Өңірімізде орман екпелерін арттыруға баса көңіл бөлінуде
- авторjambylinfo.kz
- 25 қаңтар, 2021
- 331
Бүгінгі таңда Жамбыл облысындағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4,4 млн. га құраса, оның орман ағаштары көмкерген жерлері 2,4 млн.га тең.
Бұл дегеніміз орман қоры жерлері облыс жер аумағының 30,8 пайызын, ал орманды жерлері 15,47 пайызын алып жатыр деген сөз.
Ал осынау аумақты қору, күзету жұмысын орман шаруашылығы мекемелерінде барлығы 931 қызметкерлер атқаруда екен (Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 12 мамырдағы «Мемлекеттік орман күзеті туралы ережені бекіту туралы» № 18-1/429 бұйрығының талабына сай).
Әсіресе, бұл сала мамандары орманды молықтыру жұмыстарына баса мән беріп келеді.
Өткен 2020 жылы орман екпелерін 3054 га отырғызылып, 2750 га сексеуілді тұқымынан себу жұмыстары жүргізілген. Орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау бөлімінің басшысы Данияр Башанов өткен жылдың күз айында тұқымбақтар көлемінің артқанын тілге тиек етті.
«Өткен жылы Мекемелерде жоспар бойынша 49 га тұқымбақ (қарағаш,жүзген,сексеуіл) жасақталып, онда қарағаш 1.432,5 мың дана, сексеуіл 4.837 мың дана көшет өсірілді. Жоспарға сәйкес 4,4 га тұқымбақтарға 25000 дана (қарағай, шырша, арша) әр түрлі қылқан жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды. Күз айында сексеуіл тұқымбақтары 44 га арттырылып барлық тұқымбақтар көлемі 93 га құрады» - деді бөлім басшысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, 2020 жылғы 1 қыркүйек күні Қазақстан халқына Жолдауында дәл осы орманды молықтыру, яғни орман екпелерін молайту тапсырмасы аясында басқарма тарапынан арнайы жоспар да құрылған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, республика бойынша отырғызылатын 2 млрд ағаштың 140 млн түп ағашы Жамбыл облысының орман қорына егілуі көзделіп отыр.
Осы 140 млн түп ағаш көлемін алдағы 5 жылда орындау үшін Жамбыл облысы бойынша кешенді жоспар әзірленіп, Орман және аң шаруашылығы комитетімен келісілді. Аталған жоспарға сәйкес 79,4 мың га орман қоры жерлері дайындалатын болады» - дейді маман.
Бұдан өзге, республика бойынша елді мекен ішінде және айналасына егілетін 15 млн.түп ағаштың облысқа тиесілі 970 мың түп ағашты отырғызудың 5 жылдық жоспары да бекітілген. Алдағы уақытта жоспарға сәйкес, аудан және қала әкімдіктерімен бірлескен жұмыс жүргізілетін болады.
Өткен жылы сала мамандары үшін де оңайға түспеген. Олай деуімізге себеп тілсіз жаудан келген қауіптен болып отыр. Орман өрті қауіпті маусымында өткен жылы облыс бойынша 19 орман өрт оқиғасы тіркелген (2019 жылы 15 өрт оқиғасы, 40913 га,17 млн 439 мың шығын). Жалын шарпыған аумақ көлемі 41777 га жетіп, өрттен келген шығын 15 млн. 804,1 мың теңгені құраған (Байзақ- 2 оқиға (341,06 га), Мойынқұм - 3 оқиға (21240,7 га), Луговой - 4 оқиға (6929,5 га), Меркі - 2 оқиға (6303,25 га), Ұланбел - 2 оқиға (1239,3 га), Ақкөл - 3 оқиға (2125,1 га), Жуалы- 2 оқиға (3579,1 га), Қосқұдық - 1 оқиға (11 га).
Маусымдық мерзімде Орман қорындағы орманшылықтарда жалпы саны 32 өрт бақылау мұнаралары орнатылып, орман қорындағы өрт қауіпті аумақтардағы 61 бекетте кезекшіліктер құрылған. Барлық мекемелер бойынша 258 өрт жасақтары және орман қорғау қызметкерлерінен құрылған өрт сөндіруші топтарда 557 адам жұмыс атқарған.
Сонымен қатар, облыстың орман қорын әуеден бақылауға өрт қауіпті маусым бойы Мойынқұм ауданында орналасқан «Қазавиа орман күзеті» РМК 1 ұшағы мен 1 тік ұшағы тартылып, мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырған (1 сәуірден – 15 қараша айлары аралығында).
Жамбыл облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат
пайдалануды реттеу басқармасының баспасөз қызметі
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз