Жамбыл жаңалықтар
Әрбір ауылдық округтің жер картасы болуы тиіс – Б. Сапарбаев
- авторjambylinfo.kz
- 6 сәуір, 2022
- 176
Әрбір ауылдық округтің жер картасы болуы тиіс – Б. Сапарбаев
Жамбыл облысында жайылым тапшылығы қалай шешілуде? Бұл бойынша облыс әкімінің бұған дейін берген тапсырмалары ойдағыдай орындалып жатыр ма? Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте осы және өзге де мәселелер жан-жақты айтылды.
- Біз жерді мақсатты пайдаланудың маңыздылығын үнемі айтамыз, тапсырма береміз, бірақ орындалмайды. Ол бойынша тиісті басқармалар жұмысты аяғына дейін жүргізбейді, бақылау жасамайды. Әрбір ауылдық округтің жер картасын жасау керек. Округте қанша жайылым, қанша егістік алқап бар? Олардың пайдалану деңгейі қандай? Сол ауылдағы аулалар мен шаруашылықтарда қанша бас мал бар? Соған сәйкес жерлерді де есептеп, жетіспеушілікті анықтап, бөліністі реттеу қажет. Осының бәрі жер картасында көрсетілуі тиіс. Сонда ғана тұрғындарға түсінікті тілде ақпарат бере аламыз. Үй іргесіндегі жерлерді де есепке алу қажет. Бұл ақпараттардың барлығын электрондық базаға да енгізіңіздер,-деді Б. Сапарбаев.Жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов баяндама жасап, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Ол елді мекендерге бекітілген жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін жою үшін ауылдық округтерге қосымша 227 мың гектардан астам жайылымдық жерлер бекітіліп берілгенін жеткізді.
- Жайылымдарды пайдалануды реттеу мақсатында прокуратура органдарымен бірлесіп, зерделеу жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде 683,6 мың га жайылым жерлер жетіспейтіні анықталды. Жайылым жерлердің жетіспеушілігі бүгінде мал басының негізінен тұрғындардың меншігінде болуына байланысты ауылдық округтерге бекітіліп берілген жерлер көлемінің аздығынан туындап отырғанын айту керек, -деді Б. Көпбосынов.Басқарма басшысы осыған байланысты жайылымдарды пайдалануды реттеу шаралары бес бағыт бойынша жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Бірінші бағыт – бос жер қорындағы жайылымдарды экономикалық айналымға қосу жұмыстарын жүргізу болса, екінші бағыт – елді мекендерге жақын 5 шақырымдық радиуста орналасқан жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жолымен ауылдық округтер теңгеріміне беру. Қазіргі дейін 200 мың гектарға жуық жердің 13,6 мың гектары қайтарылып, 145,9 мың гектарды иеленіп отырған жер пайдаланушыларға ескерту жолданған. Ал, үшінші бағыт бойынша орман қорындағы 106,1 мың гектар жайылымдықтар мен шабындықтар 158 жер пайдаланушыға жалға берілді. Төртінші бағытқа сәйкес 2071 агроқұрылыммен меморандум жасасу арқылы өнім жиналып алынған соң 490 мың гектарға жуық жерге мал жаюға рұқсат берілді. Сондай-ақ, бесінші бағыт – игерусіз жатқан жайылым жерлерді мемлекет иелігіне қайтару шараларын жүргізу. Қазіргі кезде игерусіз жатқан 252,3 мың гектар жайылым жер анықталып, оның 106,3 мың гектары мемлекетке қайтарылған. Барлық бағыттар бойынша жұмыстар жалғасуда. Келесі кезекте сөз алған, цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Нокрабеков бүгінгі күні орталық мемлекеттік органдардың бағалауына сәйкес, өңірлік геоақпараттық жүйесінің дайындығы 100 пайызды құрайтындығын айтты. Онда e-jambyl.kz домендік атаумен платформа қалыптастырылып, жергілікті атқарушы органдардың геопорталдарына қойылатын бірыңғай талаптарға сай барлық базалық гис-қабаттар енгізілді, яғни, тұрғындар үшін геопорталдың ашық картасына 160 және қызмет бабында пайдалану үшін геопорталдың электрондық кезекші картасына 367 картографиялық деректер әзірленген.
- Халыққа егін егіп, мал басын көбейтіп өз-өздерін ет, сүт, айранмен, көкөніспен қамтамасыз ету керектігін жиі айтамыз. Ал олар төрт түлігін жаятын жер таппай жүр. Біз тұрғындарға артық малдарын ауылдың сыртына барып жаю қажеттігін түсіндіріп айту керекпіз. Ол үшін жер картасын дұрыс әзірлеп, ауылдықтардың назарына ұсыныңыздар. Игерусіз жатқан жерлерді анықтау, мемлекетке қайтару мәселесі іс жүзінде әлі нақты нәтиже бермей отыр. Жұмысты күшейту керек. Бұл мәселе егістік алқатарға да қатысты. Шынында, әр отбасы үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдаланып көкөніспен және мал өнімдерімен қамту қажет. Ол бойынша тиісті басқармалар, аудан, ауылдық әкімдіктер жан-жақты ұйымдастыру шараларын қабылдауы тиіс. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы да тұрақты, қатаң түрде бақылауда болуы керек, - деп атап өтті облыс әкімі.Жиын барысында аймақ басшысы жұмысы сылбыр аудан әкімдерінен жауаптар алып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы қаралды. Ол бойынша облыс әкімі аппаратының басшысы Расул Медетов баяндама жасады.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл жаңалықтар
Таразда балабақшалардың бірлескен семинары өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 22 қараша, 2024