Қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туған күніне орай Ербол Қарашөкеев қаламгерлермен кездесті
- авторjambylinfo.kz
- 30 қыркүйек, 2024
- 176
Қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туған күніне орай Ербол Қарашөкеев қаламгерлермен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Халық Жазушысы Шерхан Мұртазаның қара шаңырағының ауласында, ашық аспан астында өткен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жас қаламгерлермен еркін форматта кездесті негізделді.Тұлғаның туған күніне орай ерекше нақышта ұйымдастырылған шара барысында әсерлі өлең оқылып, әуезді әннен шашу шашылды.
Аймақ басшысы өз сөзінде Қазақ баспасөзінің баһадүрі, әдебиетінің көрнекті өкілі, шоқтығы биік бірегей тұлғасы Шерағаңның ұлт руханиятындағы асқақ болмысы, парасаттылығына айрықша тоқталып, игі шараның маңыздылығын ерекше атап өтті.
Ербол Қарашөкеев бүгінгі жамбылдық қаламгерлер мен жас ақын-жазушыларды Халық Жазушысының лайықты ізбасары, жалғасы ретінде бағалап, оларға өмірде де, өнерде де сәттілік тіледі. Шығармашыл, талантты жастарға қолдау үзілмейтінін жеткізді. Сондай-ақ облыс әкімі жыр кешіне Астана мен Алматыдан арнайы келген елімізге белгілі ақындар Ерлан Жүніс пен Олжас Сәндібекті 40 жасымен құттықтап, құрмет көрсетті.
Кездесуде жас ақындар жүрекжарды жырларын тебірене оқып, өздерінің орамды ойларын да ортаға салды.
Шерхан Мұртаза жайлы мақала жазған белгілі жазушы Елен Әлімжан оның бір кезде «айналасы жұп-жұмыр тегіс келген» әңгімелерден бастаған жазушы қазақ әдебиетіне көп томдық роман әкелген санаулы қаламгердің биігіне көтерілгенін айтады. Қызметін баспаның редакторлығынан бастап, ұзақ жылдар республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшысы, Парламент депутаты болып, қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар алып жүрді.
Шерхан Мұртазадай қайраткерлік қызметін қалдырмай жүріп, том-том романдар жазған жазушылар тым сирек. Ол – халқының басындағы аласапыран, алапат кезеңнің жауапкершілігін жіті сезініп, зіл батпан жүгін қара нардай көтеріп қана қоймай, шым-шытырық шатасқан өз заманының ой жібін шамасы жеткен жерге дейін таратып кетуге талпыныс жасады. Коммунист, редактор Шерхан партия шақыруына үн қосып жазды деген шығармаларының өзінде ой жібі шатаспаған, өткінші саясаттың жетегінде кетпеген. Тіпті заманының қаһарманын жасаймын деп жасандылыққа бармаған.
Оның өндіріс және тың тақырыбына жазылған әңгіме-повестерінің бүгінге дейін көркемдік-идеялық құндылығын жоймауының басты себебі – кеңестік өмірді, оның қаһармандарын орынсыз идеализацияламауында.
Әдебиет пен өнерде орын алған кеңестік кезеңді идеализациялау – ол кезде советтік өмір шындығын дәл көрсету, ал қолдан мінсіз еткен кейіпкерлер сол заманның қаһарманы деп бағаланды. Бірақ мұндай шығармалар жалпылдақ отынның жалыны құсап тез-ақ сөніп қалатын. Өйткені ондай туындылар кезекті партия съезінің шешімдерін ғана басты нысана етіп ұстайтын да, құбылып тұратын саясат толқыны тез-ақ көміп тастайтын. Мұны жақсы түсінген жас жазушы өз уа¬қытының тыңын жазса да, кенін жазса да, кейіпкер¬лері кезекті қаулыны емес, ата-баба рухын тірек етеді.
Жалпы жас Шерханның да, тарлан Шерханның да көлемді, күрделі шығармаларында алтын арқау болып отыратын үш желі бар. Оның біріншісі – туған жер табиғаты, екіншісі – ата-баба рухы, үшіншісі – шығарманың негізгі сюжеті, яғни кейіпкерінің басынан өтіп жатқан оқиғалар тізбегі.
Шерханның суреткерлік шеберлігінің ерекшелігі де осы үш желінің бір кейіпкердің бір сәтінде-ақ көрініс беруінде. Ол белгілі бір оқиғаны суреттегенде соның айналасындағы жаратылыс құбылыстарын қалт жібермей, табиғатын да, жануар-жәндігін де, сол ада쬬ның жай-күйін де қоса қабат қамтиды. Бір сөзбен айтқанда Шерхан баяндамайды, жазумен сурет салады. Көріністі көз алдыңа келтіреді. Оның шолақтау сөйлем¬дерінің құдіреті оған жетеді. Ал сол шымыр сөзді шолақтау сөйлемдерде ерекше бір қуат сезіліп тұрады.
Негізгі оқиғаны, оның кейіпкерінің көңіл күйін табиғат көріністерімен астастырып беру көп жазушыларда кездеседі. Мәселен, М.Әуезовтің «Абай жолында» Абай Тоғжанмен алғаш оңаша кездескенде ағаш жапырақтары арасынан ай сәулесі нұр боп құйылады. Жәнібек жайлауында пайда болған сол сәуле Абайдың алдынан кейін де үміт оты болып шығып отырады. Ол аспанды бұлт торлаған жаңбырлы іңірде Әйгерім ауылының, ал боранды түнде адасып, жаны азап шеккенде Абайға Тоғжан ауылының оты болып, өмір үмітін жағады.Бір қарағанда табиғаттың, ауылдың көріністері болғанымен, бұл кейіпкер махаббатының образды көрінісі. Ол негізгі оқиғамен қатар өрбіп, өзінше бір желі құрайды.
Шерағаң шығармаларында да мұндай символика жеткілікті. Бірақ олар жұмыр жердегі пенденің жүрегінен тартылған бір нәзік жіп жаратылыспен жымдасып жатқанын білдіреді. Адам мен ғарыштың бірлігін еске түсіреді. Мұны түйсігімен таныған кейіпкердің де, оқырманның да рухы қанаттанып, үміті жалғанады.
Оның «Табылған теңіздегі» Оралы да, «Белгісіз солдаттың баласындағы» Исатайы да, «Бұлтсыз найзағайындағы» Нариманы да тау мен даладағы ұлы еңбекті туған жердің ризығы, оны жайнату ата-баба арманы деп ұғынып, солардың аруағына әр істі бастар алдында сыйынып отырады. Нағыз шындық осы. Қаулы құдіретті емес, тәңірі құдіретті. Мыңдаған жылдық бай тарихы, тәрбиесі, ділі, діні бар елдің ұлы осылай болса керек. Коммунист жазушының коммунист, комсомол кейіпкерлерінің болмысын кезеңдік қаулы өзгерте алмаса керек. Жазушының көрегендігі, шындыққа адалдығы, ұлтжандылығы осында – жас кезінен-ақ құрыштай берік ұлттық дүниетанымында жатыр.
Рысқұлдың да, Тұрардың да арманы өздері өмірден өткен соң орындалды. Олар сол армандарының құрбандығы болды. Бірақ өлгеннен кейін із-түзсіз кетпеді. Сол армандарының жүзеге асуына аруақ болып көмектесті. Өзінен кейінгілерге рух берді. Тұрардың ұлы Ескендір концлагерьде өлді. Сталин мұндай рухы күшті адамнан еркек кіндік қалдырғысы келмеді. Бірақ ол қателесті. Өйткені қазақтарды білмейтін еді. Тұрардың, қазақ халқының тағдыры туралы онымен бірігіп Ленинге хат жазған Ахмет Байтұрсыновтың, Алашорда партиясында болғандығы үшін үйінде жұмыссыз отырғанымен, ауру Тұрарды ұзақ уақыт бағып-қаққан Жанша Досмағамбетовтің, тағы басқа арыстардың рухы бүкіл қазаққа берілді. Қазақ аруақты осылай бағалайды, сондықтан да рухы осылай көтеріледі. Шерхан Мұртаза шығармаларын оқығанда осындай қорытындыға келесің. Қазақ болғаның үшін мақтаныш сезімің бойыңды кернеп, өзің де ұлтың үшін бірдеңе істегің келіп кетеді. Оның «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», «Ноқтаға басы сыймаған» («Бауыржан батыр»), «Домалақ ана» пьесаларында да қазақ рухы осылай асқақтатылады. Айтпақшы, Шерхан Мұртаза да Тұрар Рысқұловты көрдім, ол «Қызыл жебені» жазып отырғанымда тереземнен көрінді, дейді. Осылай деп жазады жазушы.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз