М.Х.Дулатидың туғанына 525 жыл толуына орай ауқымды конференция өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 10 қазан, 2024
- 472
М.Х.Дулатидың туғанына 525 жыл толуына орай «М.Х.Дулати мұрасы: тарих пен тағылым» атты оқу конференциясы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Тифло музей» жобасы аясында М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің музейінде іс-шара ұйымдастырды. Нақты айтқанда, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған тифломузей бұрышының ашылу салтанатты өтті. Сонымен қатар М.Х.Дулатидың туғанына 525 жыл толуына орай «М.Х.Дулати мұрасы: тарих пен тағылым» оқу конференциясы көрініс тапы.
Жиын барысында филология ғылымының докторы, профессор М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Дулати тану және өңір тарихы» ғылыми зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Сәмен Құлбарақ, филология ғылымдарының кандидаты, осы оқу орнының «Журналистика және филология» кафедрасының доценті Темірбай Мұқашев, журналистер одағының мүшесі, «Журналистика және филология» кафедрасының аға оқытушысы Бақытжан Махашұлы сөз алып, өздерінің ой толғамдарын жеткізді.
– Сан жылдар бойы ішіне сыр бүккен тарихи оқиғадан сыр шертер жәдігерлердің мұндағы әрқайсысы естелікке толы, айтары бар. Тифло музейдің залында 5-6 ғасырдан бастап қолданысқа енген жәдігерлермен қатар студенттердің дипломдық жұмыстары қойылған. Сол жұмыстарға QR rод енгізу арқылы зағип жандар сезініп, әр тарихи жәдігердің естелігін түсініп, дауыс арқылы ести алады. Этнографиялық залда 2000-ға жуық дүние бар. М.Х.Дулатидің туғанына 500 жыл толғанда зиратының басына 12 адамнан құралған делегат барып, құран бағыштап, жамбасы тиген жерден топырақ алып келген болатын. Музейдегі ең басты жәдігер – сол баба басынан алынған топырақ. Одан бөлек шашбау, күміс білезіктер, тұмарша, бәйбішенің алқасы, сақиналар, ресейдің заим ақшалары, тиындар, шақша бар. Бүгін міне, осындай құнды дүниемен танысуға зағип жандарға зор мүмкіндік туып отырғаны көңіл қуантады, – деді музей меңгерушісі Ақсәуле Қалабаева.
Мұнда «Қазақ тарихының атасы М.Х.Дулати», «М.Х.Дулатидың Тарих – и – Рашиді еңбегіндегі жер-су атауларының көрінісі», «Мұхаммед Хайдар жамбасы тиген жерден Дулатидың «Тарих – и – Рашиди» шығармасында кездескен салт-дәстүрлер» тақырыбында баяндамалар оқылып, тарихи мұраларды зерттеу арқылы орта ғасыр тарихы бойынша қазақ халқының өсу тарихы мен мәдениеті кеңінен сөз болды.
– Конференция барысында ақын, қолбасшы Дулати өмірі мен тағылымды мұралары жайлы көп нәрсе естіп, білдік. Сонымен қатар көзі әлсіз көретін жандарға арналған музейдің зағип жандарға берері мол екені анық. Бұл әрбіріміздің бірдей білім алып, сауат ашуға жасалған мол мүмкіндік деп ойлаймын. Алдағы уақытта зағип адамдар осы музей жәдігерлерін код арқылы ұғып, түсіне алатыны олардың да көп дүниені сезінуіне жол ашады. Осындай дүниелер көптеп алға қойылса, нұр үстіне нұр болар еді. Мен алдағы уақытта бұл жәдігерлерді көруге әжемді алып келемін. Себебі әжемнің көзі нашар көреді, – дейді университет студенті Ақмарал Маратқызы.
Осы жиын барысында рухани мұраны ұлықтауға арналған игі бастамалар мен ілкімді істерге жол ашылды.
М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университетінде «Қолмен ұстап, жүрекпен сезін»! атты Тифломузей жобасының QR-код арқылы ұйымдастырылған арнайы бұрыш ашылды. Бұл игі іске облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы ұжымы зор үлес қосты. Бұрыштың ашылуына байланысты лентаны аталған университеттің әлеуметтік және мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек пен «Болашақ» мектеп- интернатының директоры Эльмира Жақсылықова қиды.
Аталған кітапхана директорының орынбасары Зарина Дүкенбаеваның айтуы бойынша, мұнда зағип студенттердің дүниетанымын арттыру, рухани дамуына арналған 300 жәдігер қойылса, оның 82- сінде QR-код арқылы мәлімет алуға болады. Аталған оқу онында 200 –ге жуық зағип студенттер білім алады екен. Аталған университеттің студенті Рахила Жаңабаева: «Біздің арманымыз орындалғандай болды. Осындай музей бұрышы болса деп ойлап жүр едік. Міне, ойымыз жүзеге асты. Біз қуаныштымыз», – деді.
Ел назарында – ғұлама ғалым мұрасы
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті бірлесе ұйымдастыруы мен әйгілі тарихшы, ұлы ойшыл Мұхаммед Хайдар Дулатидің 525 жылдық мерейтойы аясында «М.Х.Дулати мұрасы: тарих пен тағылым» тақырыбында оқу конференциясын өткізді.
Жиын М.Х.Дулатидың образындағы сахналық көріністен бастау алып, өмір деректеріне қатысты қысқаша шолу ретінде бейнероликпен жалғасын тапты. Сонымен қатар, тарихи тұлғаның «Тарих – и Рашиди» атты еңбегі зағип жандарға арналған Брайль қарпіндегі тұсаукесер рәсімі өткізілді. Лентаны облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ қиды.
Кеш барысында зағиптерге арналған кітапхананың кітапханашысы Жұмахан Бегалы Мұхамед Дулати рөлін, «Болашақ» мектеп –интернатының оқушысы Шархат Бәйгібек уәзір рөлін керемет ойнап, елдің алғысына бөленді. Бұл ретте кітапханадағы «Инклюзия және театр» жобасының жетекшісі Гүлзада Қырықбаеваның еңбегін айта кеткен жөн. Іс-шараны аталған кітапхананың кітапханашы Гүлнұр Құрақбаева жақсы жүргізді.
Ғасыр данасы атанған тұлғаға арналған конференцияда ғылыми зерттеуші ғалымдар, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғалым ұстаздары Сәмен Құлбарақ, Темірбай Мұқашев, Бақытжан Махашев сөз алды. Олар М.Х.Дулати өмірінің беймәлім тұстары мен артында қалған мұралары жайлы құнды ой – тұжырымдарымен бөлісіп, әлемдік мәде¬ниет пен өркениетке қосқан үлесіне қатысты зерттеулер төңірегінде пікір алмасты.
Тағылымды басқосуда облыстық білім басқармасына қарасты Тараз қаласындағы Сағдат Нұрмағанбетов атындағы №10 орта мектеп мұғалімі Мереке Абитова, Жамбыл ауданы Антон Макаренко атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Гүлнар Канаева, және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне қарасты Қаратау тау - кен технологиялық колледжінің оқытушысы Ғалия Абдыханова Дулати іліміндегі рухани құндылықтарды негізге ала отырып, тұщымды баяндамалар жасады. Ғалия Тұрарқызы ұлы ғалымның аталған еңбегіндегі жер - су атауларына тоқталды.
Аталған шара соңы тарихи өтпелі кезеңде халықтың азаттығы жолында ерен еңбек еткен ата-бабаларымызды жадымыздан шығармау перзенттік парызымыз, азаматтық борышымыз екенін айтылып, қорытындыланды. Есімі әлемдік тарих пен мәдениетте «Тарих – и Рашиди» еңбегі арқылы мәңгі сақталған ұлы тұлғаның асыл аманаттарын ардақтау мақсатында өткізілген оқу конференциясы жоғары деңгейде өтті.
Тұлғаның тарихқа таңбадай басып кеткен ұлы шығармалары болашақ жастардың саналарында мәңгі сақталмақ. Іс-шараны облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқарма басшысының орынбасары Сара Мадиева, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының директоры Жанна Алшынбаева қорытындылап, қонақтарға алғысын білдірді.
Экстремизм және терроризммен күресу - ортақ міндет
Ұқсас жаңалықтар
Қордай ауданы мешіт салу бойынша көш бастап тұр
- авторМағжан Орынбасар
- 22 желтоқсан, 2024