«Бала махаббат»: Мамандар жасөспірімдер арасындағы суицидтің себебін атады
- авторМағжан Орынбасар
- 4 наурыз, 2025
- 424

Бүгін «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы білім мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңес отырысы өтті,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жиында бірінші қаралған тақырып – жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік мәселесі. Бұл бойынша білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Әбілдаева баяндама жасады. Оның сөзінше, облыс бойынша кәмелетке толмаған 434 675 жасөспірім болса, соның 211 579-ы қыз бала. Былтыр аймақта ерте жүктіліктің 193 жағдайы тіркелген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 62-ге аз. Осылай деген басқарма өкілі қатерлі жағдайдың алдын алу бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталды.
- Жоспар бойынша колледждерде «Көркем қыздар», «Балауса» қыздар клубтары мен 294 мектептерде «Қыз жібек» қыздар клубтары құрылған. Сонымен қатар, емхана дәрігерлері мектеп инспекторлары, ата-аналар комитетінің мүшелері және қамқоршылық кеңес мүшелері, жастар ресурстық орталықтарының мамандары қатысумен мектептегі «Қыз жібек» клубтарының ұйымдастыруымен ата-аналар арасында «Қыз тәрбиесі –ұлт тәрбиесі», «Әдептілік-адамгершілік бастауы», «Отабасындағы қыз тәрбиесі», «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің», «Қыз-ұлт болашағы» тақырыптарында тәрбие сағаттары өтті. Онда 75 102 оқушы қыз бала қамтылды,- деді Ләззат Қызылқұлова.
Бұдан кейін денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а Ерік Мұсабаев сөз алып, өңірдегі суицид көрсеткіштеріне тоқталды. Былтыр өңірде 246 суицид дерегі тіркелген. Оның 164-і өліммен аяқталыпты. Ерік Мұсабаевтың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау деректері бойынша талдау жасалады.
- 2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 246 суицид тіркелді. Оның ішінде 164-і аяқталған суицид және 82-сі өзіне қол жұмсау әрекеті. Аяқталған суицидтің 137-ін ерлер, 27-ін әйелдер жасаған. Ал, жасөспірімдер арасындағы суидциттің бірнеше себебі бар. Оның бірі лудомания болса, тағы бірі алғашқы махаббатын білдіре алмауы секілді гормондық өзгерістер кезінде болып отыр. Сонымен қатар ата-анасымен түсінісе алмауы да суицидке әкелген,- деді Ерік Мұсабаев.
Кеңес мүшелері баяндамашыларға жастар денсаулығы орталығының жұмысы, суицид пен ерте жүктіліктің алдын алу шаралары бойынша бірқатар сұрақтарын қойып, ұсыныстарын да айтты.
Басқармалардың басшылығы қойылған сауалдарға облыс көлемінде атқарылған жұмыстарды негізге ала отырып жауап берді. Осы орайда кеңес төрағасы Махметғали Сарыбеков жасөспірімдер арасындағы қауіп-қатердің алдын алу шараларын заманауи тәсілдер арқылы жүргізгенде ғана нәтиже болатынын атап өтті.
- Қазір заман өзгерді. Жастардың психологиясы мүлде басқаша. Осыған орай жұмыс жасау форматы да өзгеруі керек. Оның ішінде мынау ақпараттандыру жұмыстарын әлеуметтік желі арқылы жүргізу секілді жаңаша бағыттарды қарастыру керек. Профилактикалық шаралар заманауи түрде жасалса, нәтижелі болатыны сөзсіз,- деді Махметғали Сарыбеков.
Жиын «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұловтың сөзімен қорытындыланды. Осылайша күн тәртібіндегі 2 мәселе толығымен қаралды. Кеңес төрағасы Махметғали Сарыбеков қабылданған ұсынымдарды орындау бойынша тиісті мекемелерге арнайы хат жолданатынын жеткізді.
Ұқсас жаңалықтар
Ауыл шаруашылығының болашағы – білім мен ғылымда
- авторБақытжан Бекболат
- 4 сәуір, 2025