сенбі, 23 қараша, 2024 4:21

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Оңтүстік айналма жолдың құрылысы қарқынды

Оңтүстік айналма жолдың құрылысы қарқынды
ашық дереккөзі
Оңтүстік айналма жолдың құрылысы қарқынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында пандемиялық ахуал салдарынан қалыптасқан тығырықтан шығудың тетіктері мен алда атқарылар қыруар жұмысты ұсынды. Солардың бірі – көлік-логистика кешенін дамыту.

Президент айтқандай «Нұрлы жол» бағдарламасының бірінші кезеңі табысты жүзеге асты. Десе де, Мемлекет басшысының «Орталық Азия өңірінде пайда болған баламалы жобалар Қазақстанның көлік әлеуетін төмендетуі мүмкін. Сол себептен «Нұрлы жол» бағдарламасының екінші кезеңі еліміздің көлік-транзит секторының жетекші рөлін бекемдеуге арналуы керек» деуі бекер емес. Сондықтан Қ.Тоқаев 2025 жылға дейін 24 мың шақырым жолды, яғни республикалық маңызы бар жолдардың бәрін қайта жөндеп, жол бойындағы қызмет көрсетумен қамтамасыз етуді алдымызда тұрған зор міндет деп бағалады. Соңғы жылдары Тараз қаласы тотыдайын таранып, көркейіп келеді. Облыс орталығын өзге аймақтармен байланыстыратын жолдар да салынып, тұрғындар үшін жайлы жағдайлар жасалынуда. Мәселен, Айша бибі көшесінің соңындағы оңтүстік айналма жолы араға ұзақ жыл салса да ел игілігіне берілді. Бүгінде ондағы көпірден ары қарай Қырғыз Республикасына төтеден шығып кететін жолдың 6,2 шақырымы аяқталып қойған. Жасыратыны жоқ, Айша бибі көшесіндегі «Арай» және «Шалғай Қарасу» тұрғын алқаптарын қосатын жол өткелінің құрылысы біраз уақыт сағызша созылып, елді көп күттірген еді. Ондағы құрылыс жұмыстары 20 жылдан бері тоқтап тұрған. Дегенмен осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, ел арасында «сақалды құрылыс» атанып кеткен көпірдің ел игілігіне берілгеніне де 2-3 жылдың көлемі болып қалды. Бүгінде ол көпірден тәулігіне мыңдаған көлік қатынап, теміржолдың екі жағына барыс-келіс оңтайланды. Дейтұрғанмен ондағы жұмыс мұнымен ғана тоқталып қалмай, бүгінгі таңда осы көпірден бастау алып, «Айша бибі» шекаралық бекеті орналасқан «Тараз – Өтмек – Қырғызстан шекарасы» автожолымен түйісетін жаңа «Тараз қаласы – Гродеково ауылы» автожолының да құрылысы басталып, қарқынды жүзеге асырылуда. Сала мамандарының айтуынша, бұл жобаның іске асырылуы өз кезегінде 100 мыңға жуық тұрғынның көліктік қатынасын қамтамасыз етумен қатар, транзиттік ауыр жүк көліктерінің қаланы оңтүстік жағынан кедергісіз және қауіпсіз айналып өту мүмкіндігіне жеткізіп, халық тұрмысының, қала экологиясының жақсаруы мен жалпы өңірдің дамуына орасан зор үлесін тигізеді екен. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, жолдың негізі құмды шағалдан тұрады екен. Оның қалыңдығы 20 сантиметр. Одан кейінгі жоғарғы қабатын 12 сантиметр болатын қара қиыршық тас құрайды. Ол битуммен араластырылады. Соңғы қабатына 7 сантиметрлік асфальтты-бетон құйылып жатыр. – Жалпы жолдың ұзындығы 16 шақырымды құрайды. Оның 1,7 шақырымы Тараз қаласының аумағымен өтеді. Қалған 14,3 шақырымы Жамбыл ауданына тиесілі. Сол арқылы «Айша бибі» кедендік бекетіне тіреледі. Құны 4 миллиард теңге болатын аталған жобаны «Айя-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске асырып жатыр. Бұл қаржының 90 пайызы республикалық, қалған 10 пайызы облыстық бюджеттен бөлінген. Құрылыстың бүгінгі қарқыны жаман емес. Егер күзгі ауа-райы жауын-шашынсыз болса, тағы бірнеше шақырым жерге асфальт төсеуді жоспарлап отырмыз, – дейді Бақытжан Оразалыұлы. Ал «Айя-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік-техникалық бөлімінің маманы Алуа Омарованың сөзінше, салынып жатқан жол сазды, шеңгелді жерден өтеді екен. Ондағы жол арнайы техниканың көмегімен қопарылып ретке келтіріліп, құбырлар орналастырылыпты. Сонымен қатар сазды жер болғандықтан су жол салуға кедергі келтіріп жатқан көрінеді. Сондықтан мердігер компания жерді ретке келтіру барысында әк қолдануда. Бұл өз кезегінде суды сорып, топырақ қабатын қатайтады. – 16 шақырым жолдың 6,2 шақырымының ені 10,5 метр болса, қалғаны 7,5 метр болады. Себебі жолдың бастапқы 6,2 шақырымында орналасқан елді мекендер көп. Одан бөлек сол елді мекендерге кіріп-шығатын 12 арнайы бұрылыс салынуда. Және 6 шақырымға дейін жаяу жүргіншілер жолы да қарастырылды, – дейді А.Омарова. Егер жоба аяқталса, Абай даңғылының төменгі жағындағы көлік қозғалысы ретке келіп, жүк көліктері осы жол арқылы қатынамақ. Ал, Қырғыз Республикасынан шығатын жүк көліктері қалаға кірмей осы жолмен айналып өтеді. Жолдың төзімділігі 13 тоннаға есептеліпті. Негізінен кәдуілгі жолдар 8 тоннаға арналған. Мұның барлығы тұрғындар үшін жасалып жатқан жағдай. Жоспар бойынша құрылыс 2021 жылы аяқталуы тиіс. Қазіргі таңда компания өздеріне тиесілі жұмысты жоспар бойынша атқарып келеді.

Шынболат Сейдуалиев
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар