«Әкесі бөлектейді, ата-анасы ішімдік ішеді, жалғыз анасы қарамайды». Тараздағы арнайы мектептегі балалардың аянышты тағдыры қандай
- авторjambylinfo.kz
- 22 мамыр, 2024
- 750
jambylinfo.kz тілшісі Жамбыл облысы әкімдігі Білім басқармасына қарайтын балалар мен жасөспірімдердің арнайы мектебіне ат басын бұрып, тәрбиеленіп жатқан балалардың жағдайымен танысып қайтты.
«Биыл қыз балалар көп түсті»
Мекеменің ішінде оқу ғимараты, шеберхана, жатақхана, асханамен қамтылған. Мұнда бүгінгі таңда тәртіп бұзып, бұзақылық жасаған 11 мен 18 жас аралығындағы 52 жеткіншек тәрбиеленуде. Кәмелет жасына жетпегендер өз өмір жолында сүрінгендерінің себебін отбасында жетіспеген жылылық пен мейірімнің салдарынан деп түсіндірді.
«Биыл неге екенін біздің мекемеге қыздар көп түсті. Қыз болашақ ана, ұрпақ тәрбиешісі. Көбісі жағдайы төмен, әке-шешесі ішкілікке салынған, ата-ананың жылуын көрмегендер. Баланы ешкім қадамалаған соң ұлдар ұрлыққа барып, желім иіскеп кетсе, қыздар жаман жолға бет бұрған»,– деді арнайы мектептің педагог-психологы Элмира Бижасарова.
«Атам өлген соң, дүние қызықсыз болып қалды»
Бізбен сөйлескен 15 жастағы Назерке бұл табалдырықты үшінші рет аттап отырғанын айтты. Жеткіншек өзін жақсы көрген атасынан айырылған соң, күйзеліске түскен. Ешкімді көргісі келмей, үйінен қашып кеткен.
«Мен атамның тәрбиесін алдым. Алайда атам дүниеден өткен соң, мені әкем бауырларымнан бөлектей бастады. Басқа балалаларын жақсы көреді, ал мені шеттетеді. Онсыз да атам өмірден озған соң, дүние қызықсыз болып қалып еді, енді тіпті ешкімді көргім келмеді. Сондықтан үйден қашып кеттім. Және мұндай жағдай бірнеше рет қайталанғандықтан, мен үшінші рет осы мекемеге түсіп отырмын»,- деді Назерке.
«Балалар ата-анамның ішетінін бетіме баса берді»
Ал София тілі қазақша шыққан орыс ұлтының қызы. Оның бар арманы – ата-анасын ішімдіктен айыру.
«Оқушылар ата-анамның ішімдікке салынғанын бетіме баса берген соң, мектептің терезесінен секірмекші болдым. Одан кейін де түрлі бұзақылық жасап, үйден қашып жүрдім. Ата-анам арақ ішуін қойса, менің бар тілегім орындалар еді», - дейді ол.
«Үйден қарағанда көше қызық болды»
Ал Жалғастың анасы жұмысбасты болған. Жалғыз ұлын көше тәрбиелеген.
«Әкем ішіп кетті. Үйде анаммен бірге тұрып жаттым. Бірақ анамның маған көңіл бөлуге уақыты болмайтын. Сондықтан маған көше қызық көрінді. Достарымның үйіне қонып, үй бетін апталап көрмейтінмін. Осы мекемеге түскелі анамның қадірін біліп, үйімді сағына бастадым»,- дейді Жалғас.
Арнайы мектептегі балалардың «әкесі»
Арнайы мектепте 15 жылға жуық еңбек еткен Оспанбек Күнтубаев биыл зейнетке шықты. Алайда тәрбиеленушілер «әке» деп атап кеткен Оспанбек Оразбекұлы мұндағы балаларға жиі келіп тұрады. Бүгін де осы мекемеде балалармен тілдесіп отырған сәтінің үстінен түстік.
«Жасөспірімдер бұл мекемеге ұрлық жасап, ішімдік ішіп, желім иіскеп, қаңғыбастыққа салынып жүріп түседі. Балалардың 90 пайызының әкесі жоқ. Алғашында әріп танымай келеді. Тазалықтың не кекенін білмей келген бүлдіршіндерді тазалыққа баулып, ақ төсекке жатқызып, барынша қолдау білдіреміз. Негізі арнайы мектепке түскен балалардың өзінен бұрын, олардың ата-анасын тәрбиелеу керек. Себебі қателік үлкендерден кеткен. Мейірімін төкпеген, баламен сөйлеспеген. Енді балалар өз уақытында арнайы мектептен кеткенімен сол ішіп, балаға көңіл бөлгісі келмейтін әке-шешесіне оралады. Бұрынғы жартас, сол жартас демекші, қаз-қалпына түседі. «Балық басынан шііриді» демекші, анасы баласына құшақ ашпаған соң, бала жылылықты көшеден іздейді» дейді Оспанбек Оразбекұлы.
Құралай Сейсенбекқызы
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
«Ауыл аманаты»жобасы аясында 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024