Әлеуметтік дүкендердегі азық-түлік бағасы бақылауда болады
- авторjambylinfo.kz
- 14 қаңтар, 2022
- 195
Облыста түзілген әлеуметтік азық-түліктердің статистикалық бағалар нарық бағасынан әлде қайда төмен екенін көрсетіп отыр. Оған әлеуметтік дүкендердегі төмендетілген бағадағы тауарлар үлесі әсер етуде. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағалары мен қамтылуы туралы жан-жақты тоқталды.
- Мониторингтік топтар өз жұмыстарын тұрақтытүрде атқаруда, барлық сауда нысандары азық-түлікпен қамтылған. Қазіргі таңда бөлшек сауда орындарында азық-түліктің 15 күнге жеткілікті қоры қалыптасқан.
Ірі көтерме сауда субъектілерінде 1-2 айға жеткілікті тауарлар жинақталған. Көкөністердің маусым аралық (қаңтар-наурыз) кезеңге жинақталған 201 мың тонна қоры бар, оның ішінде пияз және сәбіз бойынша ішкі сұранысты толық қамтуға жеткілікті. Бұл ретте картоп және қырыққабат қорының тапшылығы байқалады,-деді басқарма басшысы.
Бүгінге таңда облыс бойынша қолданыста 236 қойма бар болса, олардың жалпы сыйымдылығы 256 тоннаға жетеді. Қазір аталған қоймаларда 201 мың тонна өнім сақталуда. Оның ішінде картоп 9,5 мың тонна, сәбіз – 7 мың тонна, пияз – 173 мың тонна, басқалары – 11,5 мың тоннаны құрайды.
- Президенттің тапсырмасына сәйкес, рұқсат етілген шекті бағаларды бекіту әдістемесі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігімен Бұйрық жобасы әзірленді, тиісті мемлекетік органдар тарапынан талқылануда. Мақұлданған жағдайда жергілікті деңгейде де шекті бағалар қабылданатын болады,-деді Е. Жиенқұлов.
Облыс әкімі баға тұрақтылығы күнделікті бақылауда болу керектігін баса айтты.
- Маған әлеуметтік дүкендердердегі азық-түлік бағаларының қымбаттылығы, тіпті тапшылығы туралы ақпараттар түсуде. Олай болмайды. Халыққа ондай өтірік әлеуметтік дүкендер керек жоқ. Дүкенді ашудағы мақсатымыз нақты іс жүзінде көрініс табуы тиіс. Ол үшін жиі тексеріс, тұрақты бақылау жүргізіп отырыңыздар!
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз