«Jambyl» телеарнасы ЖИ арқылы әзірлеген қазақ ертегілерінің көрсетілімі өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 22 қыркүйек, 2025
- 424
Аймақтық «Jambyl» телеарнасы елімізде алғашқылардың бірі болып жасанды интелект (ЖИ) арқылы қазақ ертегілерінен мультфильмдер топтамасын әзірледі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Телеөнімнің жабық көрсетіліміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, басқарма басшылары, БАҚ өкілдері, телеарна ұжымы және мектеп оқушылары қатысып тамашалады.
ЖИ арқылы жасалған мультфильмдердің жалпы саны – 12, ұзақтығы – 20 минутты құрайды. Топтамаға «Қарлығаш пен Дәуіт», «Ақылды шыбын мен жалқау аю», «Түлкі мен тырна» сияқты танымал қазақ ертегілері енгізілген.
– Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға енгізудің маңыздылығын атап өткен болатын. Осы міндеттерді басшылыққа ала отырып, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының құрамындағы «Jambyl» телеарнасы 1 қарашадан бастап 36-маусымын бастайды. Елімізде алғаш рет ЖИ көмегімен дайындалған бұл туындылардың көрерменге жол тартуына облыс әкімдігі қолдау көрсетті. Ал олардың дыбысталуына корпорация құрамындағы «Балапан» телеарнасы, – деді телеарна директоры Гүлбаршын Құланбаева.

Жаңа мультфильмдер оқушыларға ерекше әсер сыйлап, жас көрермендерден алғашқы бағасын алды.
– Мультфильмдер бізге қатты ұнады. Әсіресе, еңбек пен достық, жақсылық пен жамандық туралы ертегілер жақсы әсер сыйлады. Арасында біз мектепте оқып жүргендері де бар. Осындай мультфильмдер көп болып, ғаламтор арқылы көре алатындай болса екен дейміз, – деді Тараз қаласы № 39 мектеп оқушысы Бағдаулет Талғатұлы.
Алдағы уақытта мультфильмдер топтамасы тек телеарна эфирінде ғана емес, сондай-ақ «Әжемнің әңгімесі» өңірлік жобасы аясында балабақша тәрбиеленушілеріне де ұсынылмақ.
Ұқсас жаңалықтар
Президент Жолдауы: Облыс әкімдігінде жиын өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 4 желтоқсан, 2025





