Әр студент мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы керек - Жамбыл облысының прокуроры
- авторМағжан Орынбасар
- 10 ақпан, 2025
- 295

Жамбыл облысында Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Сәтті мансапқа жол» жобасы жүзеге асырылуда. Жамбыл политехникалық колледжінде аталған жоба аясында мекемеаралық мәжіліс отырысы өтті,- деп хабарлайды Jambylinfo. kz
Жиынға облыс, қала прокуроры, білім басқармасының басшысы, қала әкімінің орынбасары, қаладағы ірі кәсіпорындардың басшылығы, колледж директорлары және студенттер қатысты.
Отырыста баяндама жасаған қала әкімінің орынбасары жастарды жұмыспен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
- Өткен жылы “Мансап” орталығына жүгінген 5 757 жас тұрақты және жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде 4 079 жас тұрақты жұмыспен қамтылса, 1 678 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Ол дегеніміз - жастар тәжірибесі, ақылы қоғамдық жұмыс және жаңадан ашылған жұмыс орындары. 2024 жылы жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында 21 453 жұмыс орны құрылып, Тараз қаласына берілген индикатор 101,1 пайызға орындалды,- деді Ұлана Сламбекова.
Сонымен қатар, жиында бірқатар мекеме басшылары мен колледж директоры тақырып аясында баяндама жасады. Көтерілген мәселе аз емес. Уәкілетті органдардың дерегінше, былтыр қала колледждерінің 1629 студенті техникалық білім алып шыққан. Бірақ, олардың 793-і ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Өйткені, «Мансап орталығы» еңбек мобильді орталығында жарияланған техникалық мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары көп жағдайда түлектердің мамандығына сәйкес келмейді. Осыған байланысты Тараз қаласының прокуратурасы жас техникалық мамандарын қорғау жобасы аясында түлектерді өз мамандықтарына сәйкес ірі өндірістік кәсіпорындарға бағыттау практикасын әзірлеген.
Сарапшылардың сөзінше, көптеген жұмыс беруші жас мамандармен еңбек шартын жасасуға құлықсыз. Осылайша жұмысшылардың еңбек құқықтары бұзылып, еңбек қауіпсіздігі сақталмауда. Облыс прокуроры осы мәселені мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру арқылы шешуді ұсынды.
Нұрғалым Әбдіровтың сөзінше, аймақтағы жастар арасында жұмыссыздықтың салдарынан қылмыс көрсеткіші де өскен. Мысалы, былтыр меншікке қарсы қылмыс саны 75 пайызға артқан. Осы бағытта жасалған 92 қылмыстың 53-ін колледждердің жұмыссыз түлектері жасаған.
- Бұл дегеніміз – жалпы мемлекеттік органдардың еңбек құқығын қорғау бағытында алатын жауапкершілігінің аздығын көрсетеді. Тағы бір айта кететіні, студенттердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасу жағдайларын зерделей келе білім алушылардың әлеуметтік міндетті төлемдері жүргізілмегені анықталды. Яғни, колледж студенттерінің жұмысқа орналасу жағдайлары күмән тудырады. Көріп отырғанымыздай, орта кәсіптік оқу орындарында жастардың тиісті мамандығы бойынша жұмысқа орналасу деңгейі төмен. Сондықтан осы жұмыстар бойынша талап күшейеді,- деді Жамбыл облысының прокуроры.
Ұқсас жаңалықтар
Облыстық кикбоксинг федерациясының президенті тағайындалды
- авторМағжан Орынбасар
- 20 наурыз, 2025
Таразда "Жаңару" күні 140 дана ағаш көшеті отырғызылды
- авторМағжан Орынбасар
- 19 наурыз, 2025