Меркіде асарлатып салынған үйдің кілті тапсырылды
- авторjambylinfo.kz
- 30 қазан, 2020
- 416
"Асарлатып үй салу" жобасы аясында Меркі ауданы Тұрар Рысқұлов ауылдық округінде тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл азаматтарының ауызбіршілігі, ынтымағы мен татулығының арқасында ірге көтерген баспана жас отбасы Құрманғали Каримовты қуанышқа бөледі.
Жастайынан ата-ана жылуынан айырылған қос бауыр нағашыларының қолында өсіп, ержетіп, отбасын құрды. Тағдырдың талай тауқыметін кешкен бұл отбасына ауыл ақсақалдары келісе отырып, баспана салып берудің шешкен.
Ауыл жастарының, кәсіпкерлері мен жомарт жандардың демеушілігімен құрылыс материалдары сатып алынып, 7 шілде күні құрылыс жұмыстары басталып кеткен екен-ді. Осылайша, ауылдықтардың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, жұмыла, жабыла атсалысқан еңбектің нәтижесінеде Құрманғали баспаналы болды.
Қуанышты сәтті ауыл тұрғындарымен бөлісуге келген аудан әкімінің орынбасары Асхат Медетбеков, құрылыс бөлімінің басшысы Қуат Асанжанов және ауыл қариялары қатысып, салтанатты түрде үйді табыс ету мезетінің куәгері болды.
"Асарлату" дәстүрінің биылғы жылы ауданымызда бастау алғанын атап өткен меймандар ауызбіршілік таныта білген меркіліктер аудан аумағында 11 үй мен 250 орындық асхана құрылысын бастағанын тілге тиек етті.
Міне, енді жұмыла көтерген жүктің жемісі – сол баспаналар дайын болып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға берілуде. Ауыл жастарының еңбектеріне ризашылық сезімін білдірген ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, ақжаулықты әжелер шашу шашып, ақ дастарханнан дәм татты. Ауылдықтар облыс, аудан басшылығы және өз атынан айтулы істе белсенділік танытқан ауылдастарға алғысын жеткізіп, ризашылықтаны білдірді. Бұдан соң келген қонақтар үй ішін аралап, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Жобаны облыс аумағында іске асыруды тапсырған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевқа меркілік тұрғындар алғыс білдіруде.
Ляззат Құралбаева,
Суретті түсірген Еркін Жасыбаев.
Меркі ауданы.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз