«Бағдаршам мен мәдениет үйі жоқ»: Шөлдалалықтар облыс әкіміне базынасын айтты
- авторМағжан Орынбасар
- 20 желтоқсан, 2024
- 49
Бүгін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараздағы Шөлдала алқабының тұрғындарымен кездесіп, олардың талап-тілегін тыңдады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бүгінде көне шаһар тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Айталық, соңғы екі жыл ішінде қала маңындағы «Шөлдала», «Құмшағал», «Қөлтоған», «Қызыл-Абад», «Жиделі» және «28 саяжай» тұрғын алқаптарына қазынадан 7,5 миллиард теңге бөлініп, мұнда 430 шақырым су құбырлары тартылған. Нәтижесінде 7 670 отбасы тіршілік нәрінен таршылық көрмей отыр. Бұдан бөлек, аталған тұрғын үй алқаптары толығымен жаңа желілерге қосылып, көшелерді жарықтандыру мәселесі оңынан шешілуде. Десе де, әлі күнге дейін қала маңындағы шағын аудандарда түйіні тарқамаған мәселелер аз емес.
Мәселен, мұнда Аса ауылына қарай қара жолда бағдаршам орнатылмаған, оның салдарынан жолда жол-көлік оқиғалары көбейген. Сондай-ақ, шағын ауданда әлеуметтік нысандардың болмауы жергілікті тұрғындардың бас ауруына айналған. Жиын барысында жергілікті тұрғындар көшелерді жөндеу мен асфальттау, тротуар, аялдама салу, балаларын ойын алаңшасы және бұқаралық спортты дамыту сынды мәселелерді көтеріп, өздерінің мұң-мұқтаждарын жеткізуге мүмкіндік алды.
Жиында аймақ басшысына бұдан басқа да бірқатар сұрақтар қойылып, жауаптылар тарапынан жан-жақты жауап берілді.
- Барлық мәселе назарға алынып, хаттамаға енгізіледі. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, олармен кері байланысқа шығу – біздің басты міндетіміз,- деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.
Бұдан соң аймақ басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
Ұқсас жаңалықтар
«Асқақ рухты Әулиеата» атты поэзия кеші өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 19 желтоқсан, 2024
Таразда «Өрелі сөзді өрнектеген» атты дөңгелек үстел өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 19 желтоқсан, 2024