«Дым бітірмей жатырсың ғой...»: Әбілхайыр Тамабек өзін сынағандарға жауап берді
- авторjambylinfo.kz
- 31 тамыз, 2024
- 685
Жамбылға келгелі көптің көзінен тасада жүрген Әбілхайыр Тамабек өзіне «дым бітірмей жатырсың ғой» деген сыңайдағы хабарламалар жиі келетінін айтты. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары жарты жылда атқарған жұмысының нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«ДЫМ БІТІРМЕЙ ЖАТЫРСЫҢ ҒОЙ»
- Жақында Астанадан бір жерлесім хабарласты. «Сен елге барғанда қатты қуандық, біраз шаруа атқарады деп едік, дым бітірмей жатырсың ғой» деді салған жерден. Оның уәжін «жұмысыңның жарнамасы жоқ қой» деп қабылдадым. Жауабым әрқашан біреу: Істің түбін көрмей бетін жылтыратып кетуден аулақпын. Әйтпесе екі жұмыс болады. Көзбояумен «жылдам жеңіске» жетерсің, бірақ тағдыры қысқа, арты шала. Екі жұмыс, есіл уақыт. Қызмет уақытша, ал түбі туған жерде қаламыз. Ел бетіне істеген ісіміз үшін ұялмай қарай алатындай болуымыз керек. Принципім - осы. Дегенмен жерлесімнің және ел көкейіндегі сауалға жауап берейік. Расымен не бар, не жоқ нақтылап, даму бағытын анықтап, іргетасынан бастаймын дегенше ЖАРТЫ жыл уақыт өте шығыпты,- дейді ол жазбасында
Осылай деген Әбілхайыр Тамабек өзі жетекшілік ететін әр сала бойынша атқарылған шаруаларды тізді. Алғашқысы – ауыл шаруашылығы саласы.
ЖАЛҒАН СТАТИСТИКА
Облыстағы бүгінге дейін бар деп келген 4 млн-нан астам малдың 764 000 басы, ал егілген егістіктің 136 000 гектары тек қағаз жүзінде болып шықты. Жыл сайын егін егу мен оруға шығып жүр деп ақпарат беріліп келген техниканың тең жартысы баяғыда істен шыққан. Тек базада тіркелген, бірақ жүрмейді. Аты бар - заты жоқ 5000-ға жуық техниканы тіркеуден шығардық. Енді қолымызда қанша техника бар, егін егу мен оруға, шөп шабуға қаншалықты қажет екенін нақты есептеуге мүмкіндік туды. Техникаларды арзан қаржы көздері арқылы жаңалауға да кірісіп кеттік.
АУЫЛ АМАНАТЫ ЖОБАСЫ
Былтыр таратылған 24 млрд ақшаға алдық деген малдың 90% бұрыннан бар мал. Тұрған мал ары-бері құжат жүзінде ғана алынған. Жоғарыда келтірілген мал санағының қортындысының өзі-ақ сөйлеп тұр деп ойлаймын. Сол үшін ауыл тұрғындарына 50-ден астам дайын типтік бизнес жоба дайындап ұсындық. Оның ішінде кластерлік жылыжайлар, биогумус өндіру, ауылшаруашылығы дрондары арқылы қызмет көрсету, ТЖО, көлік жуу орындары, шағын өндіріс цехтары т.б. елді мекендерде шағын кәсіп орындарына қарай бағыттап жатырмыз. Мал алам деушілер үшін де малды ТАУАРЛЫҚ НЕСИЕ ретінде беру тетігін әзірлеп қойдық.
ЫСЫРАП ДҮНИЕЛЕР
Жыл сайын далада шіріп қалатын пияз бен картоп, тасталып жатқан жүн мен тері, жиналған мал мен тауықтың қиы. Осылардың бәрін пайдаға асыру үшін ӨҢДЕУді қолға алсақ деген кәсіпкерлерді қаржыландыруды бастап кеттік. Пияз кептіру бойынша 2 жоба, картоптан фри жасау бойынша 1 жоба, алма шырынын өндіру бойынша 1 жоба, тасталып жатқан жүн мен теріден құрама жем мен тыңайтқыштар шығару бойынша 3 жоба, тауықтың қиынан биогумус өндіру бойынша 1 жоба қаржыландырылуда. Бұлардың әрқайсысы кемінде 200 МЛН-нан басталатын ірі жобалар. Көкөніс далада ысырап болып қалмасын деп биылдың өзінде 35000 тоннадан аса қоймалар соғу жобаларын қаржыландырдық.
СУ ТАПШЫЛЫҒЫ
Облыстағы ұзындығы 1047 км болатын 203 канал тозған және мүлде бетондалмаған. Соның ұзындығы 545 км болатын 92 каналына ЖСҚ дайындатып, ұзындығы 430 км болатын 76 каналды жөндеуге 87 млрд. теңгеге қолдау алдық. Бұйырса жұмыстар келесі жылы басталады. Жоспар кемінде ұзындығы 545 км каналды 2-3 жылда толық аяқтау.
Сондай-ақ, су үнемдеу технологиялары бойынша 6 жобаға шетелдік және отандық инвесторларды тарттық. Жыл соңына дейін екеуі іске қосылады. Қалғаны келесі жылы.
ЖЕР ДАУЫ
Жайылым тапшылығы бар 42 елді мекенге толық талдау жасалынып, шешу бойынша іс-шара жоспарын бекітіп жұмысты бастап кеттік. Бірден айтайын, мәселе барлығында бірден шешімін таппайды. 2 жыл ішінде 25 елді-мекеннің жайылым мәселесі толық шешімін табады, қалған 17-ы ішінара ғана. Себебі қалаға жақын аймақтар, толық шешу мүмкіндігі жоқ. Сондай-ақ тозған жайылым жерлерді қалпына келтіру үшін Халықаралық Экологиялық Қордан $3,5 млн. ГРАНТТЫҚ қаржы тартып, Сарысу және Талас аудандарында пилоттық негізде 5000 гектар жердің жайылымын жақсарту бойынша жұмыстар басталып кетті. Ойдағыдай нәтиже берсе, облыс бойынша қолға аламыз.
АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІ
Дастарханымыздағы ет пен сүттің сапасының қаншалықты екеніне ешкім бас қатырып жатқан жоқ. Сібір жарасы жөнінен республикада алдыңғы қатарда болуымыз өңірдегі ВЕТЕРИНАРИЯ саласының да әбден кері кеткенін көрсетсе керек. Мал базарларының жағдайын өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Осы мәселелерді реттеу үшін облыстағы ветеринария саласын реформалау жұмыстары басталды. Алдағы екі жылда мал дәрігерлері отырған ауылдардағы қираған сарайлардың орнына 70-тен аса жаңа ветпункттер, сойылып жатқан еттің сапасын қадағалау үшін 20-дан аса мал сою алаңдары, 50-ге жуық мал тоғыту алаңдары, биотермиялық шұңқырлар жаңадан салу бойынша жұмыстарды бастадық. Барлығы типтік негізде салынады. Цифрландыру мәселесін де тыс қалдырмаймыз. Мал базарларына да нақты талаптар қойылуда. Жыл соңына дейін Жамбыл ауданында орналасқан мал базары ретке келтіріледі. Бұл ауылшаруашылығында жүйелі түрде басталған шаруалардың бір бөлігі. КӘСІПКЕРЛІК саласында да атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар баршылық.
Осылай деген шенеунік алдағы уақытта жүйелі жұмыс жалғасын табатынын жазған.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
«Ауыл аманаты»жобасы аясында 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024