сәрсенбі, 25 желтоқсан, 2024 22:45

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ниеті түзу, пейілі кең, ой-санасы тұнық адам ұзақ жасайды – атақты дәрігер Сейітхан Жошыбаев

Ниеті түзу, пейілі кең, ой-санасы тұнық адам ұзақ жасайды – атақты дәрігер Сейітхан Жошыбаев
Сурет: jambylinfo.kz
Орта Азия елдеріне танымал дәрігер 85 жасқа толды

Медицина ғылымдарының докторы, академик, Тараздағы «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының» негізін қалаған Сейітхан Жошыбаев 85 жасқа толды. Ақ халатты абзал жанның туған күніне орай облыс орталығында Халықаралық конференция өткен болатын. Ардагер дәрігер уақытының тығыздығына қарамастан jambylinfo.kz тілшісінің сұрақтарына жауап берді.   

– Сейітхан аға, 85 жасыңыз құтты болсын! Сіздің туған күніңізге арнайы ұйымдастырылып отырған екі күндік конференция өз мақсатына жетті ме?

– Көп рақмет. Иә, бұл Халықаралық конференция осымен 5-ші рет өтіп жатыр. Бұл жолы конференция «Жедел және созылмалы жүрек жетіспеушілігі» тақырыбында өтті. Конференция жұмысына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Ресей, Литвадан келген делегаттар бас қосып, осы саладағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірбие алмасты. Шақырған қонақтардың барлығы келгеніне қарағанда бәрі ойдағыдай өтіп жатқанға ұқсайды. Конференцияның алғашқы күні дәргерлерге арнап мастер-класстар өткіздік. Дәрігерлер бірігіп бірнеше күрделі ота жасады. Мысалы, жүректің қақпақшасын қолымен тікпей-ақ, тетікшені басу арқылы оны орнына қою, жүректі ашпай жасалатын оталарды атауға болады. Сондай-ақ теориялық сағат ұйымдастырылды. Мұнда түрлі медициналық орталықтан келген дәрігерлер өздері қол жеткізген жетістіктері туралы айтты.

– Аға, мен қателеспесем сіз медицина саласында жүргеніңізге 60 жылдан асты. Осы уақытқа дейін неше операция жасадыңыз? Есіңізде бар ма?

- Биыл осы салада жүргеніме тура 62 жыл толады екен. Әрине, есімде. Мен өз қолыммен жасаған отаның саны үш мыңнан асып жығылады.

– Сіздің жасыңыз 85-ке келді. Осы жасыңызда әлі де оперция жасап жүрсіз бе?

– Екі жылдан бері мүлде ота жасамаймын. Оның үстіне, мен орталықта жұмыс істейтін дәрігерлерге жүз пайыз сенемін. Күрделі оталар жасалып жатса, кабинетте отырып, сырттай бейнебақылау арқылы қарап отырамын. Ал егер дәрігерлер қиналып жатса, мені шақырады. Мен бірден ота залына кіріп, көмек көрсетіп, ақыл-кеңесімді айтамын.

–Ал өзіңіз негізін қалаған Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында жылына неше ота жасалады?

– Біздің орталықта жылына орташа есеппен 250 ота жасалады. Мұнда тек біздің Қазақстанның ғана азаматтары емес, сонымен қатар Қырғызстан, Өзбекстан тағы да басқа көрші мемлекеттерден науқастар келіп, ота жасатып жатады. Шынымды айтсам, бүгінге дейін біз орталығымызды жарнамалап көрмеппіз. Науқастар бір-бірінен естіп, бізге үлкен сеніммен келеді.

– Сіздердің орталықта оталар мемлекеттік жолдама арқылы жасала ма?

– Иә, бізде де басқа медициналық орталықтардағыдай, барлық ота жолдама (портал) арқылы жасалады. Отаның ақысын үкімет төлеп береді. Ал біз науқастарға отаны тегін жасап береміз. Бұл біздің азаматтарымыз үшін өте үлкен көмек, қамқорлық деп санаймын.

–Аға, адам ұзақ жасау үшін жүрегін қалай күтуі керек?

– Жүректі сақтаудың негізгі жолы – салауатты өмір салтын ұстану. Денсаулық -  Құдайдың бізге берген аманаты. Өкінішке қарай, біз денсаулықтың қадірін біле бермейміз. Арақ ішеміз, темекі тартамыз. Мұның бәрі тек жүрекке емес, бауырға, бүйрекке орасан зиян тигізеді. Сонымен қатар, адамның тек денесі, яғни, ағзасы ғана таза болмауы тиіс. Бұған қоса, ойы да кіршіксіз таза болуы шарт.  Атам жарықтық «балам, қолыңнан келсе, жақсылық жаса, егер қолыңнан жақсылық жасау келмесе, ешкімнің ала жібін аттама» деп құлағыма құйып отырушы еді. Шынында, ниеті түзу, пейілі кең, ой-санасы тұнық адам сау болады әрі ұзақ жасайды.

– Сіз ұзақ жылдар Қырғыз елінде, одан кейін Алматыда қызмет атқардыңыз. Араға біраз уақыт салып туған жерге оралып, тынбай еңбек еттіңіз. Қазір зейнеттесіз. Осы тағдырыңызға ризасыз ба?

– Әлбетте ризамын. Өмір мені тек жақсы адамдармен жолықтырды. Иә, ұзақ жылдар туған жерден жырақта, көп жерде жұмыс істедім. Зейнетке шыққан соң туған жеріме қызмет етейін деп 2007 жылы Тараз қаласына қоныс аудардым. Сөйтіп 2008 жылдан бастап жеке кардиохирургиялық орталық ашып, жұмыс істей бастадық.  Бастабында туа біткен жүрек ауруына шалдыққан балаларға аппарат алып, инфаркт алғандарға компьютерлік томография істететін диагностикалық орталық дайындап келіп, өткен жылы ағза ауыстыруға қадам бастық. Біраз кісілердің бүйрегін алмастырдық. Одан кейін науқастарға жасанды жүрек салдық. Тағдырыма тәубе, 12 ғылым кандидатын, 4 ғылым докторын, 3-4 PhD докторын тәрбиеледім. 12 өнертабыстың патент иесі атанып, 250 ғылыми жұмыс пен 2 монографияны жарыққа шығардым.

– Әңгімеңізге рахмет.

Индира Тәліпқызы
Автор

Индира Тәліпқызы

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар