Жамбылда Рәміздер күніне орай бірқатар іс-шара өтті
- авторБақытжан Бекболат
- 4 маусым, 2025
- 410

Әуелі жиналған жұртшылық Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранын асқақтата орындап, көк Тудың көкте қалықтауын зор мақтанышпен тамашалады.
Жуалы ауданындағы «Жасай бер, Қазақстан» саябағында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай “Менің Туым, менің Елтаңбам, менің Әнұраным!” атты салтанатты Ту тұғырын көтеру рәсімі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шара барысында Қазақстан Республикасының Туы тұғырға көтеріліп, мемлекеттік Әнұран шырқалды. Бұл рәсімді №14 Жасөспірімдер мен спорт мектебінің шәкірттері – таэквондодан Қазақстан Республикасы чемпионатының жүлдегерлері және Сербия мен Ташкент қалаларында өткен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары Қ. Өмірбекұлы мен Қ. Тұрарұлы өткізді.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Жалғас Мұртаза қатысып, жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтады.
– Бүгін елдің елдігін, мемлекеттің мәртебесін айқындайтын, халқымыздың бірлігін білдіретін маңызды күн. Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран – Тәуелсіз Қазақстанның айшықты белгілері. Олар – еліміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың символы, – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Рәміздер күні: Түзеу мекемесінде іс-шара өтті
Айтулы мереке күні мекеме аумағында Мемлекеттік Ту көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды
Мемлекеттік Рәміздер күніне орай №58 түзеу мекемесінде Ту көтеріліп, Әнұран шырқалды
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздер күніне орай Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №58 түзеу мекемесінде салтанатты іс-шара өтті.
Айтулы мереке күні мекеме аумағында Мемлекеттік Ту көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды.
Салтанатты шараға мекеме қызметкерлері мен жазасын өтеуші азаматтар қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – отансүйгіштікке тәрбиелеу, мемлекеттік нышандарға деген құрметті арттыру және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру.
– Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тұтастығының айшықты белгісі. Туған жерге деген шынайы сүйіспеншілік пен азаматтық патриотизм ең алдымен осы рәміздерді құрметтеуден басталады. Ел Туының көтерілуі мен Әнұранның шырқалуы – әрбір азаматтың жүрегінде мақтаныш пен елжандылық сезімін оятады, – деді мекеме қызметкерлері.
Айта кетейік, мұндай патриоттық бағыттағы шаралар түзеу мекемелерінде жиі ұйымдастырылып, жазасын өтеушілер арасында тәрбие жұмыстарының маңызды құралына айналып отыр. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – ел болашағына бей-жай қарамайтын саналы азаматты тәрбиелеудің бір тетігі екені анық.
Рәміздер күніне орай түзету мекемесінде спорттық жарыс өтті
Іс-шараның басты мақсаты – сотталған азаматтардың бойында отансүйгіштік сезім мен салауатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылықты арттыру.
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №58 мекемеде 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай сотталған азаматтар арасында спорттық жарыс ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – сотталған азаматтардың бойында отансүйгіштік сезім мен салауатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылықты арттыру. Сонымен қатар, бұл шара Мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын насихаттауға, азаматтардың рухани-адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеуге бағытталған.
Жарысқа қатысушылар түрлі спорт түрлерінен – шағын футбол, қол күресі, гір тасын көтеру және арқан тарту секілді бәсекелерде өзара бақ сынасты. Әр спорт түрінде жеңімпаздар анықталып, мекеме әкімшілігі тарапынан мақтау қағаздары және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Мекеме басшылығының айтуынша, мұндай іс-шаралар сотталғандардың оң әлеуметтік ортаға бейімделуіне, ұжымда бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға үлкен септігін тигізеді.
Рәміздер күні аясында өткен спорттық жарыс азаматтар үшін мерекелік рух сыйлап, тәрбиелік мәні зор шара ретінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.