіндеді аймақ басшысы.
Басқосуда Жамбыл облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дәмеш Өскімбаева да бірқатар мәселелерге тоқталды.  
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар