жұма, 17 сәуір, 2026 12:57

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бұзылған іргетас: Шу әкімдігі мердігер мен соттасуда

Бұзылған іргетас: Шу әкімдігі мердігер мен соттасуда
istockphoto.com
Миллиардтан астам қаржы бөлінген құрылыс нысаны талапқа сай болмай шықты.

Шу қаласында салынуы тиіс тұрғын үйдің іргетасы жарылып, ғимаратты толықтай бұзу туралы шешім қабылданды. Мәселе «Жетісу» шағынауданында бой көтеруі тиіс 80 пәтерлі бес қабатты №1 тұрғын үйге қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жалпы, мұндағы құрылыс жұмыстары 2024 жылдың маусым айында басталғанымен, нысан белгіленген мерзімде пайдалануға берілмеген. Тексеру барысында бірқатар олқылықтар анықталған. Ал жобаны жүзеге асыру үшін мердігер компаниямен шамамен 2 миллиард теңгеге келісімшарт жасалған. Алайда нысанның іргетасын құю кезінде мемлекеттік құрылыс талаптары сақталмапты. Салдарынан арнайы комиссия нысанды бұзу жөнінде шешім қабылдаған.

– Негізінен, бұл аумақта үш бірдей бес қабатты тұрғын үй салынуы керек. Ал №1 тұрғын үйдің жалпы құны – 1 миллиард 857 миллион теңге. 2024 жылы 400 миллион теңге қаражат бөлінген. «SHEBER BUILD» мердігер компаниясымен сол жылдың мамыр айында келісімшартқа отырып, алдын ала 100 миллион теңге көлемінде қаржы аударып бердік. Алайда серіктестік өкілдері бұл қаржыны толық игере алмады. Сөйтіп, осы жылдың қазан айында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы нысанды тексеру барысында бірқатар олқылықтарды анықтады. Атап айтқанда, нысанның іргетасы 11 жерден жарылды. Осылайша, ғимаратты қайта бұзуға шешім қабылданды. Мұнан соң біз мердігер компанияны сотқа бердік. Ал сот отырысы үш айға созылды. Шын мәнінде, серіктестік сегіз жарым айдың ішінде құрылыс жұмыстарын аяқтауы тиіс еді. Яғни нысан өткен жылдың ақпан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Өкінішке қарай, мердігер компания құрылысты белгіленген уақыттаяқтай алмады, – дейді аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Серік Оңланбеков.

Айта кетейік, қазіргі таңда сот шешімі негізінде мердігерден қаражатты өндіріп алу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Сонымен қатар қосалқы мердігер өз қаражаты есебінен 68 миллион теңгеге жұмыс атқарып үлгерген. Бұл жұмыстар тиісті тәртіппен қабылданған.

Еске салайық, аталған аумақта жалпы үш тұрғын үй салу жоспарланған. Десе де, бірінші нысан толық аяқталмайынша, қалған үйлердің құрылысын жүргізуге облыс тарапынан рұқсат берілмей отыр.

«Құрылыс жұмыстары облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Мәселен, бес қабатты екі тұрғын үйдің әрқайсысының құны – 1 миллиард 600 миллион теңге. Әзірге облыс тарапынан рұқсат жоқ. Ең әуелі алғашқы нысан толық аяқталуы тиіс. Қазіргі таңда №1 тұрғын үй бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын қайта жарияладық. 2024 жылы конкурсқа үш фирма қатысқан», – дейді Серік Оразұлы.

Бұл күнде аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 15 мыңға жуық азамат тұрғанын ескерсек, құрылыс жұмыстарының бұлай созылуы сол мыңдаған адамның қуанышын су сепкендей басылуына итермелеуде. Оның үстіне кезекте тұрғандардың басым бөлігі әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар