"Бізді ешкім кездесуге шақырған жоқ". Талас ауданының шаруалары облыс әкіміне қордаланған проблемаларды ашық айтты
- авторМағжан Орынбасар
- 26 сәуір, 2024
- 458
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің Талас ауданының тұрғындарымен кездесуінде шаруалар бірқатар мәселе көтерді. “Дінислам” шаруа қожалығының жетекшісі аймақ басшысына аудан әкімінің орынбасарлары баяндаған жұмыстардың бірқатарын жоққа шығарды, деп жазады jambylinfo.kz.
Қаратау қаласының тұрғыны аудандық атқамінерлер диқандарға “бердік” деген жанар-жағармай отынын 9 жылдан бері алып көрмегенін айтты. Тіпті, соңғы уақытта егіс алқабына су жеткізу қиындай түскен. Ашынған шаруа аудандық шенеуніктердің дала еңбеккерлерімен “өткіздік”деп есеп берген кездесулерге де шақыртылмағанын айтты.
"Аудан әкімінің орынбасары жанар-жағармай бердік деп айтып отыр. Мен 9 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысып келемін. Әлі күнге дейін мемлекет тарапынан 1 литр бензин, 1 грамм тыңайтқыш алып көрген емеспін. Одан кейін көлдің маңында 70 гектар жоңышқам бар. Әлі күнге дейін су алған жоқпын. Өйткені судың бәрі балық шаруашылығына беріледі дейді. Көлдің суы түрлі мақсатта жұмсалады. Бірақ шаруалар әлі күнге су ала алмай келеді,- деді “Дінислам” шаруа қожалығының жетекшісі.
Мәселені назарға алған аймақ басшысы жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Талас ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы саласы бойынша жауапты орынбасарына дала еңбеккерлерімен тығыз жұмыс жүргізуді міндеттеді.
"Бұл кісінің сұрап отырғаны жанар-жағармай, тыңайтқыштың субсидиясы ғой. Әйтпесе оны өздері-ақ сатып ала алады. Осы мәселе бойынша шаруа қожалықтардың өкілдерін жинап, кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер",- деді Ербол Қарашөкеев.
Ұқсас жаңалықтар
«Ауыл аманаты»жобасы аясында 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024