Бақытжан Орынбековке хат жазған 12 жастағы баланың өтініші ескерусіз қалмады
- авторБақытжан Бекболат
- 9 қазан, 2025
- 341
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков әлеуметтік желідегі парақшасында 12 жастағы Самвел есімді мектеп оқушысының жазған хатына жауап берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Тараздық жасөспірім өзінің жазған хатында қалада скейт-парк салу туралы ұсыныс білдірген. Қала басшысы бұл бастаманы құптап, Самвелдің белсенділігіне ризашылығын білдірді.
– Мұндай ізденімпаз әрі белсенді балалардың ойы біз үшін өте маңызды. Себебі дәл осындай жастар ертең туған қаласының дамуына өз үлесін қосады, – деді әкім.
Бақытжан Орынбековтің айтуынша, қалада спорт пен демалыс инфрақұрылымын дамытуға бағытталған екі ірі жоба қолға алынған.
«Бірінші жоба – Әуежай мен Айша бибі көшелерін жалғайтын сызықтық саябақ. Онда скейт-аймақ пен веложолақтар салу жоспарланып отыр. Құрылысы 2026 жылы басталып, 2027 жылы аяқталады.
Екінші жоба – Гидрокешен ауданындағы «Таза тыныс» саябағы. Мұнда ашық аспан астындағы спорттық жаттығу алаңы мен демалыс аймағы бой көтереді. Құрылысы биыл басталды», – деді қала әкімі Самвелдің хатына берген жауабында.
Сонымен қатар Бақытжан Орынбеков Самвелге оқуда озат болуды және спортта табысты болуды тілеп, қала өміріне бейжай қарамайтынына алғысын жеткізді.
– Егер уақытың болса, кездесуге шақырамын. Сенің идеяларыңды тыңдап, кеңес беруге әрдайым дайынмын, – деп жазды әкім.
Ұқсас жаңалықтар
Президент Жолдауы: Облыс әкімдігінде жиын өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 4 желтоқсан, 2025






