Меркі ауданында өткен жылы 2 инвестициялық жоба іске асқан
- авторМағжан Орынбасар
- 11 қазан, 2024
- 280
Меркі ауданындағы туризм саласында өткен жылы 2 инвестициялық жоба іске асқан,деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Меркінің индустриялық-инновациялық дамуы мен инженерлік инфрақұрылымның өз дәрежесінде өркендеуі – жергілікті биліктің алдына қойған басты мақсатміндеттерінің бірі болып есептеледі. Оның ішінде, мысалы, туризм саласын дамытудағы негізгі 4 бағыт бойынша, атап айтқанда, туристік бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету жұмыстары бар. Меркі ауданы бойынша Меркі-Шу-Бурылбайтал тас жолы және Алматы-Ташкент-Термез республикалық автомагистралі өтеді. Осы жол бойында кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіпұстауға арналған шығындарының бір бөлігін субсидиялау бағдарламасына қатысып, ай сайын санитариялық-гигиеналық торапты күтіп ұстауға 83 300 теңге субсидия алып отырған 4 кәсіпкер бар. (Олар: ЖК «Кенжеханов С.С.», ЖК «Абашов Абай Сатыбалдиевич», ЖШС «PetroRetail PFS» ЖШС-гі, «Автогаз Трэйд» ЖШС-гі)
Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы сервис объектілерін салу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу бағдарламасына өтінішті ЖК «Кенжеханов С.С.» берді, қазіргі таңда жұмсалған шығынның 10 пайызы өтелуі күтілуде. Ал, туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша 2023 жылы «Сандық–Ойранды» жолының құрылысы аяқталып, бүгінгі күні «Көккөл», «Сандық» және тағы сондай тау шатқалдарында орналасқан туристік нысандарға қолжетімділік артты. 2022 жылы «Бизнесті қолдау жол картасы» бағдарламасы аясында бюджет есебінен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының бойында электр тоғы тартылып, бүгінгі күнге 1 туристік нысан (жол бойындағы қонақ үй комплексі) электр қуатымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, Меркі тау шатқалдарында телефон байланысын жақсарту бағытында жұмыстар жүргізілуде және Меркі тау шатқалдарына барар жолдың бойын абаттандыру үшін бүгінгі күнге эскиздік жоба әзірленіп 4 түйінге бөлінген. Аталған 4 түйінді кезең-кезеңмен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ендігі кезекте, туризм саласына инвестиция тарту бойынша Меркі ауданында 2023 жылы туризм бағытында 2 инвестициялық жоба іске асқан болатын. Олар Т.Рысқұлов ауылдық округіне қарасты «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының бойында орналасқан. Жобалық құны 358,0 млн. теңгені құрайтын «Qazaq Oil» «D» санатындағы жанар-жағармай құю стансасы, дүкені және кафе құрылысы аяқталып, 12 жаңа жұмыс орындары ашылды. Ал, Меркі ауылдық округіне қарасты, жобалық құны 350,0 млн. теңгені құрайтын Меркі тау шатқалындағы «Aura» демалыс аймағының құрылысы жүргізіліп аяқталды, нәтижесінде 15 жаңа жұмыс орны ашылды.
Осы жылы Меркі ауданының Ойтал ауылдық округіне қарасты, жобалық құны 500,0 млн. теңгені құрайтын «Монша-сауықтыру» кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жоба 2024 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Меркі шатқалында «Continent Glamp&Spa Resort» атты жалпы құны 300 мың евроны құрайтын глампинг-эко қонақ үйін ашу жоспарлануда. Латвиялық инвесторлардың қолдауымен ИП «TEK Resort» кәсіпкері жобаны 2024-2025 жылдары аяқтауды жоспарлауда. Ауданымыздағы жарнамалық-имидждік саясатты жүзеге асыру мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарды және алдағы уакытқа жоспарларды нақтыласақ, 2023 жылы Меркі тауының «Құмбел», «Есенаман» жартастарына шығу мақсатында Қазақстан Республикасының альпинистерінің фестивалі өтті. Аталған фестивальге 50-ден аса адам қатысты. Меркі ауданының туристік әлеуетін таныстыру және туристік нысандардың танымалдығын арттыру мақсатында 2024 жылдың 12-14 шілде аралығында Жамбыл облысының 85 жылдығына орай, Меркі ауданында орналасқан тау бөктеріне 3 күндік экспедиция ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға 45 адам қатысты. 2024 жылдың 2-ші жартыжылдығында Қазақстан Республикасы альпинистерінің чемпионаты жоспарланған. Алдағы уақытта аталған бағыт бойынша іс-шаралар жоспарға сәйкес орындалатын болады.
Ал, енді қолда бар деректерге сүйеніп, туристік нысандардың жай-күйіне келсек, оның ішінде, «Меркі» қалашығын айтпай кетуге болмайды. Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан Меркі ауылы ІХ-Х ғасырлардағы араб географтарының еңбектерінде алғаш рет айтылады. Ол кезде «Мирки» деп аталды, орташа қала санатына жатқан, бекіністі және цитаделі болған. Заманауи ғалымдардың пікірінше, қала VIII ғасырда пайда болған, оның атауы парсы тілінен аударғанда «орталық» дегенді білдіреді. Меркі қирандылары төртбұрышты төбе ретінде сақталған. Оңтүстік-Батыс бөлігінде цитадель қалдықтары бар. Шахристанды цитадельден бөліп тұрған қабырға қазір үйілген топырақ қорғанға айналған. Бұрыштардағы мұнаралардың қалдықтары және цитадельге кіре берістегі 2 мұнара сақталған. Цитадель – әртүрлі пішіндегі және көлемдегі үйінділер түріндегі құрылыстардың қалдықтары бар төртбұрышты аумақ. Шахристан – биіктігі 3 метр болатын төртбұрышты төбе, оның айналасы құламалы қабырғамен қоршалған. Аспара бекінісі біздің дәуіріміздің VIII ғасырына жатады. Таң әулетінің жол кітаптарында Осу Болай деген атпен айтылады. Ибн Хордадбек пен Құдама құрастырған араб жол кітаптарында VIII ғасырға жататын мәліметтер бойынша Аспара ежелгі Мирки қонысынан 4 фарсах жерде орналасқан. 1894 жылы оны академик В.В.Бартольд ашып, сипаттаған. 1964-1965 жылдары нысанды Л.Б.Ерзакович зерттеп, құнды және ерекше жәдігер – сиырдың иық сүйегін тауып, оған Шағатай ұлысының моңғол билеушілері арасындағы күресті сипаттайтын ортағасырлық мәтін жазылғаны анықталды. 2000 жылы елді мекен Қ.М.Байпақовтың жетекшілігімен зерттеліп, ортағасырлық бекініс екені айғақталды. Бәрімізге белгілі «Сыпатай батыр» кесенесі 1840-1860 жылдарға жататын бұрынғы ескі мазардың орнына салынған. Кесене қазақ және қырғыз халықтарының саяси өмірінде маңызды рөл атқарған, Қоқан хандығына қарсы күресте халық батыры ретінде танылған Сыпатай батырдың (1781- 1861) бейітінің үстінде тұр. Жаңа кесене 1991 жылы батырдың 210 жылдығына арналып салынған.
Өңірдегі өзгерістер Меркі ауданының аумағы 7,1 мың шаршы шақырымды құрайды. Сырт көз – қонақтар ерсілі-қарсылы жүретін «Батыс Еуропа батыс Қытай» халықаралық автодәлізі де біздің ауданымызды кесіп өтеді. Тау ішіндегі Көккөл көлі ерекше табиғи объект. Теңіз деңгейінен 2800 метр биіктікте, Меркі тауында, Қырғыз жотасында, Тянь-Шаньның батыс сілемдерінде орналасқан. Оған бірде-бір өзен де, бұлақ та құймайды. Дегенмен, су деңгейі үнемі тұрақты. Зерттеушілер көл түбінде көптеген жасырын үңгірлер бар деп болжайды. Көл жер қойнауынан қоректенеді. Кейде оны «Тірі көл» деп те атайды. Кейде ұлып, күрсініп тұрады. Дыбыстар қорқынышты жаратылыстың ысқырығына, ысқырған дыбысына ұқсайды. Бұл дыбыстар суды бұрқылдап соратын шұңқырлардың әсерінен пайда болуы мүмкін деп болжануда. «Меркі 8» петроглифтері ерте темір дәуірі, орта ғасырлардағы культтік кешен. Жартастағы суреттер галереясы. Ескерткіш тас шоғырлары арқылы бейнеленген, олардың бетінде тастардың оңтүстік жазықтарында қашалған таңбалар, петроглифтер, жоңғар жазуындағы руникалық жазбалар бар. Қырғыз Алатауының баурайынан бастау алған бұл жәдігерлер жазықта шашырап жатыр. Көпшілік үшін қызықты Меркі үңгірінің кіреберісі шағын, бірақ, қабырғалары алшақ орналасқан. Сіз, тіпті, ұзындығы 200 метрден асатын үңгірмен тік тұрып жүре аласыз. Үңгір кейбір деректерге қарағанда, біздің заманымыздың V-VI ғасырларында адам әрекетінің нәтижесінде ойылған. Бұл жасанды үңгір болуы мүмкін, бұрын ол жерде кеннің қандай да бір түрі өндірілгендігі анық. Бұл ежелгі кеніш болған. Оны адам қазғанын үңгірде тармақталып жатқан түзу дәліздер дәлелдейді. Үңгір ерекше әдемі жерде орналасқан. Айналасында тау шыңдары, салқын бұлақтар, жасыл шөп.
Меркі ауданындағы тау бөктерінде «Жұлдыз» балалар сауықтыру лагері орналасқан. Аталған нысан 9,98 га. жерді алып жатыр, 1965 жылдан бері жұмыс атқаруда. Бір кезеңде 90 баланы қабылдайды. Лагерьге келу құны тегін (бюджет есебінен бір күндік құны, яғни, бес мезгілдік тамағы 2738 теңгені құрайды). Аумағы жатын корпус, спорттық және ойын алаңдары, кино залы, бассейн, асханамен және дала сахнасымен қамтамасыз етілген. Ендігі кезекте, аумақтық даму үшін маңызды саналатын демалыс аймақтарына тоқталсақ, «Туран» демалыс аймағы Меркі ауданы аумағында тау бөктерінде орналасқан. Демалыс аймағында қонақ үй, мейрамхана, бассейн, монша, бильярд және жаздық тапшандар орналасқан. Демалыс аймағының аумағында бір уақытта 250 адамға дейін демала алады. Меркі шипажайына барар жолда орналасқан. Демалыс аймағында қонақ үй, киіз үй, тамақтану орындары, ресторан, шағын футбол алаңы, жабық және ашық бассейн, фитнес залы, жаздық тапшандар мен шағын зообақ орналасқан. Демалыс аймағының аумағында бір уақытта 400 адамға дейін демалады. «Алатау Меркі» Меркі ауылдық округінде орналасқан. Аталған жерде бассейн, қонақ үй, монша, киіз үйлер мен тапшандар орналасқан. Демалыс аймағында бір уақытта 200 адамға дейін қабылдай алады.
Ұқсас жаңалықтар
Жамбылдағы түрмеде Тәуелсіздік күні іс-шаралар ұйымдастырылды
- авторМағжан Орынбасар
- 17 желтоқсан, 2024