Жамбыл облысында қоғамдық-саяси және діниахуал тұрақты. Бұл туралы орблыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте айтылып, бірқатар мәселелер жан-жақты талқыланды.
Дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде облыс аумағында 11 конфессиядан тұратын 369 діни бірлестік пен филиал, оның ішінде ҚМДБ-ға қарасты 323 мешіт пен христиандық бағыттағы 46 шіркеу мемлекеттік тіркеуден өтіп, жұмыс істеуде.
- Жалпы, облыс аумағындағы діни ахуал тұрақты. Мемлекеттік тіркеуден өткен діни бірлестіктер тарапынан діни қызмет саласындағы заңбұзушылық фактілері орын алған жоқ.
Өзіңіздің тапсырмаңызға сәйкес бірқатар мәселелер шешімін табуда. Өткен жыл басында 12 мешітте имам жоқ болатын, бүгінгі күнге бұл мәселе шешімін тапты. Көп жылдан бері бір мешітте қызмет етіп отырған имамдар мен діни қызметкерлер арасында ротация жұмыстары жүргізіліп, 203 имамныңжұмыстары ауыстырылды. Мешіт қызметкерлерін тұрақты айлықпен қамтамасыз ету күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болып отыр. Бүгінгі күнге қайырымдылық қорлар арқылы, демеушілердің көмегімен, мешіттердің түсімі арқылы және қоғамдық жұмысқа тарту арқылы облыстағы 311 мешіт имамына тұрақты айлық беру мәселесі шешіліп, 15 имамға қызметтік үй берілді,-деген ол өткен жылы облыстағы 118 мешіт имамы кәсіби құзіреттіліктерді арттыру курстарынан өткендігін айтты.
Жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесінде өткен жылы деструктивті діни бағыттағы 162 азамат қоғамға бейімделген.
Аймақ басшысы, қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді мысалға ала отырып, теріс ағымдағы азаматтармен жан-жақты жұмыстар жүргізудің маңыздылығын баса айтты.
- Қоғамдық саяси ахуалдың тұрақтылығы басты назарда болуы тиіс. Қоғамдық ахуал тұрақты болса, экономика дамып, әлеуметтік мәселелер шешіледі. Бұл тұрғыда дін істері, ішкі саясат басқармалары, ҚМДБ өкілдігі бірлесіп жұмыс істеуі керек. Өзге ұлт өкілдері қалың шоғырланған 26 елді мекеннің әлеуметтік картасындағы маңызды мәселелерді шешу, «Бейбітшілік және келісім» жобасы бойынша шараларды күшейту керек. Мешіттерде уағыздар негізінен мемлекеттік тілде, дәстүр мен жастар тәрбиесіне, рухани жаңғыруға негізделіп, жүргізілгені маңызды. Арнайы құрылған «Қоғамдық қабылдау» тобының жұмысын жандандырып, жалғастыра түсу қажет,- деді Б. Сапарбаев.
Басқосуда ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық қабылдау» бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы есебі де тыңдалды.
Кеңес соңында өңірлік жедел штабтың отырысы өтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Жамбылдық полицейлер автокөлік ұрлаған азаматты ұстады
Ұқсас жаңалықтар
Таразда балабақшалардың бірлескен семинары өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 22 қараша, 2024