сәрсенбі, 4 желтоқсан, 2024 13:39

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Кедергісі бар келешек». Тараздағы кәсіпкерлік нысандар мүгедектерге бейімделмеген

«Кедергісі бар келешек». Тараздағы кәсіпкерлік нысандар мүгедектерге бейімделмеген
Jambylinfo.kz
Бұл жайға депутаттар бүгін көз жеткізді

Бүгін «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында облыстық және қалалық мәслихат депутаттары кәсіпкерлік нысандарға зерделеу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 
Мүгедектер күнінде өткен мониторингте «Фиркан 24», «Тәтті себет» азық-түлік дүкендер желісі, «Садыхан» дәріханасы, әлеуметтік дәріханалар желісі және «Форте Банк» ғимараты қамтылды.
Халық қалаулылары алдымен сегізінші шағынаудандағы «Фиркан 24» дүкеніне бас сұқты. Мұнда кассалардың арасы тым жақын, әжетханасы да мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайластырылмаған. Сонымен қатар, депутаттар дүкен алдындағы көлік тұрағына да баса назар аударды. Қалалық мәслихат депутаты Айгерім Дәулетбаеваның сөзінше, тұрақта мүгедектерге арналған белгі де дұрыс орналастырылмаған. Сәйкесінше, ерекше жандар үшін қиындықтар туындайтыны ашық айтылды. 
Бұдан соң, арнайы топ «Тәтті себет» азық-түлік дүкендер желісінің біріне келді. Кәсіпкерлік нысаны кіреберісінен бастап депутаттардың сынына ұшырады. Арнайы белгі де, тұрақта орын да қарастырылмаған. 

-    Миллиондаған қаржы табыс тауып отырған кәсіпкер мұндай олқылықтарды жою үшін тиын-тебен жұмсайды. Сондықтан осы бойынша жұмыс істеңіздер. Біз ендігі келгенде жағдай «баяғы жартас сол жартас» болмасын,- деп дүкен басшылығына ескерту жасады облыстық мәслихат депутаты Анар Бексұлтанова. 

Сонымен қатар, зерделеу тобы банк ғимаратының мүмкіндігі шектеулі жандарға қаншалықты жағдай жасағынын тексерді. Депутаттар мұнда айтарлықтай кемшілік анықтай алмады. Талапқа сай пандус бар, шақырту қоңырауы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, тактильді плиткалармен де жабдықталған. Тек әжетхана жағы ақсап тұр. Тіпті кейбір дәріханалардың өзінде жағдай осындай. Депутаттар нысан басшылығына ескерту жасап, ерекше жандарға барынша мүмкіндіктер қарастырылуы керектігін айтты. 
Жалпы зерделеу барысында 6 нысан қамтылды. Соның 1-і ғана талапқа сай болып шықты. Ал, кәсіпкерлік нысандарда мүгедек жандар үшін жағдай жасалмаған. Дәретханалары ақылы. Оның үстіне мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мүмкіндік қарастырылмаған.  

Жалпы зерделеу жұмысының мақсаты ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту. 3 желтоқсанда бүкіл әлемде Мүгедектер күні атап өтіледі. Егемендік алғалы бері елімізде ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау, өмір сүру сапасын арттыру және олардың қоғамға толық интеграциялануы жөніндегі саясат жүзеге асырылуда. Мүгедектер күні –мүгедектігі бар адамдарға құрмет пен қолдау көрсетуге, қоғамда азаматтардың тең екенін және оны есте сақтау керектігін білдіреді. Сондықтан қаламыздағы әрбір нысанда жүру мұндай жандар үшін қолайлы болуы керек. Осы бойынша алдағы уақытта жұмыс жасаймыз,- деді депутат Айгерім Дәулетбаева. 

Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облысында ерекше қажеттіліктері бар 45 682 мыңнан астам адам тұрады.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар