Журналист, ақын Нүсіп Кәріпжанның шығармашылығына арналған кеш өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 13 қараша, 2024
- 456
Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында ҚР Журналистер одағының мүшесі, Т. Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы, ақын Нүсіп Кәріпжанның шығармашылығына арналған «Өнер шыңын ешбір жан құлата алмас..» тақырыбында поэзия кеші ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Әдеби шараға Жамбыл облыстық мәдениет, спорт, туризм қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев, Нүсіп Кәріпжановтың шәкірті, қаламгер, «Aq jol» газетінің аға тілшісі Қамар Қарасаева, жазушы, журналист Ардақ Үсейнова, телевизия саласының ардагері Қаржаубай Сыдықназаров пен тұлғаның ұл-қыздары, шығармашылық жолындағы шәкірттері, студенттер қатысты.
Нүсіп Кәріпжанның қызының сөзінше, әдеби кештің маңызы жоғары. Өйткені, Құлан ауылынан шыққан ақынның туындылары бүгін зиялы қауымға таныстырылып, кітапхана қорына тапсырылмақ.
- Әкеміздің шығармашылығына арналып бірінші рет өтіп жатқан іс-шара бұл. Өте қуаныштымыз. Әкеміз Т. Рысқұлов ауданының Қорағаты совхозында өмірге келген. Ауыл-аймақ ол кісінің шығармашылығымен таныс. Журналист ретінде талай өзекті мәселе көтерді. Ақындық қасиетімен көптеге өлеңдер жазды. Саналы ғұмырында ол кісінің жазып қалдырған шығармалары аз емес. Соны жинақтап, үлкен ұлы Нұрдәулет ағамыз өз қаржысымен 4 кітап шығарды. Бүгінгі іс-шарадан кейін кітапханаға жастар оқысын деген ниетпен кітаптарын қалдырамыз,- деді ақынның қызы Гүлназым Атабаева.
Жиынға қатысушылар ақынның өнегелі өмірі, шығармашылығы жөнінде сыр шертіп, естеліктер айтты.
- Нүсіп Кәріпжанмен бала күннен бірге өстік. Өте өжет кісі еді. Өмірін поэзиямен байланыстырып, талай тамаша туынды жазды. Өйткені, ол туып-өскен Құлан қазақ әдебиетіне өз қолтаңбасын қалдырған тұлғаларды шығарған мекен. Бұл да сол ортада жүрді. Совхозда механизатор да болды. Кейінірек аудандық газетке жұмысқа тұрып, фильетондар жазды. Ауылдың жайын жазды. Ақындарсыз, мәдениет қызметкерлерінсіз халық тұл. Кәріпжан Нүсіптің шығармалары ойлы оқырманның көңіліне сәуле түсірері сөзсіз,- деп атап өтті телевизия саласының ардагері Қаржаубай Сыдықназаров.
Сонымен қатар кітапхана қызметкерлері Нүсіп Кәріпжаның өлеңдерін оқып, жастарға ақынның шығармашылығы насихатталды.
Жалпы бүгінгі өткен іс-шараның басты мақсаты - ақын, журналист Нүсіп Кәріпжанның туындыларын жастар арасында кеңінен насихаттау, мектеп оқулығына енгізу.