«Патриоттық әндер мен қайым айтыс». Таразда «Тәуелсіздік тұғырым» атты әдеби-сазды кеш өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 9 желтоқсан, 2024
- 328
Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік тұғырым» атты әдеби-сазды кеш өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл іс-шараны орталықтың үйірме қатысушылары ұйымдастырып, көрермендерге әсерлі әдеби шығармалар, патриоттық әндер мен «Қайым айтыс» түрін ұсынды.
Кешті мәдениет саласының үздігі, «Еңбек ардагері» медалінің иегері Ербол Қамбатыров ашып, тәуелсіздік тарихына қысқаша тоқталып, көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Одан әрі шараны 3-сынып оқушысы, кішкентай үйірме қатысушысы Сұлтанхан Айша жалғастырып, патриоттық баяндама жатқа оқыды. Оның жалғасында Сұлтанхан Даниял мен Алишев Мансұрдың айтысы көрермендерді тәнті етті.
Кештің шырайын Інжу Жаңабай мен Қамбар Жанерке орындаған «Желтоқсан желі» және «Балапан қаз» әндері аша түсті. Соңында Інжу Жаңабай мен Жамалбек Мирастың әсерлі айтысы көрермендердің көңілінен шығып, әдеби-сазды кешті жоғары деңгейде қорытындылады.
Іс-шара барысында тәуелсіздіктің маңызын насихаттайтын өлеңдер оқылып, қазақ халқының бай тарихы мен мәдениеті дәріптелді. Қонақтар рухани байып, кеш көрермендердің жүрегінде терең әсер қалдырды