сенбі, 12 қазан, 2024 1:58

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылдық студенттер қорғаныс саласында тәжірибе жинап жатыр

Жамбылдық студенттер қорғаныс саласында тәжірибе жинап жатыр
Jambylinfo.kz
Осылайша білімгерлер теориялық білімін практикада қолданды

Жамбылдық студенттер қорғаныс саласында тәжірибе жинап жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Биылдан бастап М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің психология факультетінің студенттері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерде тәжірибеден өтуге мүмкіндік алып отыр. Осынау өндірістік тәжірибе барысында облыстағы іргелі оқу орнының білімгерлері әскери қызметкерлермен бірге жүріп, университетте алған білімдерін іс жүзінде көрсете алады. Бұдан бөлек, олар сарбаздармен бірге психологиялық жаттығулар жасап, сын сағатта көрсетілуі тиіс көмектердің қыр-сырын білуіне жағдай жасалады. Айта кетейік, бұл бастама университет тарихында алғаш рет қолға алынған.

Жалпы, психология факультетінің студенттері үшін ұйымдастырылған алғашқы сабақты әскери өмірге кіріспе десе де болады. Сонымен, болашақ психологтарға арналған алғашқы дәріс «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бас штабында өтті. Бұл сабаққа әскери психологтар ғана емес, әскери басшылық өкілдері де қатысып, болашақ мамандарды күтіп тұрған қызметтік міндеттер туралы кеңінен баяндады. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Ораз Кучуков әскери бөлімдерде әр сарбаз, әр қызметкер темірдей  тәртіпке бағынғанымен студенттерді жылы қарсы алатынын және оқу-жаттығу өте қызықты, ұмытылмас оқиғаға толы болып өтетінін атап өтті. Ал, дәл осы қолбасшылықтың бас психологы, подполковник Ақмарал Төлеутаева тәлімгер ретінде болашақ психологтарға жан-жақты қолдау көрсетіп, оларға бағыт-бағдар берді. Сондай-ақ, ол студенттерді әр практикалық сабақ соңында бағалап отырды.

– Студенттерді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде тәжірибеден өтуге шақыра отырып, біз олардың қарым-қабілеттерін дамытуын, жаңа дүниелерді меңгеруін, болашақта жинақтаған білімдерін қызметте қолдануын қамтамасыз етеміз. Ең бастысы, біз оларға әскери психологтардың жұмысын, әскери бөлімдердегі өмірді іштей зерделеуге мүмкіндік береміз. Білімгерлерге әскери өмір ұнап, әскери психологияға бет бұрып, осы бағытты таңдағысы келетін болса, болашақта олар Қарулы Күштердің психолог мамандарының қатарына қосыла алады, – дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бас психологы, подполковник Ақмарал Төлеутаева.

Психология факультетінің студенті Алина Крашенинникова тәжірибенің өздері ойлағаннан әлдеқайда қызықты өткенін еске алып, білімгерлер әр күн сайын әскери қызметкерлердің сабақтарын асыға күткенін жасырмады. Оның айтуынша,  о баста бойын қорқыныш сезімі билеген білімгерлер уақыт өте міндеттеріне жауапкершілікпен кіріскен.

– Әскери бөлімге алғаш рет келгенде кеудемізде қорқыныш болуы орынды. Әуелгіде «Тәжірибе қалай болар екен? Қандай білім алып қайтамыз, ол нәтижелі бола ма?» деген күдік үстінде жүргенімді жасырмаймын. Тіпті, «Тәжірибе кезінде қиындықтар туындамас па екен? Мойныма білімім, күшім жетпейтін тапсырма жүктелер ме екен?» деп уайымдадым. Бірақ, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Ораз Кучуков қабылдағаннан кейін көңілім орнына түсті. Осы сәтте ғана алдағы күндері бізді қызықтыратын жаңа дүниелер күтіп тұрғанын ұғындым, – дейді А.Крашенинникова.

Айта кетейік, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті студенттерінің әскери бөлімде өткізген жазғы практикасы бір айға жалғасқан. Осылайша, болашақ психологтар тәжірибелерін әдеттегідей оқу орындарында емес, алғаш рет «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде өткізгендеріне ерекше қуанған. Бұл күндері университтің ІІ және ІІІ курсында білім алатын 40 студенттің барлығы қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдер арасында біркелкі бөлінген. Әр топтың өзіне тән ерекшеліктері мен міндеттері бар. Сондықтан, әр бөлімдегі білімгерлердің жинақтаған білімдері бір-біріне ұқсамайды. Мысалы, байланыс полкіне тағылымдамадан өтуге келген студенттер командирге ұсынылатын байланыс түрлері туралы түсінік алды. Білімгерлерге дәрісті мерзімді әскери қызметшілер өткізген. Десе де, әскери тақырыптағы әңгімелерге тек сабақ арасындағы үзіліс кезінде ғана уақыт табылатын.

Себебі, практика кезінде тренингтер мен сынақтарды өткізуге басымдық берілген. Мәселен, дабыл полкінің психологі, капитан Дина Атаханованың қатаң басшылығымен студенттер жауынгерлермен ұжымдағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған сабақтар мен ойындар өткізген. Білімгерлер тренинг сабақ барысында қалам, шар, сондай-ақ жұмбақтар, ребустар қолданыпты. Осы ретте сарбаздардың әскери салада тағылымдамадан тек әскери кафедрада білім алатын курсанттар ғана емес, өзге мамандар да шыңдалып жатқанына, студенттердің әскери өмірге жаңа леп алып келгеніне шын қуанғаны рас.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Әлеуметтік саладағы психология» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Аяулым Мадышеваның сөзінше, әскери психологтың жұмысы үлкен жауапкершілікті қажет етеді.

            – Әскери бөлімде тәжірибеден өткенімді өмірімдегі ең ұмытылмас сәттердің бірі дер едім. Өйткені, мен әскери бөлімдегі психологтың ішкі жұмысымен таныстым. Тәжірибе барысында көптеген қызықты әдіс-тәсілді үйреніп, оларды іс жүзінде сынап көрдік. Әскерде жүріп жаңа білімдерге қанығып, ой-өрісімді кеңейттім. Мұнда жинақтаған білімім болашаққа азық боларына сенімдімін, – дейді жас психолог.

Ал, курстасы Диана Әлімбаева әскери психолог болуға мүмкіндік берген аға-әпкелеріне алғысын жаудырды. «Біз тәжірибе барысында әскери психологтың жұмысын үйреніп қана қоймай, маман ретінде тапсырылған міндеттерді орындадық. Азаматтармен жұмыс істеп дағдылану арқылы бойымыздағы «Менен қандай маман шығады?» деген қорқыныш, қобалжу сезімдерімізден арылдық. Босқа білім алып жүрмегенімізді ұғындық. Қысқасы, әскери бөлімде мол тәжірибе жинадық. Осы тұста университет пен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің басшыларына айтар алғысымыз шексіз», – деді Д.Әлімбаева.

Қорыта айтқанда, болашақ психологтардың әскери бөлімдерде өндірістік тәжірибеден өтуі құптарлық іс. Өйткені, олардың қатарында қолдарына дипломын алған соң, Отан алдындағы азаматтық борышын өтейтін жалынды жігіттер де бар. Демек, сол жігіттердің өз мамандығын әскери өмірде ұштастыруы әбден мүмкін.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар