сенбі, 23 қараша, 2024 12:53

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Инклюзияны қолдау кабинетінің игілігі мол

Инклюзияны қолдау кабинетінің игілігі мол
ашық дереккөзі
Инклюзияны қолдау кабинетінің игілігі мол

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев, «Болашақ» корпоративтік қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова және облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова, ата-аналардың қатысуымен облыс орталығындағы №32 орта мектебіндегі инклюзияны қолдау кабинеті таныстырылды.

Аталған кабинетті былтыр қыркүйекте «Болашақ» корпоративтік қоры «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы аясында облыс әкімдігі білім басқармасымен бірлесіп ашқан болатын. Жалпы бұл қор ел аумағында 2015 жылдан бастап 17 аймақта 41 инклюзияны қолдау кабинетін ашқан. Нәтижесінде аутизм мен басқа да даму ерекшеліктері бар 500-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алған. Ал облыс бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар 7911 бала тұрса, оның 108-і аутизм дертіне шалдыққан. Өкінішке қарай ел аумағында бұл көрсеткіш 30 мыңнан асып жығылады. Осы ретте былтыр «Болашақ» қоры өңірге бірінші болып инклюзияны қолдау кабинетіне балаларды қабылдауды жариялағанда 25 өтінім түсіп, іріктеу нәтижесінде жобаға тараздық 10 бала ілінген екен. №32 орта мектептегі инклюзияны қолдау кабинетінде 7-14 жас аралығындағы аутизм және басқа да менталдық бұзушылықтары бар 10 бала қолдау алуда.

– Біздегі балалардың ерекше қажеттеліктері бар. Былтыр олардың саны сегіз еді. Биыл он бала оқиды. Әр баламен жеке жұмыс жүргізіледі. Бізде оқушылар өткен жылы ерекше қылық көрсететін. Ортаны, көпшілікті жатырқайтын. Биыл бейімдеуден өтіп, жақсы нәтижелерімен қуантуда. Бір-бірлерімен араласпайтын, сөйлей алмайтын балаларымыз қазір топтасып ойын ойнап, сабақ оқуда. Сабақ уақыты қырық минут, бірақ баланың мінезіне байланысты уақытпен де арнайы жұмыс атқарылады. Оқытушылар арнайы тренингтен өтіп, сертификат алады. Былтырға қарағанда нәтиже көңіл қуантарлық. Куратор әр оқушыға жеке даму бағдарламасын жасайды, ал тьютор мен мұғалім мектеп бағдарламасын игеруге сыныптастарымен және мұғалімдермен өзара әрекеттесуге көмектеседі. Мұндағы ең негізгі мақсат – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды әлеуметтендіру, – дейді инклюзияны қолдау кабинетінің педагог-ассистенті Құралай Данике.

Ата-ана Гүлназ Өтеубаеваның айтуынша, ұлы Мирас Сейітбек аталмыш мектепте екінші жыл қатарынан білім алуда. Алғашында ешбір мектеп қабылдамағандықтан бірінші сыныпты жеке меншік білім ошағында аяқтапты. Қазір ұлы инклюзияны қолдау кабинетінде үшінші сыныпты оқып жатыр. Таныстырылым барысында Динара Шайжүнісова мектеп қабырғасындағы инклюзияны қолдау кабинетінің жұмысын жан-жақты түсіндіріп, оқытушылармен және ата-аналармен пікір алмасты. Оқу жүйесінің тиімділігіне кеңінен тоқталды.

  Кәмшат ҚАДЫР
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар