Биыл Жамбыл облысында 11 мың қыз балаға Нидерландыда өндірілген екпе салынады
- авторМағжан Орынбасар
- 30 сәуір, 2024
- 567
Әлемнің 125-ке жуық елінде сәтті іске асқан вакцинация биылдан бастап Қазақстанда да салынады. Бұл туралы Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев айтты. Оның сөзінше, Жамбыл облысында қыркүйек айында мектептерде 11 мың қыз бала екпе алады, деп жазады jambylinfo.kz.
Облыста адам папилломавирусына қарсы екпе 11 жастан асқан қыздарға салынады. Өйткені, қазір жатыр мойны обырына шалдықтыратын бұл дерт дендеп барады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, аталған вакцинация әлемнің 125-ке жуық елінде сәтті жүргізіліп, жатыр мойны обыры 90%-ға төмендеген.
"Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі екінші орында. Папиллома вирусы адамнан адамға тұрмыстық және жыныстық қатынас арқылы берілуі мүмкін. Бүгінгі күні вакцина арқылы қорғануға болатын жалғыз қатерлі ісік - жатыр мойны обыры. Қазір еліміз осы вакцинаны салу үшін мамандарды даярлап жатыр. Сонымен қатар, халық арасында адам папилломавирусына қарсы екі рет егудің маңызы, өз баласын қатерлі ісік ауруынан қорғау мәселелері бойынша кең санитарлық-ағарту жұмыстары жүріп жатыр", - деді Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.
Басқарма өкілі екпе мектептерде арнайы дайындалған орында егілетінін хабарлады. Емханаларда да вакцина алуға мүмкіндік қарастырылған.
"Вакцина иыққа салынады. Екпе алардың алдында мейірбике баланың температурасын тексереді. Егер медициналық көрсеткіштеріне байланысты салынбайтын болса, оның бәрі қарастырылып, анықталады,- деді Ерік Мұсабаев.
Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликованың сөзінше, өткен жылы облыста жатыр мойны обырымен 99 әйел ауырып, оның 21 қайтыс болған.
"Облыстық онкологиялық орталықтың мәліметі бойынша жыл басынан бергі 3 айдың ішінде аталған аурумен 17 әйел науқастанып, жетеуі қайтыс болды. Бұл өзі ұзақ емделетін ауру. Бұл физикалық-моральдық, эмоционалды тұрғыда өте қиын",-деді Неили Муликова.
Айта кету керек, былтыр онкологиялық аурулардың алдын –алу мақсатында бірқатар бағдарлама қабылданып, биыл елде қыздарды адам папиллома вирусына қарсы вакциналау енгізілген еді. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, енді осы жылдан бастап 11 жастағы қыздарға екпе салынады. Бірақ, вакцинация ата-аналардың рұқсатымен жүргізіледі.
Жатыр мойны обыры - жатыр эпителийінде пайда болатын қатерлі ісік. Бұл қазақстандық әйелдерде жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Адам папилломвирусын екпе арқылы алдын – алуға болады. Бұл дерт 40-44 жастағы әйелдер арасында жиі кездеседі. 2030 жылға дейін папиллома вирусына қарсы екпені 15 жасқа дейінгі қыздардың 90 пайызы алуға тиіс.