Олар қолөнер арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттап жүр. Солардың бірі – Дариға Өтепова. Ол Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Айдана» базарында жеке тігін шеберханасын ашып, табысты еңбек етуде. Негізгі бағыты – киімдерді жөндеу және қайта жаңғырту. Сонымен қатар ұлттық киімдер, құрақ көрпе мен жастықтар тігеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Дариға Аллабергенқызының қолөнерге қызығушылығы бала күнінен басталған. Құрақ құрау мен көрпе тігудің қыр-сырын әжесі Айкүмістен үйренген. Әжесінің жанында жүріп жүн түтіп, кесте тігіп, ісмерліктің алғашқы баспалдағынан өткен. Мектепті тәмамдаған соң тігіншілік мамандығын таңдауды мақсат етіп, 1993 жылы Хорезм қаласындағы №3 кәсіптік-техникалық училищені бітірген. Кейін бірнеше жыл тігін цехында еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған.
Кәсіп ашқанға дейін ол әжесімен бірге үй жағдайында тапсырыс қабылдап, киім-кешек пен қыз жасауын дайындаған. 2004 жылы жұбайы Рәшит Досымовпен бірге тарихи отанына оралып, Көктөбе ауылына қоныстанады. Жаңа ортада да ісін тоқтатпай, ауыл тұрғындарының сұранысына сай ұлттық киім, мектеп формасы, көрпе-жастық тігіп, тапсырыспен жұмыс істейді. Кейін Бауыржан Момышұлы ауылына көшіп, кәсібін кеңейтуге бел буады. Осылайша «Айдана» базарынан орын алып, жеке ісін жолға қояды. Бұл кәсіппен айналысып келе жатқанына он бес жылдан асқан.
Ісін дамыту мақсатында ол аудандық жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы жеңілдетілген несие алған. Қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, жұмыс аясын кеңейткен. Алғашында несие алуға жүрексінгенімен, тәуекелге бел буып, нәтижесінде кәсібі алға басқан. Кейін кәсібін ұлғайту үшін қаржы ұйымдарымен тұрақты жұмыс істеп, өндіріс көлемін арттырған.
Қазіргі таңда шеберханада бірнеше әйел тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар ұлттық және мерекелік киімдерді тігіп қана қоймай, жалға беру қызметін де ұсынады. Осылайша Дариға Өтепова тек кәсіпкер ретінде ғана емес, ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтып отырған жан ретінде де елге танылып отыр.





