Биыл Жамбылда білім саласына 319,2 млрд теңге бөлінген
- авторjambylinfo.kz
- 18 қыркүйек, 2024
- 433
Биыл Жамбылда білім саласына 319,2 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қарастырылған қаржы аясында облыстағы мемлекеттік білім беру ұйымдары бейнебақылаумен 82,9%-ға, дабыл түймелерімен 100%-ға, турникеттермен жабдықтау 85,5%-ға, мамандандырылған күзетпен - 83,7%-ға қамтамасыз етілген.
Жекелей алғанда, 1 - 4 сыныптағы 67 мыңнан астам оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 5,6 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар, қосымша 1 - 11 сыныптағы 47 мыңға жуық аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтуға 3,9 млрд теңге бөлініпті.
Білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлованың сөзінше, облыста 1239 білім беру мекемесі бар. Онда 337 мыңнан аса бала мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік біліммен қамтылып, 40 мыңға жуық педагог қызмет етуде.
- Облыста 1 қыркүйек күні 1239 білім мекемесі 2024-2025 жаңа оқу жылын бастады. Өңірдегі 248 мыңнан аса оқушы сүйікті мектебімен, сыныптастарымен және ұстаздарымен қайта қауышса, Оның 20 800-і 1-сынпықа келіп, алғаш рет мектеп табылдырығын аттады. Жаңа 2024-2025 оқу жылында 587 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, 507 орта білім беру ұйымдары, 42 колледж, 76 қосымша білім беру ұйымдары, 25 ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мекемелер, Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы мен Жасөспірімдер үйі балалар игілігі үшін жұмыс істейді. Жалпы 337 мыңнан аса бала мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік біліммен қамтылып, 40 мыңға жуық педагог қызмет етуде,- деді Ләззат Қызылқұлова.
Сондай-ақ ағымдағы жылы 41 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылған. Жыл соңына дейін 15 мектеп пен 4 мектептің жапсарлас құрылысы аяқталады, 2025 жылы 22 нысанның құрылысы бітпек. Нәтижесінде, оқушы орын тапшылығы бар 9 мектеп, 4 үш ауысымды, 3 ескірген, 2 апатты мектеп проблемалары шешілмек.
- Бұған қоса 10 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланды. Сондай-ақ білім беру мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге 1,9 млрд теңге қаржы қарастырылды. Биылғы жаңа оқу жылы ерекше бастау алды. Себебі облысымызда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы мектептердің ең алғашқысы аяқталып, Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы 600 орындық №7 орта мектебі ел игілігіне берілді. Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы - оқушы орнының жетіспеушілігін шешуге және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Жобада функционалды және қауіпсіз білім беру ортасын құруға ерекше назар аударылған,- деді маман.
Басқарма басшысының орынбасары «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыс бойынша 12 мектеп салу жоспарланғанын атап өтті. Заманауи білім ордасының ең көбі Тараз қаласында салынуда.
- Оның ішінде ағымдағы жылы 6 мектеп ашылса, 2025 жылы 6 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Байзақ ауданындағы жайлы мектеппен қатар Тараз қаласында да 2 мектеп оқушылар игілігіне берілді. Атап айтсақ, Тараз қаласының Арай қалабындағы 600 орындық №63 және Казарма алқабындағы 180 орындық №65 орта мектептері. Сондай-ақ 3 мектептің ғимараты жаңадан пайдалануға беріліп, тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілді. Олар Қордай ауданының Бәйтерек ауылындағы №45 орта мектебі, Меркі ауданының Аспара ауылындағы №2 Аспара орта мектебі мен Сарысу ауданының Маятас ауылындағы Д.Сенбин атындағы орта мектебі. Айта кетейік, Қордай және Меркі аудандарындағы жаңа білім ордалары 150 орындық болса, Сарысу ауданындағы мектеп 50 орынға шақталған. Сонымен қатар, биыл өңірдегі 96 білім нысанына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Білім алушыларды қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жұмыстары жалғастырылады ,- деді басқарма басшысының орынбасары.
Айта кетерлігі, биыл көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен, киім-кешек, жазғы сауықтырумен қамтамасыз етуге жалпыға міндетті білім беру қорынан 5,6 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында жекелеген санаттағы 2488 балаға 70 млн. 49 мың теңгеге демеушілер есебінен көмек көрсетілген.
- Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен, киім-кешек, жазғы сауықтырумен қамтамасыз етуге жалпыға міндетті білім беру қорынан 5,6 млрд. теңге бөлінді. Жаңа оқу жылына дейін киім-кешек алуға әр балаға 47389 теңгеден берілді. 2024 жылғы 1 тамыз - 30 қыркүйек аралығында әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өткізілуде. Бүгінгі күні акция аясында жекелеген санаттағы 2488 балаға 70 млн. 49 мың теңгеге демеушілер есебінен көмек көрсетілді. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға 9,5 млрд. теңге қаржы бөлінді, оның ішінде жекелеген санаттағы 43198 оқушыға 3,9 млрд. теңге, 1-4 сыныптағы 71 230 оқушыны тамақтандыруға 5,6 млрд. теңге. Барлық бастауыш сынып оқушылары бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылуда,- деді Ләззат Қызылқұлова.
Сонымен қатар, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектепке тасымалдайтын қоғамдық көліктердің барлығы дерлік техникалық байқаудан өткен.
- Биылғы оқу жылында 8277 бала мектептерге және кері қарай күнделікті тасымалдануда. Мектеп оқушыларын тасымалдайтын 131 автобустың 30-ы білім бөлімінің, 35-і мектептің, 66-ы кәсіпкерлердің меншігінде. Автобустардың барлығы техникалық байқаудан өткен. Автобустардың барлығы медициналық көмек қобдишаларымен, өрт сөндіру құралдарымен, апаттық жағдай белгісімен, «Абайлаңдар балалар!» белгілерімен, арнайы жарық және дыбыстық сигналдарымен жабдықталған,- деді Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз