Жамбыл жаңалықтар
Денсаулық сақтау саласы дамыған шет елдермен ынтымақтастық орнату қажет
- авторjambylinfo.kz
- 30 сәуір, 2021
- 179
Денсаулық сақтау саласы дамыған шет елдермен ынтымақтастық орнату қажет
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте денсаулық сақтау саласындағы ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстардың қорытындысы қаралды.
Бүгінгі таңда сала үш міндет пен тоғыз бағытты қамтитын 2020-2025 жылдарға арналған бағдарлама бойынша алға жылжуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, белгіленген 20 индикатордың үшеуіне қол жеткізілмеген. 1000 тұрғынға шаққанда бала туу көрсеткіші 10,7-ден 11,8-ге дейін өскен.
Жыл басынан бері 1932 адам облыстан тыс жерлерде емделуге шешім қабылдаған. Олар негізінен онкологиялық және хирургиялық араласуды қажет ететін урологиялық патологиясы бар науқастар мен тағы басқалар. Мамандар тапшылығы және жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері шешілген жағдайда, бұл ағынды кем дегенде екі есеге азайтуға мүмкіндік болар еді.
Жыл соңына дейін жергілікті мекемелердің «Фармация» СК алдындағы қарыз мәселесі шешілмек. Кадр мәселесін жою үшін С.Д.Асфендияров атындағы медициналық университетімен бірлескен үш жылдық бағдарлама әзірленген. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шынәлиевтың хабарлауынша, 1 қаңтар мен 28 сәуір аралығында КВИ дертін 124 медицина қызметкері жұқтырған. Медицина қызметкерлерінің арасында аурулардың ең көп дерегі Тараз қаласында – 71, Жуалы – 11, Байзақ – 10 науқас тіркелген.
Бұл жағдай бойынша 12 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 393,7 мың теңге сомасында тоғыз айыппұл салынып, жеті ұйғарым берілген.
«Дәрігер жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін медициналық университеттермен тығыз байланыста жұмыс істеп, ЖОО-ның жергілікті филиалының қызметін дамыту қажет. «Фармация» СК алдындағы берешек мәселесін шешу керек. Облыстың барлық тұрғындары медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылуы тиіс. Медициналық ұйымдардың басшылары ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалға назар аударуы маңызды, өйткені шағым артқан. Халықты вакцинациялау белгіленген мерзімде жүргізілуі керек. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласы дамыған шет елдермен ынтымақтастық орнату қажет», - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала