жексенбі, 6 қазан, 2024 14:43

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Энергетика министрі боламын». Тараздық оқушы әлемдегі ең тиімді күн электр станциясын жасады

«Энергетика министрі боламын». Тараздық оқушы әлемдегі ең тиімді күн электр станциясын жасады
Қанат Тәжіханның жеке қорынан
Ол үшін Қанат Тәжіхан қалқымалы күн панелдерін орнатқан

Тараздық өнертапқыш әлемдегі алғашқы күн электр станциясын жасап шығарды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
 Қанат Тәжіхан  Назарбаев зияткерлік мектебінің физика-математика бағыты бойынша 12-ші сыныбында оқиды. Жастайынан білім қуған ол қазіргі уақытқа дейін бірнеше сәтті жоба жасап, мемлекеттік гранттарды жеңген. Мәселен, өткен жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурсының грантын жеңіп, еліміздегі теңдессіз жобасын іске асырды. 

-    Менің қызығушылығым социалды-экологиялық мәселелерді шешумен қатар, роботехника IT-инженерия бағытына ауды. Жалпы, өзімнің көптеген жобаларым бар. Бәрі сәтті шықты деуге болады. Нәтижесінде біршама жобаларда жеңімпаз атанып, гранттар жеңдім. Соның бірі, қазір өзім айналысып жатқан күн батереяларының кемшілігін анықтау арқылы тиімдігін арттыру арналған жобам. Осы өнертабысым арқылы «Тәуелсіздік ұрпақтарында» 3 млн теңгенің грантын жеңіп алып, жобамды толық іске асырдым. Мен үшін бұл гранттың орны ерекше. Өйткені, бұл қолдау арқылы біз жасыл экономикаға үлесімізді қоса отырып, еліміздегі ең алғашқы қалқымалы күн батареяларын орнатып, әлемдегі тұңғыш күн электр станциясын жасадық,- дейді ол. 

Оқушы күн электр станциясын Алматы облысында салған. Оның сөзінше, ғаламат жоба Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отыр. Енді Қанат Тәжіханның өнертабысы жасыл экономикаға жол ашып, энергетика өндірудегі көмірге деген тәуелділікті азайтпақ. 

-    Біз 6,6  к/сағ күннің артынан бақылайтын күн электр станциясын жасадық. Атап өтер болсам, бұл станция әртүрлі күн трейкерлерінен құрастырылған. Яғни, күннің артынан бақылап отырады. Экотуристік аймақта орналасқан. Бұл жоба энергетика мен толғауы тоқсан жасыл жасыл экономика мәселесін шешеді. Мысалы, қазір Еуропадағы мемлекеттер әлдеқашан жасыл экономикаға көшіп кеткен. Ал, біз энергетиканың 70 пайызын көмірден алып отырмыз. Өкініштісі сол, біз әлі осындай отынға тәуелдіміз. Мен бұл жобаны жасау үшін шетелдік тәжірибелерге сүйендім. Ең мықты, ең тиімді мысалдарды ала отырып, әу баста ниеттенген күн электр станциясын жасап шығардым,- деді Қанат Тәжіхан.

Өнертапқыш өзі орнатқан күн панелдерінің басқа құрылғыларға қарағанда артықшылығы көп екенін айтады. Тіпті орналасуы да ерекше екен. 

-    Қалқымалы күн панелінің артықшылығы – қарапайым күн панелдеріне қарағанда 15 пайызға көп энергия өндіреді. Себебі қарапайым күн панелдері жердің үстінде орналасқандықтан энергияның біршама бөлігін жоғалтып алады. Өйткені, жер сіңіріп алады. Ал, менің жобам сумен байланысады. Су күн сәулелерін сындырып, шағып тастағанда энергия көбірек жиналады. Бұдан бөлек, менің өнертабысымда ақылды күн бақылау жүйесі бар. Ерекше ескеретін жайт, күн панелдерін жиі тазалап тұрмаса, энергия жинау қабілеті азаяды. Мен осының алдын алып,  автономды тазалау жүйесін жасадым,- деді оқушы. 

Қанат Тәжіханның бұдан басқа да өнертабысы жетерлік. Оның ішінде қоқыс сұрыптау құрылғысы мен мүгедектерге қолғабыс ететін протез де бар. 

-    Менің басқа көптеген жобаларым бар. Мысалы, жасанды интеллект арқылы қоқысты сұрыптау және басқару. Бұл 5 бөлімшеден тұрады. Егер сіз қоқыстың бңрнеше түрін тастасаңыз камера соны сұрыптайды. Тағы бір жобам – мүгедектерге арналған протез. Ауызға орнатылып, тіл арқылы басқарылады. Соның арқасында ерекше жан телефонды, теледидарды, мүгедектер арбасын қолдана алады,- дейді жас өнертапқыш Қанат Тәжіхан.

Қанат Тәжіхан  «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты арқылы өнертабысын іске асырды. Аталған жоба биыл да жалғасын тауып отыр. 2024 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» бойынша 3 млн теңгеден 30 грант беріледі.

-    Мақсат – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау. Конкурсқа Қазақстан Республикасының он төрт жастан бастап, отыз бес жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады,- делінген мәдениет министрлігінің хабарламасында. 

Гранттар 6 бағыт бойынша беріледі:
«Ғылым» – жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
«Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
«Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;
«Бизнес» – жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
«Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған;
«Волонтерлік» –  өзекті, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған волонтерлік жобаларды (бастамаларды) іске асыруға арналған.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар