Бердібек Сапарбаев: Судың әр тамшысына дейін үнемдеуге тиіспіз
- авторjambylinfo.kz
- 30 қараша, 2021
- 231
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 2020-2021 жылдарыЖамбыл облысындағы коммуналдық меншіктегі ұзындығы 374,8 шақырымды құрайтын 81 су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 22,9 мың гектар суармалы алқап қайта айналымға қосылды. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.
Басқосуда Европалық Даму банкі арқылы құрылысы жүргізілген су қоймалары мен «Тасөткел» су қоймасының жағдайы және ұңғымаларды қалпына келтіру мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының суды тиімді пайдалануға байланысты тапсырмасына сәйкес су балансы жасалып, «Жол картасы» әзірленгенін, жер үсті және жер асты су қорларын зерделеудің маңыздылығын, Европалық Даму банкі арқылы бөлінген қаражаттың да сұрауы бар екенін айтты.
Аймақ басшысы бұл саладағы сылбыр жұмыстарды сынға алды.
- Үш ай бұрын берілген тапсырмалар әлі күнге орындалмаған. «Жол картасы» бойынша жүзеге асуы тиіс 34 жобаның 11-інде ғана жұмыс жүруде,-деген Бердібек Сапарбаев тиісті тұлғалардан жауаптар алды.
«Қазсушар» республикалық мекемесі облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев бес ауданда 34 жоба бойынша қайта жаңғырту басталып кеткенін, бүгінгі таңға 46 канал, 46 ұңғыма жөнделгенін жеткізді. Дегенмен бірқатар жобалар мерзімінен кешігуде.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов Жол картасында республикалық меншіктен коммуналдық меншікке ауыстыру арқылы жалпы ұзындығы 1 375,6 шақырымды құрайтын 202 каналға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 41,9 мың гектар суармалы алқапты қайта айналымға енгізу жоспарланғанын хабарлады.
Басқарма басшысының айтуынша, облыстық бюджет қаражаты есебінен ағымдағы жылы 26 ұңғыма зерделеніп, оның 11 қайта қалпына келтіруге жарамды екендігі анықталып, толық сметалық есебі әзірленген.
- Сметалық есепке сәйкес, аудан әкімдіктері тарапынан ұңғымаларды қалпына келтіруге 47,2 млн. теңге, ал инфрақұрылымға 410,4 млн. теңге қаржы қарастырулары қажет болатын. Алайда, бүгінгі күнге Байзақ, Жамбыл, Меркі және Т.Рысқұлов аудандары әкімдіктерімен құжаттары дайын ұңғымаларды қалпына келтіруге бірнеше рет тапсырылса да, әлі күнге дейін қаржы қарастырылмады,-деді Е. Жиенқұлов.
Жиын барысында ҚР АШМ су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы Гүлмира Имашева, «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің директоры Айдар Асамбековатқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
- Барлық тоғандар мен су айдындарын, су жиналатын қоймаларды тиімді пайдалануымыз қажет. Себебі, жылдан жылға су тапшылығы қатты сезілуде. Біз судың әр тамшысына дейін үнемдеуге тиіспіз. Біз баға тұрақтылығын ауыл шаруашылығы өнімдерін көп көлемде өндіру арқылы сақтай аламыз. Осыны есте ұстағанымыз жөн, - деген Бердібек Сапарбаев жауаптыларға су шаруашылығына қатысты жұмыстарды ширатуды тапсырды.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз