сәрсенбі, 27 қараша, 2024 5:30

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Облыстың үздік ұстаздары марапатталды

Облыстың үздік ұстаздары марапатталды
ашық дереккөзі
Облыстың үздік ұстаздары марапатталды
Тəуелсіздіктің 30 жылдығына орай  «Баласағұн» орталық концерт залында «Тəуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты өңірлік ұстаздар форумы өтті. Шараға қатысушылар алдымен орталық концерт залының фойесінде әзірленген ұстаздардың қолынан шыққан ұлттық қолөнер жəне сəулеттік макеттер көрмесімен танысып, ғылыми жобаларды тамашалады. Форумға оқу орындарының, Назарбаев зияткерлік мектебі мен Тараз қалалық жəне аудандық білім мекемелерінің басшылары мен мұғалімдері қатысты. Концерттік бағдарламамен өрбіген басқосу барысында  облыс мұғалімдерінің отыз жылда жеткен жетістігі арнайы бейнероликтер арқылы көрермен назарына ұсынылды. Атап айтсақ, тəуелсіздік жылдары білім саласына ерекше көңіл бөлініп, қаржыландыру көлемі 74,4 есеге өскен. Сонымен бірге, тəуелсіздіктің алғашқы жылдары облыста 30 ғана мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істесе, бүгінгі таңда олардың саны 551-ге жетіп, 18,4 есеге артқан. Оның 416-сы балабақша, 135-і шағын орталық. Онда 56 981 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ал білім берумен 50 бастауыш, 32 негізгі, 361 орта мектеп айналысуда. Бұл білім мекемелерінде бүгінгі таңда  238713 оқушы білім алуда. 1991 жылмен салыстыратын болсақ, облысымызда жалпы білім беретін мектептер саны 37-ге өсіп, бүгінде ол 443 мектепке жеткен. Бұдан бөлек, облыстағы 26 жекеменшік мектепте 5527 бала оқуда. Оқушылардың халықаралық, дүниежүзілік, республикалық пəн олимпиадалары мен ғылыми жарыстарда жеткен жетістіктері де қуантарлық. Биыл оқушыларымыз республикалық пəн олимпиадасы мен ғылыми жобалар жарыстарында командалық есепте 12-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын жеңіп алды. Тəуелсіздік жылдары аталған білім додасында 4666 оқушы жүлделі орындарды иеленіп, жүлдегер атанған. Соның бірі Тұңғыш Президентіміз-Елбасының «Ел Үміті» бастамасының шеңберінде өткізіліп жатқан «Мың бала» олимпиадасында соңғы 2 жылда 159 оқушы жүлдегер атанса, «Елбасы» медалі жобасында 143 оқушы қола, 4 оқушы күміс медальдарды иеленген. Жалпы тəуелсіздік жылдары Қазақстан құрама командасының дүниежүзілік пəн олимпиадаларындағы медальдар саны бойынша рейтинг көрсеткішінде біздің облыс командасы республикада үштікті түйіндеп тұр. Жалпы оқушылардың жетістігі мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Осы тұрғыда оқушылардың жеткен жетістігінде ұстаздардың үлесі зор. Педагогтардың мəртебесін көтеру, біліктілігін арттыру мақсатында облыстың 2 педагогы елімізде тұңғыш берілген «Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы» атағын иелен. Бұдан басқа да мұғалімдердің түрлі халықаралық, дүние жүзілік олимпиадалар мен ғылыми байқауларда жеткен жетістіктері де назардан тыс қалмады. Қазір облыста 40 мыңға жуық педагог еңбек етуде. Олардың 23989-ы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша лауазымдық 30 пайыз қосымша үстемақы жалақысына ие болған. Осы жəне басқа да ұстаздардың  жетістіктері форум аясында ұйымдастырушылар тарапынан дайындалған бейнероликтерде көрініс тапты. Форумда ұстаздар қауымын облыс əкімі Бердібек Сапарбаев тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
-        Дүниедеге ең мəртебелі, абыройлы мамандық, ол – мұғалім. Елбасы айтқандай, еліміздің болашағы жастардың қолында. Жастарға білім, жақсы тәрбие беретін ұстаздар. Сіздер тәрбиелеген жастар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде экономикамыздың тұрақтануына, ғылымымыздың дамуына, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің артуына, ауыл шаруашылығы мен өндірістің дамуына өз үлестерін қосуда. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің  болашағы сіздер тəрбиелеген тəрбиелі, білімді азаматтар арқылы дамып, өркендей бермек. Шынын айту керек, адамды адам ететіп тəрбиелейтін ол – ұстаз. Жалпы педагогтарға кейінгі жылдары жасалып жатқан қолдау баршылық. Алғаш рет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагог мəртебесін анықтап берді, - деді аймақ басшысы.
Осыдан кейін облыс əкімі облысымызда тұңғыш рет педагогтардың əлуметтік мəртебесін көтеру мақсатында  ел тəуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Жамбыл облысының білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін» деген медаль мен 875100 теңге мөлшеріндегі сыйақыны облыстың үздік деп танылған ұстаздарына тапсырды. Бұл құрметке Тараз қаласындағы №9 бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Сайра Мұқанова, Жібек жолы мектеп-лицейінің физика пәнінің мұғалімі Баян Жанкиева (Шу ауданы), Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның география пәнінің мұғалімі Рауан Ошақбаев, М.Төлебаев атындағы Балалар өнер мектебінің қосымша білім беру педагогы Сəуле Маманова (Жамбыл ауданы) мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Мейрамкүл Мамырова ие болды. Форум аясында жас ұстаздар облыс ұстаздарының Үндеуін жолдады.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар