Қордай ауданында экологиялық мәдениет нығайып келеді
- авторБақытжан Бекболат
- 31 шілде, 2025
- 611
Қордай ауданында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында кең ауқымды экологиялық шаралар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
2025 жылдың 20 шілдесінен бастап аталған акция аясында аудан аумағындағы тазалық шараларына бақылау жүргізу мақсатында арнайы бастамашыл топ құрылған. Оның құрамына аудан басшылығы, жергілікті полиция қызметінің өкілдері мен қоғам белсенділері енді. Олар 10 күндік рейдтік іс-шараларды ұйымдастырып, аудан көлемінде тазалық пен тәртіпке қатысты мәселелерге жан-жақты назар аударуда.

Бұл игі іске аудан кәсіпкерлері де белсенді үлес қосуда. Аудан әкімі Бегзат Болатбековтің ұсынысымен бірқатар кәсіп иелері өз нысандарының маңайын абаттандырып, санитарлық жағдайды жақсарту бағытында нақты жұмыстар атқаруда. Кәсіпкерлердің жеке қаражаты есебінен сауда нысандарының сыртқы келбеті жаңартылып, қасбеттері жөнделді. Тротуарлар мен аулалар асфальтталып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде оннан астам кәсіпкер бастамаға үн қосып, өңірдегі тазалық мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосуда. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.

Экологиялық қауіпсіздік шараларының бірі ретінде ауданда биотермиялық шұңқырлар салу жобасы қолға алынып отыр. Қазіргі таңда Қордай, Сортөбе, Ауқатты және Ноғайбай ауылдарында құрылыс жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жоба аясында жалпы жеті ауыл қамтылады.
Жыл басынан бері аудан аумағында 5000 түп ағаш отырғызылып, 200 шаршы метр көгал егілген. Сонымен қатар, 20 шақырым арық пен каналдар тазартылып, 1900 тонна күл-қоқыс сыртқа шығарылған. Осы кезеңде ұйымдастырылған 9 сенбілікке жалпы саны 8550 адам қатысқан.
Наурыз–сәуір айларында «Taza Like» бағдарламасы аясында «Болашақты бірге отырғызамыз», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Таза жағалау», «Жасыл қала», «Жасыл аула», «Таза аула – таза қала/аудан», «Жаңару күні», «Түлектердің ағашы» секілді ауқымды экологиялық шаралар ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралар барысында 6500 түп ағаш отырғызылып, 25 шақырым арық пен каналдар тазаланды. 2500 тонна қалдық сыртқа шығарылып, бұл жұмыстарға 12 300 тұрғын белсене қатысты.
«Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін 20 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда соның 12 мыңы отырғызылып үлгерілді. Ағаштарды суару және оларды қорғау шаралары демеушілердің қолдауымен жүзеге асуда.
Сондай-ақ, тұрғындармен тиімді байланыс орнату мақсатында Telegram-бот іске қосылып, соның көмегімен 21 өтінім қабылданып, барлығы уақтылы орындалды.
Аталған жұмыстардың барлығы Қордай ауданындағы экологиялық жағдайды жақсартуға, сонымен қатар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бұл бастамалар өңірде қоршаған ортаға деген жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып, тұрақты экологиялық даму жолын айқындауда.
Ауылдағы балалар да сапалы білім алуға лайық
Ұқсас жаңалықтар
Президент Жолдауы: Облыс әкімдігінде жиын өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 4 желтоқсан, 2025






