жұма, 5 желтоқсан, 2025 13:26

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Байзақтықтар 15 жыл көтерген мәселе оң шешімін тапты

Байзақтықтар 15 жыл көтерген мәселе оң шешімін тапты
Фото - Jambylinfo.kz
Дәлірек айтқанда, Сарыбарақ ауылының тұрғындарының тілегі орындалды.

Байзақ ауданы Сарыбарақ ауылында жаңа мектеп бой көтерді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Байзақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша баспасөз туры ұйымдастырылды. Осы орайда қолына қалам ұстаған қауым өңір тұрғындары көп жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселелердің шешілу барысымен танысып, әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған жобаларға назар аударды. 
Журналистер барған бірінші нысан - Сарыбарақ ауылында орналасқан орта мектеп. Жергілікті жұрт  білім ошағының мәселесін 15 жыл бойы айтып келе жатыр. Өйткені, осы күнге дейін балалар білім алған нысан 1951 жылы салынған. Оның өзінде бастапқы кезеңде астық сақтайтын қамба қызметін атқарыпты. 2010 жылдан бері апатты деп танылған нысанда оқушылардың толыққанды білім алуына жағдай жасалмаған. 

- Бұл ескі ғимарат алғашында қамба болған. Кейінірек мектеп ретінде қолданылып, осы уақытқа дейін балаларды оқытып келдік. Ескі нысан болғандықтан, білім беру стандарттарына сай келмейді. Қарапайым құрал-жабдықтардан бөлек, спорт залы да қарастырылмаған. Сондықтан оқушыларға қыстыгүні дене шынықтыру сабағы өткізілмейтін. Оның да бір пайдалы жағы бар. Біз бұл сабақта балаларға тоғызқұмалақ ойнаттық. Қазір ауылда осы ойын түрінен әртүрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпаздары бар, - деді мектеп директоры Бағдат Әділ. 

Ендігі ауыл тұрғындарының талап-тілегі негізінде екі қабатты мектеп бой көтерді. Жаңа оқу жылында оқушыларға құшағын айқара ашатын білім ұясы 100 орынға шақталған. Мұндағы құрылысты «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС-і былтыр сәуір айында бастап, жоспарға сәйкес белгіленген уақыттан бір ай ерте бітіріп отыр. Жобаның жалпы құны 1 321,835 млн теңгені құрайды. Мердігер компанияның директоры білім ошағын салғанда сапаға баса мән берілгенін айтып отыр. 

- 1,5 га аумақта орналасқан мектептің жалпы көлемі 18958,73 шаршы метр. Былтыр бастаған құрылысты белгіленген мерзімнен ерте бітіріп отырмыз. Бұл нысанды сапалы етіп салдық деп нық сеніммен айта аламыз. Өйткені, қолданылған материалдар бағасы жоғары отандық өнім. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдап, жақын қалалардан керек-жарақтарды алдық. Жалпы, біз облыс көлемінде бірнеше құрылысты қолға алғанбыз. Оның басым көпшілігі облыс орталығында болса, Жамбыл, Байзақ аудандарында мектеп салып жатырмыз, - деді «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС-інің директоры Самат Құрманалиев. 

Мектеп директоры Бағдат Әділдің сөзінше, мектепте 23 мұғалім бар. Ал, оның жетеуі жоғары санатты ұстаз. Оқу жылының басында 130-дан астам ауыл баласы жаңа оқу ордасында білім алады.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар