Дулати университеті – жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа мүмкіндіктер алаңы
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 10:30
- 59
Осы және өзге де сұрақтарға жауап беру мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы, ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Орынбаевпен Jambylinfo.kz тілшісі сұхбаттасқан еді.
— Сейтжан Әуесжанұлы айтыңызшы, ел дамуының басты қозғаушы күші – ғылым екені белгілі. Осы тұрғыда ғылымды дамыту бағытында университет қандай нақты жұмыстар атқарып жатыр?
– Қазіргі таңда М.Х.Дулати университеті ғылым мен өндірісті ұштастыру арқылы өңірдің дамуына нақты үлес қосуда. Университет ғалымдары аймақтағы 50-ге жуық мекемемен түрлі келісімшарттарға отырып, ғылыми-зерттеу және қолданбалы жұмыстарды бірлесе жүзеге асыруда. Аталған келісімшарттардың қаржыландыру көлемі 400 мың теңгеден бастап 5 миллион теңгеге дейін жетіп отыр. Осылайша мекемелерде туындаған өндірістік, технологиялық және ұйымдастырушылық мәселелерді ғылыми тұрғыдан шешу қолға алынуда. Бұл өз кезегінде ғылыми зерттеулердің тәжірибелік маңызын арттырып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар университет ғалымдарының ғылыми зерттеу нәтижелері тек теориялық деңгейде қалып қоймай, өндіріске енгізіліп, дайын өнім ретінде жүзеге асырылуда. Яғни ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру бағытында университет жанынан құрылған коммерцияландыру офисінің үйлестіруімен қазіргі уақытта өңірде жалпы қаржыландыру көлемі 350 миллион теңгені құрайтын екі жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалар ғылыми идеяларды практикаға енгізуге, инновациялық өнімдер әзірлеуге және өндірістік үдерістерді жетілдіруге бағытталған. Аталған жұмыстар университет пен өндіріс арасындағы өзара әріптестіктің нығайып, жүйелі түрде дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұдан бөлек М.Х.Дулати университеті 2024 жылы қаржыландыру көлемі 3,5 миллиард теңгені құрайтын ірі мега бағдарламаның жеңімпазы атанды. Бағдарлама аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін жеті басым бағыт бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, су ресурстарын басқару, судың сапасын бағалау және тазарту технологиялары, тамақ өнімдерін өңдеу технологиялары, құрылыс саласы, химия өнеркәсібі, аграрлық сектор және ирригация бағыттары қамтылған. Дәл осы бағыттар бойынша заманауи әрі инновациялық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған ірі зертханалар мен инжинирингтік орталықтар құрылып, өңір үшін өзекті ғылыми мәселелерді шешуге арналған зерттеулер жүзеге асырылуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – тек жоғары білікті мамандар даярлау мен университет ғалымдарының ғылыми әлеуетін арттыру ғана емес, сондай-ақ өңірдегі өндіріс орындары мен кәсіпкерлік субъектілерінің технологиялық дамуына ғылыми қолдау көрсету. Бұл ретте инжинирингтік орталықта орнатылған өндірістік жабдықтарды пайдалана отырып, өнім өндіру және түрлі қызмет түрлерін көрсету көзделген.
– Отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін кең аудиторияға жеткізудің ең тиімді тетіктері қандай деп ойлайсыз?
– Отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін кең аудиторияға тиімді жеткізу үшін дәстүрлі ғылыми коммуникация тәсілдерімен қатар заманауи, қоғамға жақын форматтарды кеңінен қолдану қажет. Ең алдымен, ғылыми нәтижелерді күрделі академиялық тілден арылтып, көпшілікке түсінікті ғылыми-көпшілік форматта ұсыну маңызды. Бұл – ғылым мен қоғам арасындағы алшақтықты азайтып, халықтың ғылымға деген қызығушылығын арттырады. Тиімді тетіктердің бірі – бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ғылыми жетістіктерді жүйелі түрде насихаттау. Теледидар, радио, баспа және интернет басылымдарында отандық ғалымдардың зерттеулері, олардың практикалық маңызы мен нақты нәтижелері туралы материалдар жариялау кең аудиторияны қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен цифрлық платформаларды пайдалану –ғылымды таратуда аса маңызды құралға айналып отыр. Ғылыми ақпаратты жастарға және кең қауымға жылдам жеткізудің тиімді жолы – қысқа видеолар, инфографикалар, подкасттар мен тікелей эфирлер. Тағы бір маңызды бағыт – ғылым мен өндіріс, ғылым мен қоғам арасындағы тікелей байланысты күшейту. Ғылыми жетістіктердің нақты өмірде қолданылуын көрсету. Яғни өндірісте, медицинада, ауыл шаруашылығы немесе экология саласында беріп жатқан нақты пайдасын түсіндіру халықтың ғылымға деген сенімін арттырады. Бұл ретте ғылыми көрмелер, инновациялық жәрмеңкелер, «open lab» форматындағы «Ашық есік күні» іс-шарасы мен ғылыми фестивальдер үлкен рөл атқарады.
Сондай-ақ тиімді тетіктердің бірі – білім беру жүйесі арқылы ғылымды насихаттау. Мектептер мен колледждерде ғалымдармен кездесулер өткізу, ғылыми үйірмелер мен жобалық жұмыстарды дамыту – жас ұрпақтың ғылыми ойлауын қалыптастырып, отандық ғылымға деген қызығушылығын ерте жастан оятады. Бір сөзбен айтқанда, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін кең аудиторияға жеткізудің ең тиімді тетіктері – ғылыми ақпаратты қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу, цифрлық және медиа ресурстарды кеңінен пайдалану, ғылымның практикалық нәтижелерін көрсету және қоғаммен тікелей диалог орнату. Осы тетіктерді жүйелі түрде іске асыру ғылымның қоғамдық беделін арттырып, елдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
– Университет ғалымдарының соңғы жылдардағы ең маңызды ғылыми жетістіктерін атап өтсеңіз.
– Университемізде маңызды ғылыми жетістіктер жеткілікті. Атап айтсақ, су сапасының тазартылуы деңгейін жоғарылатуға арналған мембраналар және сорбенттері (Калмаханова Маржан Сеитовна), сейсмикалық өңірлерде қолдануға арналған жүк көтеру қабілеті жоғары қадалар конструкциялары (Бекбасаров Исабай Исакович, Атенов Ерлан, Шаншабаев Нуржан), фосфогипс өндірісінің қалдықтарынан сирек кездесетін металдарды өндіру әдістемесі (Садиева Халипа Рыскуловна), гидротехникалық құрылыстарға арналған барит негізіндегі бетондардың жаңа құрамын алу (Садиева Халипа Рыскуловна), құрамында глютені жоқ немесе пайдалы қоспалары бар, құрамында құйрық майы бар таба нан сияқты жаңа нан өнімдері (Садибаев Абильхан Килыбаевич), мұнай-газ кен орындарындағы ұңғымаларды цементтеуге арналған тығындау ерітінділерінің түрлері (Кабдушев Арман Арыстангалиевич), мұнайды судан бөлу мен тазалаудың жаңа әдістері (Құдайбергенова Рабиға Мусапаровна), жаңа интелектуалды көше жарықтары (Джунисбеков Мухтар Шардарбекович). Сонымен қатар математика бағытындағы дифференциялдық теңдеулердің шешімдерін зерттеген Мұратбеков Мусахан, педагогтердің цифрлы құзыреттіліктерін қалыптастыруды зерттеген Бұзаубақова Клара Жайдарбекқызы CLIL саясатын қолдану бойынша Исабекова Г.Б., медиакоммуникация процестерін зерттеу Сматова Клара Бегалықызы, практикалық философия Нурадин Гулхан Болатқызы, балаларды психологиялық-педагогикалық диагностикалау бағыты бойынша Алимабаева Сауле Курмантаевна сияқты ғалымдарымыздың еңбектерін атап айтсақ болады.
– Жас ғалымдар мен зерттеушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар университетте қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Жас ғалымдар мен зерттеушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар университетімізде жүйелі түрде іске асырылуда. Атап айтқанда, ғалымдардың барлық деңгейіне арналған гранттық қаржыландыру конкурстарына қатысу үдерісі тұрақты ұйымдастырылып келеді. Қазіргі таңда университетте 28 ғылыми жоба жүзеге асырылуда, сонымен қатар жаңа конкурстарға қатысу үшін 38 өтінім берілді.
Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, университетімізде жас ғалымдар мен зерттеушілерді қолдаудың қосымша тетіктері де қарастырылған. Мәселен, ай сайын 500 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленетін постдокторантура бағдарламасы жұмыс істейді. Ғалымдарға, оның ішінде докторанттарға жарияланған мақалалары мен Хирш индексінің өсуіне байланысты ынталандыру сыйақылары төленеді.
Сондай-ақ зерттеушілердің ғылыми ізденіспен еркін айналысуына жағдай жасау мақсатында жаңа зертханалар ашылып, халықаралық стандарттарға сай заманауи құрал-жабдықтар алынуда. Университетте ғалымдардың гранттық жобаларға қатысуына кеңес беріп, сүйемелдейтін Жобалық офис қызмет етеді. Ғалымдардың мақалалары, монографиялары, диссертациялары мен ғылыми өтінімдері плагиатқа тегін тексеріледі.
Бұдан бөлек, университетте 200 академиялық сағат жүктемемен жұмыс істеп, қалған уақытын ғылыми зерттеулерге арнайтын «Оқытушы-зерттеуші» санаты енгізілген. Аталған санаттағы оқытушылардың шетелде ғылыми тағылымдамадан өтуіне, халықаралық конференцияларға қатысуына және монографияларын тегін жариялауына қолдау көрсетіледі.
Жас ғалымдар мен зерттеушілердің өнертабысқа патент алуына және оны қолдау шығындары университет есебінен өтеледі. Сонымен қатар құрылыс технологиялары, жеңіл өнеркәсіп технологиялары, химиялық технологиялар және тамақ өнімдерінің технологиялары бағыттары бойынша Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылым жұмыс істейді. 8D05311 «Химия» білім беру бағдарламасы бойынша диссертациялық кеңес қызмет атқарады.
Ғалымдарға Scopus және Web of Science секілді халықаралық деректер қорына тегін қол жеткізу мүмкіндігі берілген. Сондай-ақ халықаралық гранттарға қатысу және аталған базаларға енетін журналдарда мақала жариялау мақсатында тегін тренингтер мен семинарлар тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады.
– Жас зерттеушілер үшін гранттар мен жобаларға қол жеткізу қаншалықты жеңілдеді?
– Менің ойымша жеңілдеген жоқ және жеңілдеуі мүмкін емес сияқты. Себебі бұл күнде ғалымдардың деңгейі, яғни сапасы мен саны да жыл сайын артып келеді. Бәсекелестік деңгейі жоғары болуы және жыл санап артуы Ғылым және жоғары білім министрлігі жүргізетін жүйелі саясаттың нәтижесі деп ойлаймын. Қазіргі таңда біздің университет ғалымдарының көп бөлігінің жобаларға өтінім дайындау деңгейі мен сапасы жоғарылады. Гранттар мен жобаларға қол жеткізудің алғы шарттарының бірі – Q1/Q2 квартиліндегі журналдарда өтінім беруші ғалымның мақалаларының болуы. Сондықтан, әрдайым осы мақалалардың болуы – басты назарда. Осы мәселені шешу бағытында және гранттар мен жобаларға қол жеткізуді жеңілдету мақсатында ынталандыру тетіктерінен бастап семинар мен арнайы курстар ұйымдастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі.
– Университет студенттерін ғылымға ерте кезеңнен тарту үшін қандай тетіктер қолданылуда?
– Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысы университеттегі білім беру үдерісінің ажырамас бөлігі. Ол жас мамандардың кәсіби даярлығын күшейтіп, бәсекеге қабілетті, интеллектуалдық әлеуеті жоғары кадрларды қалыптастыруға тиімді ықпал етеді. Біздің университетте студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысы (СҒЗЖ) үш бағытта жүргізіледі. Бірінші, оқу үдерісі аясында ғылыми элементтері бар зертханалық жұмыстар мен курстық жобаларды орындау, ғылыми баяндамалар мен рефераттар дайындау, дипломдық ғылыми-зерттеу жұмыстары. Екінші, оқудан тыс уақытта студенттік ғылыми үйірмелер (СҒҮ) құрамында жұмыс істеу, студенттердің топпен немесе жеке түрде ізденіс-бастамашыл және шаруашылық келісімшарт негізіндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуы. Үшінші, ұйымдастырушылық-бұқаралық іс-шаралар арқылы студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелері бойынша әртүрлі деңгейдегі конференциялар мен байқауларға қатысу. Студенттерді ғылыми қызметке кеңінен тартуды университеттің ғылыми-зерттеу қызметі бөлімі ұйымдастырып, үйлестіреді. Сондай-ақ мұнда студенттердің ғылымға қызығушылығын арттыруға, бастамашыл әрі белсенді, қабілетті және талантты жастарды анықтап, қолдауға көмектеседі. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелерін көпшілікке таныстыру мақсатында университетте жыл сайын факультет деңгейінде және жалпы университеттік студенттік ғылыми конференциялар өткізіледі. Мәселен, 2025 жылы «Цифрлық технологиялар дәуіріндегі мамандықтардың трансформациясы» тақырыбында XXVII студенттік ғылыми-практикалық конференция өтіп, оған 395 студент қатысты. Сонымен қатар университетте тақырыптық қағида бойынша құрылған студенттік ғылыми үйірмелер жұмыс істейді. Үйірмелерде студенттер ғылыми-зерттеудің бастапқы дағдыларын меңгеріп, жаңа техникалық және шығармашылық идеяларды іздеу әдістерін үйренеді, технологиялар мен құрылғыларды жетілдіру бағытында жұмыс істейді, арнайы ғылыми әдебиетпен жұмыс дағдыларын нығайтады және мамандығы бойынша тәжірибелік қабілеттерін арттырады. Айталық, 2025–2026 оқу жылында университетте 44 студенттік ғылыми үйірме жұмыс істеп, оған 1190 студент тартылды. Студенттердің ғылыми белсенділігін ынталандыру және дарынды жастарды анықтау мақсатында жыл сайын «Студент-зерттеуші» біліктілігін беру конкурсы өткізіледі. 2025 жылы бұл біліктілік 15 студентке берілді. Студенттер жыл сайын түрлі деңгейдегі байқауларға қатысады. Мысалы, еліміздің жоғары оқу орындары арасында өтетін студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының республикалық конкурсында 2025 жылы 13 студент ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің дипломдарымен марапатталды. Сондай-ақ Н.Назарбаев Қорының студенттік стипендиялары конкурсында 2025 жылы студентіміз Шапко Даниил Қордың атаулы стипендиясының иегері атанды. Оқудан тыс уақыттағы маңызды көрсеткіштердің бірі – студенттердің ізденіс-бастамашыл және келісімшарттық ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуы. 2025 күнтізбелік жылы мұндай жұмыстарға 91 білім алушы қатысты. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысының маңызды нәтижесі – студенттердің оқытушылармен бірлескен жарияланымдары. 2025 жылы университет жинақтарында 322 ғылыми мақала мен баяндама жарияланды. Есепті жылы студенттер мен оқытушылардың бірлескен жарияланымдарының жалпы саны – 444.
– Ғылым жолын таңдаған жас ғалымдар мен зерттеушілерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Ғылым жолын таңдаған жас ғалымдар мен зерттеушілерге ең алдымен, өз мамандығын терең түсініп, үнемі ізденісте болуға кеңес берер едім. Ғылым – табандылықты, шыдамдылықты және үздіксіз еңбекті талап ететін сала. Сондықтан, алғашқы қиындықтар мен сәтсіздіктерден қорықпай, әрбір нәтижені тәжірибе мен кәсіби өсу мүмкіндігі ретінде қабылдау маңызды. Бұдан бөлек жас зерттеушілер заманауи ғылыми әдістер мен технологияларды меңгеруге, халықаралық ғылыми әдебиеттермен жүйелі түрде жұмыс істеуге күш салуы қажет. Шетелдік және отандық әріптестермен тәжірибе алмасу, ғылыми конференциялар мен семинарларға қатысу зерттеу көкжиегін кеңейтіп, ғылыми ой-өрісті дамытуға ықпал етеді.Жас ғалымдар үшін ғылыми нәтижелердің практикалық маңызын түсіну де аса маңызды. Ғылыми зерттеулерді нақты қоғам немесе өндіріс сұраныстарымен байланыстыра отырып жүргізу ғылымның қолданбалы құндылығын арттырады және зерттеу нәтижелерін өмірде тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ғылыми этиканы сақтау, адалдық пен жауапкершілікті басты қағида ретінде ұстану – зерттеушінің кәсіби беделін қалыптастырады. Бастысы, жас ғалымдарға өз уақытын тиімді жоспарлап, ғылыми жұмыс пен жеке дамудың тепе-теңдігін сақтауға кеңес берер едім. Менторлар мен тәжірибелі ғалымдардың кеңесіне құлақ асып, олардан үйрену ғылыми жолда дұрыс бағыт таңдауға көмектеседі. Ең маңыздысы – ғылымға деген қызығушылық пен сенімді жоғалтпай, өз идеяларыңызға жауапкершілікпен қарау қажет. Ғылым жолын таңдаған жас ғалымдар мен зерттеушілерге табандылық танытып, үздіксіз даму мен жаңашылдыққа ұмтылу, білім мен тәжірибені ұштастыра отырып, ел игілігіне қызмет ететін ғылыми нәтижелерге қол жеткізуге талпыну маңызды деп есептеймін.
– Университет цифрландыруды дамыту және инновацияларды енгізу бағытында қандай негізгі жұмыстар атқарып келеді?
– Бүгінгі таңда біз үшін цифрландыру – университеттің бүкіл тыныс-тіршілігін өзгертетін стратегиялық бағыт. Университетте цифрландыруды дамыту мен инновацияларды енгізу жүйелі түрде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Біріншіден, инфрақұрылымды толық жаңғырттық десек болады. Университетте заманауи халықаралық стандарттарға сай деректерді өңдеу орталығы ашылды. 7 кешенге құрылымдық кабельдік жүйе, ал 6 кешенге талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылды. Нәтижесінде, барлық корпустар жоғары жылдамдықты Wi-Fi желісімен қамтамасыз етілді. Барлық объектілер бір корпоративті желіге қосылып, ақпарат алмасудың жылдамдығы мен қауіпсіздігі артты. Сонымен қатар қашықтықтан оқыту материалдарын сапалы дайындау үшін арнайы интерактивті видеостудия ашылды. Екіншіден, «Smart Campus» қауіпсіздігі мен сервистерін жетілдірдік. Корпустың кіреберістерінде Face ID жүйесі орнатылып, барлық жерде заманауи камералар жұмыс істейді. Бұл – қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, білім беру үдерісінде цифрлық платформалар енгізіліп, студенттердің академиялық жолын басқару, онлайн оқыту элементтері мен цифрлық білім беру ресурстары кеңінен қолданылуда. Әкімшілік-басқару қызметінде құжат айналымын автоматтандыру, деректерді талдау және басқарушылық шешімдерді қолдайтын ақпараттық жүйелер іске қосылды. Сондай-ақ білім беру мазмұнын жаңартып, жасанды интеллект элементтерін барлық оқу бағдарламаларына енгізіп жатырмыз. Жасанды интеллект, деректерді талдау және инновациялық технологиялар бағытында жобалар әзірленіп, цифрлық құзыреттерді дамытуға арналған бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар университеттің ашықтығын арттыруға, қызмет сапасын жақсартуға және заманауи талаптарға сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған. Бүгінде университетте студенттің қабылдануынан бастап, диплом алғанға дейінгі барлық кезең цифрлық із қалдырады. Біз студенттерге тек теория емес, Coursera немесе Huawei ICT Academy сияқты жаһандық платформалардың курстарын игеруге мүмкіндік береміз. Студенттеріміз тек дипломдық жұмыс жазып қана қоймай, нарыққа дайын өнім немесе IT-шешім шығаруға бейімделуде. Біздің мақсатымыз – түлектеріміздің тек жұмыс іздеуші емес, жұмыс орнын жасаушы болуына жағдай жасау. Яғни университет «дипломдар фабрикасы» емес, верификацияланған таланттар хабы болуға тиіс.
– Білім беру мен ғылымда цифрлық технологияларды қолдану – оқу процесінің сапасына қалай әсер етуде?
– Цифрлық технологиялар білім сапасын түбегейлі жаңа деңгейге көтерді. Біріншіден, оқыту дербестендірілді. Ал жасанды интеллект әрбір студенттің деңгейіне қарай жеке оқу траекториясын ұсына алады. Бұрын біз барлық студентке бірдей қарқынмен білім берсек, қазіргі адаптивті платформалар мен жасанды интеллект әр студенттің деңгейін анықтайды. Егер студент бір тақырыптан ақсап жатса, жүйе оған қосымша материалдар ұсынып, оқу траекториясын жеке икемдейді. Бұл – үлгерім сапасын орта есеппен 20-30 пайызға арттырады. Сонымен қатар цифрлық құралдар білім алушыларға оқу материалдарын қолжетімді әрі ыңғайлы форматта меңгеруге, жеке оқу траекториясын қалыптастыруға және оқу нәтижелерін жедел бақылауға жағдай жасайды. Онлайн платформалар мен цифрлық білім беру ресурстары оқытушыларға оқу процесін икемді жоспарлауға, интерактивті әдістерді енгізуге және студенттердің белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ғылыми қызметте деректерді өңдеу, талдау және зерттеу нәтижелерін тарату үдерістері жеделдетіліп, ғылыми зерттеулердің тиімділігі мен ашықтығы күшейді. Нәтижесінде, цифрлық технологияларды пайдалану білім сапасын арттырумен қатар, заманауи талаптарға сай, цифрлық құзыреттері қалыптасқан әрі бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға оң ықпал етуде.
– Университет базасында инновациялық инфрақұрылым қалай қалыптасып жатыр?
– Біздің инновациялық инфрақұрылымымыз идеядан нақты өнімге дейінгі толық циклді қамтитын технологиялық экожүйе ретінде дамып келеді. Қазіргі таңда бұл бағытта ауқымды жобалар қолға алынды. Соның ішіндегі ең маңыздысы — ISAAI (Intelligent Systems and Artificial Intelligence Institute) институтымен бірлесіп, заманауи жасанды интеллект зертханасын (AI Lab) ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл зертхана тек оқу орны ғана емес, жасанды интеллект саласындағы күрделі мәселелерді шешетін ғылыми-зерттеу орталығына айналады. Сонымен қатар бізде студенттердің креативті идеяларын жүзеге асыруға арналған IT-хаб пен стартап орталықтары жұмыс істейді. Мұнда жас инноваторлар тәжірибелі менторлардан кеңес алып, өз жобаларын нарыққа шығаруға мүмкіндік алады. Осылайша біз теория мен практиканы ұштастыратын, жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті технологиялық алаң қалыптастыруға әрекеттеніп жатырмыз.
– Студенттер мен жас ғалымдарды инновациялық жобаларға тарту үшін қандай мүмкіндіктер бар?
– Біздің басты капиталымыз – талантты жастар. Сондықтан оларды инновацияға тарту үшін тек жағдай жасап қана қоймай, нақты ынталандыру тетіктерін қалыптастырудамыз. Студенттің идеясы болғанымен, оны бизнеске айналдыру тәжірибесі жетіспеуі мүмкін. Сол себепті біздің жобалық офис базасында тәжірибелі мамандар мен сарапшылар менторлық етеді. Инновациялық жобамен айналысатын жас ғалымдарымызды біз шетелдік серіктес университеттер мен ірі технологиялық хабтарға қысқа мерзімді тағылымдамаға жібереміз. Бұл олардың ой-өрісін кеңейтіп, жаһандық трендтерді сезінуіне көмектеседі. Студенттер үшін диплом орнына стартап бағдарламасын енгізу қолға алынуда. Демек, студент құрғақ теориялық жұмыс жазбай-ақ өзінің инновациялық жобасын, мобильді қосымшасын немесе технологиялық шешімін дипломдық жұмыс ретінде қорғай алады. Бұл – оқу процесі мен шынайы өмірді тікелей байланыстырады. Индустриялық серіктестік идеясын да іске асыруды көздеп отырмыз. Біз мекеме (кәсіпорындардан) нақты кейстер мен мәселелерді аламыз. Студенттер мен мамандарымыз бизнестің нақты проблемасын шешу арқылы инновация жасауға тырысады.
– Цифрландыру үдерісінде ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғаудың маңызы қандай? «Қазақстан киберқалқаны» жобасының негізгі мақсаты не және киберқауіпсіздікті күшейтудегі жоғары оқу орындарының рөлі қандай?
– Елдің киберқауіпсіздігін күшейтуде жоғары оқу орындарының рөлі өте маңызды. Университеттер болашақтың мамандарын дайындайтын, жаңа технологияларды жасайтын және бүкіл елдің цифрлық иммунитетін қалыптастыратын негізгі институттар. Менің ойымша, елдің киберқауіпсіздігін күшейту үшін жоғары оқу орындары бес негізгі рөлді атқаруы тиіс. Бірінші, жоғары оқу орындары үздіксіз білім беру принципімен жұмыс істеуі керек. Олар тек бакалаврларды ғана емес, магистранттар мен докторанттарды, сондай-ақ нарықта жұмыс істеп жүрген мамандардың біліктілігін арттыратын қысқамерзімді курстарды да іске қосуы қажет. Екіншіден, университеттер тек шетелдік бағдарламаларды оқытып қана қоймай, Қазақстанның ақпараттық инфрақұрылымына бейімделген отандық бағдарламалық өнімдерді, шифрлау алгоритмдерін және қауіпсіздік шешімдерін әзірлеуі тиіс. Яғни импортқа тәуелділікті азайтуға үлес қосуы керек. Үшінші, ЖОО базасында үкіметтік ұйымдар, бизнес және тәуелсіз сарапшылар өзара тәжірибе алмасатын және киберқатерлер туралы жедел ақпарат бөлісетін арнайы орталықтар құрылуы керек. Төртінші міндет – университеттер тек өз студенттеріне емес, бүкіл қоғамға, әсіресе егде жастағы азаматтарға және шағын бизнес өкілдеріне арналған цифрлық гигиена және қауіпсіздік бойынша ашық дәрістер мен тренингтер ұйымдастыру арқылы әлеуметтік миссияны атқаруы қажет. Бесінші міндет – ЖОО-лар киберқауіпсіздік саласындағы жаһандық трендтерді қадағалап, халықаралық серіктестермен тәжірибе алмасуы керек. Бұл – біздің елдің қорғаныс жүйесін әлемдік стандарттарға сәйкестендіруге көмектеседі. Қазіргі таңда М.Х.Дулати университетінде бұл бағыттағы дербес білім беру бағдарламасы әзірлену үстінде. Болашақта біздің түлектеріміз тек техникалық жүйені қорғап қана қоймай, ақпараттың құндылығы мен оны сақтаудың моральдық жауапкершілігін терең түсінетін болады. Біз студенттерге тек техникалық дағдыларды ғана емес, деректермен жұмыс істеудің этикалық және заңнамалық нормаларын меңгеру міндетін де жүктейміз. Осылайша еліміздің цифрлық қауіпсіздігін нығайтуға барынша атсалысатын боламыз. «Қазақстан киберқалқаны» – бұл еліміздің цифрлық егемендігін қамтамасыз ететін және ақпараттық қауіпсіздікті нығайтатын ұлттық ауқымдағы стратегиялық бағдарлама. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың және азаматтардың жеке деректерін сыртқы және ішкі кибершабуылдардан сенімді қорғау. Соңғы жылдары киберқатерлер саны экспоненциалды түрде өсті. Сондықтан «Қалқан» жобасының міндеті – осы қатерлерді ерте анықтау, оларға жедел тойтарыс беру және елдің ақпараттық инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету.
– Жасанды интеллект технологияларын енгізу болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін қалай арттырады?
– Қазіргі әлемде жасанды интеллект (AI) – бұл жай ғана қосымша дағды емес, бұл жаңа дәуірдің сауаттылығы. AI-технологияларын ерте меңгеру – біздің студенттердің бәсекеге қабілеттілігін бірнеше есе арттырады AI құралдарын қолдана алатын маман күнделікті рутиндік жұмыстарды 5-10 есе жылдам атқарады. Бұл оған стратегиялық және креативті міндеттерге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Жұмыс беруші үшін мұндай маман – таптырмас ресурс. AI-мен жұмыс істейтін маман интуицияға емес, нақты деректер мен алгоритмдік болжамдарға сүйенеді. Қаржыгер болсын, маркетолог немесе инженер болсын AI-дың көмегімен нарықты тереңірек талдай алуы оның кәсіби деңгейін жаңа биікке көтереді. Бастысы, AI технологиялары шекара таңдамайды. Оны меңгерген түлек өз саласын цифрлық технологиялармен ұштастыра отырып, жаңа инновациялық өнімдер жасай алады. Бұл оған тек Қазақстанда емес, жаһандық еңбек нарығында түсуге жол ашады. Болашақта көптеген ескі мамандықтар трансформацияланады. Ал AI-мен дос маман бұл өзгерістерден қорықпайды. Сондықтан біздің оқу ордамыз оқытушыларымызға, студенттерімізге AI-ды «бәсекелес» емес, «күшті көмекші» ретінде пайдалануды нұсқаудамыз. Бұл – олардың алдағы мансабының тұрақтылығы мен жоғары табысының кепілі болмақ.
– Болашақта университет цифрлық даму мен инновация саласында қандай басым бағыттарға назар аударады?
– Болашаққа көз жүгіртсек, біздің цифрлық даму стратегиямыз тек технологияны енгізу емес, «Адамға бағытталған цифрландыру» (Human-centric digitalization) принципіне негізделеді. Біз назар аударатын бес негізгі басымдықтың бірі – жасанды интеллект (AI) құралдарын еркін қолдана алатын мамандарды даярлау. Жоғарыда атап өткендей, биылғы жылы университет базасында AI-зерттеу орталығын (зертханасын) ашу көзделуде. Келесі басым бағыт – мәліметтерге негізделген басқару, яғни университеттің цифрлық егізін әзірлеу арқылы басқару және шешім қабылдау процесін Big Data аналитикасына негіздеу. Сонымен қатар болашақта дәстүрлі 4 жылдық білім берумен қатар, нарыққа қажетті дағдыларды тез игеруге мүмкіндік беретін «микро-дипломдар» мен қысқамерзімді сертификаттар жүйесін дамытамыз деп жоспарлаудамыз. Қорыта айтқанда, біздің басты меже – технологиялық тұрғыдан жарақтанған, бірақ ұлттық құндылықтар мен этикалық нормаларды сақтайтын, жаһандық бәсекеге қабілетті инновациялық тұлғаны қалыптастыру. Цифрландыру – бұл жаңаша ойлау жүйесі. Университетіміз осы қарқынды өзгерістердің алдыңғы шебінде болып, еліміздің цифрлық болашағын қалыптастыратын мамандарды тәрбиелеу бағытында жұмысын ары қарай жалғастыра бермек.
– Сұқбатыңызға рахмет!






