бейсенбі, 16 сәуір, 2026 18:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Мөлдір бұлақ» акциясы: Т. Рысқұлов ауданында экологиялық шара өтті

«Мөлдір бұлақ» акциясы: Т. Рысқұлов ауданында экологиялық шара өтті
Фото - Jambylinfo.kz
Акцияның басты мақсаты – бұлақ көздерін ашу, өзен-көл жағалауларын тазарту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті арттыру.

Бүгін Т. Рысқұлов ауданы Құлан ауылының маңындағы «Сұлу төр» тауының бөктерінде «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында экологиялық шара өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
 
Табиғат аясындағы игі бастамаға ауыл тұрғындары, қоғам белсенділері, еріктілер мен жастар белсене қатысып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты. 

Іс-шараға облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы қатысып, аталған бастаманың маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы «Мөлдір бұлақ» акциясы өңірде кеңінен қолдау тауып отыр.

– Халқымыз ежелден табиғатқа жанашырлықпен қараған. «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Сулы жер – нұрлы жер», «Су бар жерде тіршілік бар» деген нақыл сөздер соның айғағы. Сондықтан тау бөктеріндегі бұлақтарды тазарту тек табиғатты қорғау ғана емес, бұл қоғамда экологиялық сананы қалыптастырудың нақты көрінісі. «Сұлу төр» өңіріміздің ең көрікті жерлерінің бірі. Оның таза әрі көркем болуы – баршамызға ортақ міндет. Осы іске атсалысып жатқан еріктілерге, ақсақалдар мен жастарға алғыс білдіремін. Осындай игі бастамаларды ел болып жалғастыра берейік, – деді аймақ басшысы.

Мұнан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов сөз алып, көпшілікке ақ батасын беріп, табиғатты аялау – әр азаматтың парызы екенін атап өтті.

Акция барысында қатысушылар бұлақ көздерін ашып, айналасын абаттандырды. Жастардың белсенділігі ерекше көзге түсіп, олар ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарына да атсалысты.

Еріктілердің бірі Мағжан Дәкен бұл шараның жастар үшін маңызы зор екенін жеткізді.

– Бүгін біз Сұлутөр тауының бөктерінде бұлақ көздерін ашып, аумақты тазарттық. Мұндай акциялар табиғатқа деген жауапкершілікті арттырады. Аудан жастары әрдайым осындай игі істерді қолдайды және алдағы уақытта да белсенді қатысатын болады, – деді ол.

Жалпы, жыл басынан бері өңірде өткізілген экологиялық акцияларға 18 мыңнан астам адам және 850-ге жуық кәсіпорындар мен мекемелер қатысқан. Нәтижесінде 45,8 мыңнан астам жасыл желек отырғызылып, 1,8 мың шақырым көше жолдары тазаланған. Сонымен қатар 410 шақырым арық жүйелері мен каналдар ретке келтіріліп, 72,4 мың шаршы метр саябақтар мен скверлер аумағы абаттандырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 1,8 мың тоннадан астам күл-қоқыс шығарылған.
Мұндай ауқымды шаралар өңірде экологиялық мәдениеттің қалыптасуына, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті арттыруға зор үлес қосуда.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар